GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Комитет туралы
Байланыс ақпарат
Құжаттар
Қызметі
Баспасөз орталығы
Все материалы
Ғылым
Цифрландыру
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
20 октября 2026
Қазақстанда педагог-психологтарға арналған алғашқы «AI-Психология» басылымы таныстырылды

Қазақстанда педагог-психологтарға арналған алғашқы «AI-Психология» басылымы таныстырылды

Цифрландыру және жасанды интеллект жылы аясында М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан университетінде педагог-психологтарға арналған «AI-Психология» мамандандырылған электрондық басылымы мен газетінің таныстырылымы өтті. Жоба мамандардың кәсіби дамуына қолдау көрсетуге, заманауи ақпараттық-әдістемелік материалдардың қолжетімділігін арттыруға және жасанды интеллект мүмкіндіктерін кәсіби қызметте тиімді пайдалануға бағытталған.

Педагог-психологтардың қызметінде балалар мен жасөспірімдердің психологиялық саулығын сақтау, буллингтің алдын алу, ерекше білім беру қажеттіліктері бар білім алушыларды психологиялық-педагогикалық қолдау, сондай-ақ ата-аналармен және педагогикалық ұжымдармен өзара іс-қимыл жасау маңызды орын алады. Бұл бағыттар мамандардан кәсіби білімдерін үнемі жетілдіруді, заманауи әдістемелерді меңгеруді және озық тәжірибелермен алмасуды талап етеді.

Басылымның таныстырылымы «Цифрландыру және жасанды интеллект жағдайындағы білім беруді дамытудың өзекті ғылыми-практикалық аспектілері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция аясында өтті. Конференцияға Польша, Сербия, Ресей, Өзбекстан, Әзербайжан және Қазақстанның түрлі өңірлерінен ғылыми және білім беру ұйымдарының өкілдері қатысты.

«AI-Психология» педагог-психологтарға арналған мамандандырылған ақпараттық-әдістемелік алаң ретінде дамытылмақ. Жоба электрондық басылымды жүргізуді және тоқсан сайын тақырыптық газет шығаруды қамтиды. Онда Қазақстан Республикасының заңнамасына, кәсіби қызметті нормативтік-құқықтық реттеуге, психологиялық-педагогикалық жұмыстың әдіснамасына және білім алушыларды қолдаудың заманауи тәсілдеріне қатысты материалдар жарияланады.

Жобаның ерекшелігі – ақпараттық және әдістемелік материалдарды әзірлеу мен жүйелеу кезінде ChatGPT Edu платформасының мүмкіндіктерін пайдалану. Жасанды интеллект ақпаратты өңдеуге, практикалық ұсынымдар әзірлеуге және кәсіби мазмұндағы материалдарды дайындауға көмектеседі. Сонымен бірге жарияланымдар ақпараттың дұрыстығы, қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестігі және кәсіби стандарттарға сай болуы тұрғысынан сараптамалық тексеруден өтеді.

Электрондық басылым мен мерзімді газеттің қатар дамуы кәсіби ақпараттың қолжетімділігін арттыруға, өзекті мәселелерді жүйелі талқылауға және тиімді тәжірибелерді таратуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар жоба мамандар арасында білім мен тәжірибе алмасуды жандандырып, педагог-психологтардың кәсіби қауымдастығын нығайтуға ықпал етеді.

«AI-Психология» жобасы кәсіби білім мен практикалық тәжірибені жасанды интеллект мүмкіндіктерімен ұштастыра отырып, педагог-психологтарды ақпараттық-әдістемелік қолдаудың жаңа форматын қалыптастыруды көздейді.

Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
09 октября 2026
АҚТАУДА VIII ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТУДЕНТТІК «CASPIAN GAMES – 2026» ОЙЫНДАРЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

АҚТАУДА VIII ХАЛЫҚАРАЛЫҚ СТУДЕНТТІК «CASPIAN GAMES – 2026» ОЙЫНДАРЫ ҚОРЫТЫНДЫЛАНДЫ

2026 жылғы 5–9 қазан аралығында Ақтау қаласында Yessenov University базасында VIII халықаралық студенттік «Caspian Games – 2026» ойындары өтті. Ауқымды спорттық дода Қазақстан мен шетел мемлекеттерінің студент жастарын бір алаңға тоғыстырды.

Халықаралық спорттық іс-шара Каспий маңы елдерінің жоғары оқу орындары арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, студенттік спортты дамытуға, сондай-ақ жастар арасындағы мәдени және білім беру байланыстарын кеңейтуге бағытталды.

Жарысқа Қазақстан, Әзербайжан, Иран, Ресей және Түрікменстан университеттерінің студенттері қатысты.

«Caspian Games – 2026» ойындарының басты мақсаты – жастар арасында салауатты өмір салтын насихаттау, бұқаралық және студенттік спортты дамыту, түрлі елдердің жастары арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайту, сондай-ақ спорттық, мәдени және академиялық ықпалдастыққа қолайлы орта қалыптастыру.

«Каспий ойындарының» тарихы 2000 жылдан бастау алады. Осы уақыт ішінде Каспий маңы елдерінің университеттері мен ғылыми-зерттеу орталықтары қауымдастығының қызметі аясында ұйымдастырылатын студенттік спорт ойындары мемлекеттер арасындағы гуманитарлық байланыстарды нығайтып, ынтымақтастықты дамытуға бағытталған маңызды халықаралық дәстүрге айналды.

Бұған дейінгі VII «Каспий ойындары» универсиадасы 2024 жылы Астрахань қаласында өтті. Аталған дода Каспий маңы мемлекеттерінің студенттерін, оқытушыларын және академиялық қауымдастық өкілдерін біріктірді. Жарыстар достық, өзара құрмет және жоғары спорттық нәтижелерге ұмтылу рухында ұйымдастырылды. Қатысушылар спорттың түрлі түрлерінен бақ сынап қана қоймай, қабылдаушы елдің мәдениетімен танысып, достық және кәсіби байланыстар орнатты, бірлескен білім беру және ғылыми бастамалардың келешегін талқылады.

Осы игі дәстүрді Ақтау қаласында өткен VIII халықаралық студенттік «Caspian Games – 2026» ойындары жалғастырды. Қаланың спорт алаңдарында бас қосқан жас спортшылар жоғары дайындықтарын, командалық бірліктерін, табандылықтары мен жеңіске деген жігерлерін көрсетті.

Халықаралық студенттік ойындар жастар ынтымақтастығын дамытуда ерекше маңызға ие. Спорттық бәсекелер қатысушыларға өз қабілеттерін танытып, шеберліктерін шыңдауға мүмкіндік беріп қана қоймай, мәдениетаралық диалогты дамытуға, тәжірибе алмасуға, әділ бәсекелестік, өзара құрмет пен командалық бірлік қағидаттарын нығайтуға ықпал етеді.

Бес күнге созылған спорттық дода барысында қатысушылар спорттың 10 түрі бойынша: баскетбол, волейбол, футзал, жеңіл атлетика, жүзу, бокс, каратэ-до, самбо, шахмат және киберспорттан бақ сынады.

Ақтау қаласының спорт алаңдарында тартысты кездесулер мен қызықты бәсекелер өтіп, қатысушылар жоғары дайындықтарын, спорттық шеберліктерін, табандылықтары мен жеңіске деген жігерлерін көрсетті.

VIII халықаралық студенттік «Caspian Games – 2026» ойындарының қорытындысы бойынша жалпыкомандалық есептегі жүлделі орындар төмендегідей бөлінді:

I орын – Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университеті (Қазақстан)

II орын – Астрахань мемлекеттік техникалық университеті (Ресей)

III орын – Дағыстан мемлекеттік университеті (Ресей).

Жарыс жеңімпаздары мен жүлдегерлері жоғары спорттық нәтижелері үшін лайықты марапаттарға ие болды.

«Каспий ойындары – тек спорт пен медальдар ғана емес. Бұл, ең алдымен, елдеріміздің жастары арасындағы достық, өзара құрмет пен шынайы қарым-қатынас», – деді университет ректорының м.а. Е.Т.Нурмаганбет.

Халықаралық студенттік ойындардың өткізілуі Қазақстанның жастар бастамаларын қолдау, халықаралық білім беру байланыстарын кеңейту және спорт саласындағы ынтымақтастықты дамыту алаңы ретіндегі рөлін арттыруға ықпал етеді.

Іс-шараны ұйымдастыруда Yessenov University маңызды рөл атқарып, түрлі елдерден келген дарынды студент жастардың басын қосатын орта қалыптастырды.

Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
29 сентября 2026
«Таза Қазақстан»: ШҚТУ UI GreenMetric 2026 әлемдік рейтингінде Қазақстандағы көшбасшылығын сақтады

«Таза Қазақстан»: ШҚТУ UI GreenMetric 2026 әлемдік рейтингінде Қазақстандағы көшбасшылығын сақтады

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті UI GreenMetric World University Rankings 2026 халықаралық рейтингіндегі жоғары көрсеткіштерін тағы да растады. ШҚТУ Қазақстан жоғары оқу орындары арасында І орынды сақтап, әлемдегі үздік 150 «жасыл» университеттің қатарына енді.

2026 жылы рейтингке әлемнің 2015 университеті қатысты. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 270 жоғары оқу орнына көп. Қазақстандық ЖОО-лардың да қатысу ауқымы кеңейді: 2025 жылы рейтингте еліміздің 30 университеті болса, 2026 жылы олардың саны 41-ге жетті. ШҚТУ Қазақстандағы көшбасшылық орнын сақтап, тұрақты даму бағытындағы нәтижелерінің жүйелілігін көрсетті.

Рейтинг критерийлерін орындау көрсеткіштерінде де оң динамика байқалады. 2026 жылы университеттің жалпы нәтижесі 8462,5 балға дейін өссе, ең жоғары ықтимал көрсеткіштерді орындау үлесі 2020 жылғы 71%-дан 2026 жылы 85%-ға жетті.

Университет білім беру мен ғылым саласында жоғары нәтижелер көрсетіп отыр. «Білім беру және зерттеулер» санаты бойынша ШҚТУ екінші жыл қатарынан 100% нәтижеге қол жеткізді. Ал жаңа «Басқару» санатындағы көрсеткіш 99%-ды құрады. Бұл тұрақты даму қағидаттарының университетті басқару жүйесіне жүйелі түрде енгізіліп жатқанын көрсетеді. Сонымен қатар су ресурстарын ұтымды пайдалану және басқару бағытында да айтарлықтай оң динамика байқалды.

ШҚТУ-дың «жасыл» даму бағыты білім беру және ғылыми жобаларды, энергия тиімді инфрақұрылымды дамытуды, табиғи ресурстарды жауапты пайдалануды, экологиялық бастамаларды, сондай-ақ университеттің климаттық және энергетикалық саясатын қамтиды.

UI GreenMetric рейтингінде Қазақстан жоғары оқу орындары арасында көшбасшылықты сақтау және әлемдік топ-150 қатарына ену – ШҚТУ-дың экологиялық жауапкершілікке, инновацияларға және тұрақты даму мақсаттарына негізделген заманауи университеттік ортаны қалыптастыру бағытындағы жүйелі жұмысының нәтижесі.

Ғылым
Цифрландыру
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
28 сентября 2026
Қазақстанда CDIO бастамасының Азиялық өңірлік кездесуі алғаш рет өтіп жатыр

Қазақстанда CDIO бастамасының Азиялық өңірлік кездесуі алғаш рет өтіп жатыр

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінде CDIO дүниежүзілік бастамасының Азиялық өңірлік кездесуі – CDIO Asian Regional Meeting 2026 өтіп жатыр.

Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылып отырған халықаралық іс-шараға 15 елдің жоғары оқу орындары мен сарапшылық қауымдастығының 50-ден астам өкілі қатысты. Олардың қатарында Сингапур, Швеция, Ұлыбритания, Германия, Жапония, Үндістан, Малайзия, Вьетнам, Өзбекстан және Әзербайжанның өкілдері бар. Биылғы кездесудің негізгі тақырыбы – «Жаңа буын инженериясы: академиялық орта, индустрия және жасанды интеллектінің жаңа үштағаны».

Іс-шара аясында инженерлік білім беру бағдарламаларын жаңарту, жобалық және тәжірибеге бағдарланған оқытуды дамыту, жоғары оқу орындары мен өнеркәсіп кәсіпорындары арасындағы байланысты нығайту, сондай-ақ болашақ инженерлерді даярлауда жасанды интеллект мүмкіндіктерін тиімді пайдалану мәселелері талқыланады.

CDIO тәсілі инженерлерді өнімнің толық өмірлік циклі – идеяны қалыптастыру, жобалау, іске асыру және пайдалану кезеңдері бойынша даярлауға бағытталған. Бұл модель іргелі білім мен кәсіби дағдыларды, жобалық және командалық жұмысты, сондай-ақ нақты өндірістік міндеттерді шешу тәжірибесін өзара байланыстырады. Осы тұрғыдан алғанда халықаралық тәжірибені енгізу Қазақстандағы инженерлік білім берудің ұлттық моделін дамытуға және оның еңбек нарығының талаптарына сәйкестігін арттыруға мүмкіндік береді.

CDIO дүниежүзілік бастамасының бірлескен директоры, Турку қолданбалы ғылымдар университетінің проректоры Юха Контио инженерлік білім берудегі заманауи тәсілдер мен CDIO бастамасының даму кезеңдері туралы баяндады.

«CDIO даму барысында іргелі білімді жобалық және тәжірибелік қызметпен ұштастыратын инженерлік білім беруді жаңғыртудың халықаралық алаңына айналды. Бүгінгі басты міндеттердің бірі – жасанды интеллектіні инженерлер даярлау үдерісіне тиімді әрі жауапкершілікпен енгізу», – деді Юха Контио.

Кездесу бағдарламасына пленарлық отырыстар, сараптамалық сессиялар, дөңгелек үстелдер және практикалық семинарлар енгізілген. Қатысушылар инженерлік білім берудің ұлттық моделін жетілдіру, индустриялық серіктестермен бірлесіп білім беру бағдарламаларын әзірлеу және жасанды интеллектіні білім беру үдерісінде жауапкершілікпен қолдану мәселелерін талқылады.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті – Қазақстандағы CDIO дүниежүзілік бастамасының толыққанды мүшесі мәртебесіне ие жалғыз жоғары оқу орны. CDIO Asian Regional Meeting 2026 кездесуінің Қазақстанда алғаш рет өткізілуі отандық жоғары оқу орындарының халықаралық инженерлік білім беру қауымдастығымен байланысын кеңейтуге және заманауи инженерлік кадрларды даярлау тәжірибесін дамытуға мүмкіндік береді.

Ғылым
Цифрландыру
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
22 сентября 2026
QyzPU оқытушылары Apple технологиялары бойынша біліктілігін арттырды

QyzPU оқытушылары Apple технологиялары бойынша біліктілігін арттырды

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің аға оқытушылары, PhD доктор Жұлдыз Базаева мен Айнұр Базарбаева Apple компаниясының білім беру бағдарламасы аясында кәсіби сертификаттаудан өтіп, халықаралық сертификаттарға ие болды.

Оқытушылар iTeacher Academy – Apple Authorized Reseller ұйымдастырған арнайы оқу курсында Swift бағдарламалау тілін және мобильді қосымшалар әзірлеудің заманауи тәсілдерін меңгерді. Бағдарлама аясында педагогтерге практикалық тапсырмалар орындау, қосымшаларды әзірлеу және цифрлық құралдарды оқу үдерісінде тиімді қолдану мүмкіндіктері ұсынылды.

Сертификаттау барысында меңгерген білім мен дағдылар қазіргі таңда оқу үдерісіне енгізіліп отыр. Оқытушылар сабақ барысында студенттерге бағдарламалау үдерісін интерактивті форматта көрсетіп, нақты уақыт режимінде мобильді қосымшалардың прототиптерін әзірлеуге мүмкіндік береді.

Swift – iOS, macOS және iPadOS платформаларына арналған қосымшалар әзірлеуде кеңінен қолданылатын бағдарламалау тілдерінің бірі. Оны оқу студенттердің бағдарламалау бойынша практикалық дағдыларын жетілдіруге және мобильді қосымшалар әзірлеу бағытындағы кәсіби құзыреттерін дамытуға мүмкіндік береді.

Оқу бағдарламасының маңызды бағыттарының бірі – жасанды интеллект құралдарын бағдарламалау үдерісінде пайдалану. ЖИ ассистенті пайдаланушы сипаттаған идея негізінде бастапқы код пен қосымшаның құрылымын қалыптастыруға көмектеседі. Бұл тәсіл студенттердің бағдарламалау негіздерін тәжірибе жүзінде меңгеруіне және цифрлық өнімдерді әзірлеу дағдыларын дамытуына жағдай жасайды.

«Apple-дің халықаралық стандарттарына сай білім алып, сертификат иегері атану оқу үдерісін жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді. Қазірдің өзінде меңгерген заманауи тәсілдерді сабақ барысында студенттерге үйретіп, тәжірибеде қолданып жатырмыз. Swift бағдарламалау тілін меңгеру студенттердің мобильді қосымшалар әзірлеу бағытындағы практикалық дағдыларын жетілдіріп, IT саласындағы кәсіби мүмкіндіктерін кеңейтуге ықпал етеді», – деді аға оқытушы, PhD Жұлдыз Базаева.

Оқытушылардың халықаралық сертификаттарға ие болуы – университетте цифрлық педагогиканы дамыту, білім беру үдерісіне заманауи IT құралдарын енгізу және студенттердің практикалық құзыреттерін арттыру бағытындағы жұмыстың нәтижесі.

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
15 сентября 2026
Yessenov University-де энергетика және логистика бойынша жаңа бағдарламалар іске қосылды

Yessenov University-де энергетика және логистика бойынша жаңа бағдарламалар іске қосылды

Yessenov University-де халықаралық «AKTANTEN in Aktau» жобасы аясында «Renewable Energy Systems» (Жаңартылатын энергия жүйелері) және «Management in Logistics» (Логистикадағы менеджмент) магистратуралық білім беру бағдарламалары іске қосылды.

Салтанатты рәсім барысында жаңа бағдарламалар таныстырылып, Қазақстан мен Германия жоғары оқу орындары арасындағы академиялық ынтымақтастықты дамыту, академиялық ұтқырлықты кеңейту және бірлескен ғылыми-білім беру жобаларын іске асыру мәселелері талқыланды.

Жаңа бағдарламалар жаңартылатын энергетика және логистика салаларында халықаралық тәжірибені білім беру үдерісіне енгізуге, ғылыми және қолданбалы жобаларды дамытуға, сондай-ақ еңбек нарығының заманауи талаптарына сай мамандар даярлауға бағытталған.

Жоба Герман академиялық алмасу қызметінің (DAAD) қолдауымен жүзеге асырылды. Жобаға Technical University of Berlin, HAW Hamburg, Technical University of Darmstadt, TH Wildau, Қазақстан-Неміс университеті және Yessenov University қатысады. Бағдарламалардың ерекшелігі – білім алушылардың Германияның серіктес жоғары оқу орындарында академиялық тәжірибе жинақтап, шетелдік профессорлардың дәрістеріне қатысуы және ғылыми-зерттеу жобаларына тартылуы.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек құттықтау хатында жаңа бағдарламалардың ашылуы Қазақстан мен Германия арасындағы білім, ғылым және инновациялар салаларындағы ынтымақтастықты нығайтуға ықпал ететінін атап өтті.

«Германияның академиялық алмасу қызметінің (DAAD) қолдауымен жүзеге асырылып жатқан «AKTANTEN in Aktau» жобасы Қазақстан мен Германия арасындағы стратегиялық ынтымақтастықтың нақты нәтижелерінің бірі. Жаңартылатын энергетика және логистика бағыттарындағы жаңа магистратуралық бағдарламалар халықаралық тәжірибені білім беру үдерісіне енгізуге және заманауи еңбек нарығына қажетті мамандар даярлауға мүмкіндік береді. Бұл бастама Маңғыстау өңірінің ғана емес, еліміздің тұрақты дамуына да үлес қосады», – деді Саясат Нұрбек.

Yessenov University ректорының міндетін атқарушы Ермек Нұрмағанбеттің айтуынша, бағдарламалар аясында білім алушылар Германияның жетекші профессорларынан дәріс алып, халықаралық тәжірибе алмасуға мүмкіндік алады.

«Жоба аясында энергетика және логистика бағыттары бойынша екі жаңа білім беру бағдарламасы әзірленді. Қазіргі таңда алғашқы 29 білім алушы осы бағдарламалар бойынша білім алып жатыр. Олар Германияға барып, тәжірибе алмасып, жетекші профессорлардың дәрістеріне қатысады. Жинақтаған білімдері мен тәжірибесін елге оралғаннан кейін өңірдегі энергетика және логистика салаларын дамытуға бағыттайды деп сенеміз», – деді Ермек Нұрмағанбет.

Берлин техникалық университетінің деканы Ханс Людгер Динель жаңа бағдарламалардың Қазақстан мен Германия арасындағы білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытудағы маңызын атап өтті.

«Бүгін Қазақстанда энергетика және логистика бағыттары бойынша заманауи білім беретін екі магистратуралық бағдарламаның іске қосылуы маңызды оқиға. Алғашқы кезеңде осы бағдарламалар бойынша 29 білім алушы білім алады. Бұл бастама екі ел Президенттерінің 2023 жылы бастаған ынтымақтастығының нақты нәтижелерінің бірі», – деді Ханс Людгер Динель.

Yessenov University-де жаңа бағдарламалар ғылыми зерттеулермен және өндірістік серіктестікпен ұштастырылады. Бұл білім алушыларға заманауи технологиялар мен халықаралық тәжірибені меңгеріп, энергетика және логистика салаларындағы практикалық міндеттерді шешуге қажетті кәсіби құзыреттерді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі халықаралық академиялық ынтымақтастықты кеңейтуге және бірлескен білім беру бағдарламаларын дамытуға басымдық береді. Мұндай жобалар жоғары білім беру жүйесінің бәсекеге қабілеттілігін арттырып, академиялық ұтқырлықты кеңейтуге және адами капиталды дамытуға ықпал етеді.

Жаңа магистратуралық бағдарламалар Қазақстан мен Германия арасындағы білім, ғылым және инновациялар салаларындағы стратегиялық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосатын білікті мамандар даярлауға бағытталған.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
12 сентября 2026
QyzPU-да алғашқы Студенттік Құрылтай құрылды

QyzPU-да алғашқы Студенттік Құрылтай құрылды

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде алғашқы «QyzPU Студенттік Құрылтайы – 2026» құрылып, оның 41 мүшесі таныстырылды. Бұл бастама студенттердің ұсыныстары мен бастамаларын қолдауға, жастардың өзекті мәселелерін талқылауға және университеттің қоғамдық өміріне белсенді қатысуына мүмкіндік беретін жаңа диалог алаңын қалыптастыруға бағытталған.

Іс-шара барысында Қазақстан Республикасы Құрылтай депутаттарын сайлау науқанына белсенді қатысқан жастарды марапаттау рәсімі өтті. Жиынға Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек қатысып, белсенді жастарға арнайы марапаттарды табыстады.

Сонымен қатар «QyzPU Студенттік Құрылтайы – 2026» құрамының 41 мүшесі таныстырылып, дауыс беру қорытындысы бойынша Филология институтының 1-курс магистранты Ұлдамет Аженова Студенттік Құрылтай төрайымы болып сайланды.

Университеттің Басқарма төрағасы – ректор Бейбіткүл Кәрімова Студенттік Құрылтайдың құрылуы жастардың пікірін ескеріп, студенттік бастамаларды қолдаудың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастыратынын атап өтті.

«Студенттік Құрылтай – студенттердің пікірін тыңдап, өзекті мәселелерді ашық талқылауға және нақты бастамаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Бұл құрылым жастардың көшбасшылық қабілетін дамытуға және университеттің қоғамдық өміріне белсенді араласуына жол ашады», – деді Бейбіткүл Кәрімова.

Алматы қаласы Жастар саясаты басқармасының басшысы Азиз Қажденбек Қыздар университетінде Студенттік Құрылтайдың алғаш рет құрылуын маңызды бастама ретінде атап өтті.

«Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде Студенттік Құрылтайдың құрылуы – студенттік өзін-өзі басқаруды дамытуға бағытталған маңызды қадам. Жаңа құрам студенттердің көкейкесті мәселелерін жан-жақты қарастырып, нәтижелі жұмыс жүргізеді деп сенемін», – деді Азиз Қажденбек.

Студенттік Құрылтай құрамында білім беру және академиялық сапа, ғылым, цифрландыру, экология, мәдениет, әлеуметтік мәселелер және инклюзия, кәсіпкерлік, құқықтық сауаттылық, халықаралық ынтымақтастық бағыттары бойынша 8 комитет жұмыс істейді.

Студенттік Құрылтай өз қызметінде университеттің «Парасат мектебі» тұжырымдамасын басшылыққа алып, Қазақстан Студенттерінің Альянсы және Студенттік омбудсмен институтымен өзара ынтымақтастық орнатады.

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
07 сентября 2026
Қазақстан мен Бельгия критикалық маңызды металдар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді

Қазақстан мен Бельгия критикалық маңызды металдар саласындағы ынтымақтастықты кеңейтеді 

ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің маңызды басымдықтарының бірі – қолданбалы ғылымды, халықаралық ғылыми-зерттеу ынтымақтастығын және университеттердің экономиканың нақты секторымен өзара іс-қимылын дамыту. Бұл бағыттар Қазақстан Республикасында жоғары білім мен ғылымды дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында айқындалған.

Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және «Үлбі металлургиялық зауыты» АҚ өкілдері Бельгияға жұмыс сапары барысында критикалық маңызды металдарды өңдеудің заманауи технологияларын зерделеп, еуропалық компаниялармен бірлескен бастамалардың техникалық-экономикалық негіздемелерін әзірлеуге уағдаласты.

Қазақстандық делегация түсті, сирек және қайталама металдарды өңдеуге маманданған Hydrometal S.A. және Campine NV компанияларымен келіссөздер жүргізді. Тараптар қазақстандық шикізатты өңдеу, технологиялармен алмасу және пилоттық жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады. Ресурстарды пайдалану тиімділігін арттыруға және өндірістің қоршаған ортаға түсіретін жүктемесін азайтуға ерекше назар аударылды.

Делегация Мехелен қаласында өткен ICHS 2026 циклдік гидрометаллургия жөніндегі II халықаралық симпозиумға да қатысты. SOLVOMET аясында және Horizon Europe бағдарламасының жобалары қолдауымен ұйымдастырылған форум Еуропа, Азия және Солтүстік Американың ғылыми орталықтары мен өнеркәсіптік компанияларынан келген 200-ден астам өкілді біріктірді.

Симпозиумды қолдаған жобалардың бірі – Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті қатысатын Horizon Europe бағдарламасының TiBeRIUM жобасы. Форумда сирек жер элементтерін, литийді, кобальтты және басқа да критикалық маңызды металдарды өңдеу технологиялары таныстырылды. Негізгі назар циклдік гидрометаллургия қағидаттарын практикаға енгізуге, соның ішінде химиялық реагенттерді қайта пайдалануға, су мен энергия шығынын азайтуға және қалдықтарды барынша қысқартуға аударылды.

Сапар аясында ШҚТУ өкілдері KU Leuven ғалымдарымен университетте құрылып жатқан Сирек жер элементтері орталығын дамыту, бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу және жоғары технологиялық салалар үшін кадрлар даярлау мәселелерін талқылады.

Университеттің, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ және Үлбі металлургиялық зауытының ынтымақтастығы ғылыми әзірлемелерді өндірістің нақты міндеттерімен ұштастыруға мүмкіндік береді. Қол жеткізілген уағдаластықтар технологиялар трансферіне, Қазақстанда минералдық шикізатты терең өңдеуге және қосылған құны жоғары өнім өндіруге ықпал ететін болады.

Ғылым
Халықаралық ынтымақтастық
Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
31 августа 2026
Абай университеті жаңа оқу жылын жаңа білім беру бағдарламаларымен бастайды

Абай университеті жаңа оқу жылын жаңа білім беру бағдарламаларымен бастайды

2026-2027 оқу жылында Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде бірқатар жаңа бастама жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «Ақпараттық жүйелер және жасанды интеллект» білім беру бағдарламасы бойынша оқу мерзімі төрт жылдан үш жылға қысқартылады. Сонымен қатар университетте Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті ашылып, шетелдік «Сириус» ғылыми-технологиялық университетімен бірлескен қосдипломды білім беру бағдарламасы іске қосылады.

Оқу мерзімін қысқарту – еңбек нарығының қазіргі талаптарына сай мамандарды даярлауға бағытталған маңызды қадам. Бұл ретте IT және жасанды интеллект секілді қарқынды дамып келе жатқан салаларда білім беру бағдарламаларын икемді форматта жаңарту ерекше маңызға ие.

Осыған байланысты 2026-2027 оқу жылынан бастап Абай атындағы ҚазҰПУ-да «6B06102 – Ақпараттық жүйелер және жасанды интеллект» білім беру бағдарламасы бойынша оқу мерзімі төрт жылдан үш жылға қысқартылады. Білім алушылар үш жыл ішінде бакалавр дәрежесін алып, цифрлық технологиялар мен жасанды интеллект саласындағы кәсіби құзыреттерін қалыптастырып, еңбек нарығына ертерек шығуға мүмкіндік алады.

Университетте Ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультетінің ашылуы да цифрлық бағыттағы кадрларды даярлауды күшейтуге мүмкіндік береді. Жаңа факультет заманауи технологиялар саласында сұранысқа ие мамандарды даярлауға және білім алушылардың практикалық әрі кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталады.

Сонымен қатар жаңа оқу жылынан бастап «Сириус» ғылыми-технологиялық университетімен бірлескен «Ғылыми-техникалық білім беру көшбасшылары» магистратура бағдарламасын іске қосу жоспарланған. Бағдарлама «Педагогикалық білім» бағыты бойынша жүзеге асырылады. Бұл бастама жоғары білім беру саласындағы халықаралық ынтымақтастықты дамытуға және педагог кадрлардың кәсіби даярлығын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған.

Бұған қоса, Абай университеті ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Академиясымен бірлесіп «6B03124 – Саясаттану және ұлттық қауіпсіздік» және «6B02217 – Дінтану және ұлттық қауіпсіздік» білім беру бағдарламаларын іске асырады. Аталған бағдарламалар аясында 88 курсант білім алып, ұлттық қауіпсіздік саласында қажетті кәсіби құзыреттерді меңгереді.

Аталған бастамалар университеттің білім беру мазмұнын еңбек нарығының сұранысына бейімдеуге, цифрлық және жаңа технологиялар бағытында білікті кадрлар даярлауға, сондай-ақ халықаралық және ведомствоаралық серіктестікті кеңейтуге бағытталған.

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім
28 августа 2026
«Таза Қазақстан»: ҚазҰУ-да қайта өңделген металдан жасалған арт-нысандар орнатылды

«Таза Қазақстан»: ҚазҰУ-да қайта өңделген металдан жасалған арт-нысандар орнатылды

Мемлекет басшысының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті кампусында арнайы символдық арт-нысандар орнатылды. Жоба жастар арасында экологиялық мәдениетті орнықтыруға, табиғатты аялау санасын қалыптастыруға және университет қалашығының эстетикалық келбетін байытуға бағытталған.

Студенттер жиі жиналатын орталық аумақта орналасқан әрбір арт-композиция белгілі бір идея мен университет құндылықтарын бейнелейді.

«Экотұлпар» композициясы – университет туын көкке көтерген тұлпар үстіндегі қыз мүсіні. Ол жас ұрпақтың білімге, инновацияға және көшбасшылыққа ұмтылысын білдіреді.

«Таза әлем» глобусы қоршаған ортаны қорғаудың маңыздылығын, жаһандық экологиялық жауапкершілікті және табиғи тепе-теңдікті сақтауды бейнелейді.

«Кітаптар композициясы» ҚазҰУ-дың көпсалалы мәртебесін және университеттегі ғылыми-білім беру бағыттарының кең ауқымын көрсетеді.

Аталған арт-нысандар металл қалдықтары мен істен шыққан бөлшектерді қайта өңдеу арқылы құрастырылған. Бастама студенттерге «Таза Қазақстан» акциясының негізгі идеясын – қалдықтарды сұрыптау, қайта өңдеу және ресурстарды үнемдеу қажеттігін нақты тәжірибеде көрсетеді.

Социальные сети
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы