GOV.KZ – Мемлекеттік органдардың цифрлық ресурстарының бірыңғай платформасы

Меню
Страницы
Комитеттер
Құжаттар
Қызметі
Баспасөз орталығы
Министрлік туралы
Байланыс ақпараты
Баспасөз орталығы
Құжаттар
Байланыс ақпараты
Қызметі
Все материалы
19 октября 2026
Оқу-ағарту министрлігінің ғалымдар қоғамдастығы «Адал азамат» бағдарламасын зерттеуге әдістемелік ұсынымдар әзірлейді

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова министрлікте және ведомстволық бағынысты ұйымдардағы ғылыми қоғамдастық өкілдерімен кездесті. Кездесу ашық пікір алмасу форматында өтті.

Талқылауда «Адал азамат» бағдарламасына басымдық берілді. Қатысушылар бағдарламаның балалардың құндылықтары мен мінез-құлқына ықпалын зерттеу жөнінде пікірлерімен бөлісті. Зерттеудің әдістері мен барлық өңірлердегі білім беру ұйымдарын қамту мәселелері қарастырылды.

Сондай-ақ оқулықтардың сапасын арттыру, оларды әзірлеу, сараптау және мектепте апробациядан өткізу үдерістерін жетілдіру жолдары талқыланды.

Балалар арасындағы буллингтің алдын алу және оған дер кезінде әрекет ету мәселелері бойынша да пікір алмасу өтті. Қатысушылар педагогтер, психологтер мен ата-аналардың бірлескен жұмысын тиімді ұйымдастыру жөніндегі зерттеу ұсыныстарын ортаға салды.

Кездесу қорытындысына сәйкес Оқу-ағарту министрлігінің ғалымдар коғамдастығы талқыланған мәселелерді ғылыми зерттеу туралы ұсынымдар әзірлейді. Ұсыныстар алдағы кездесулерде талқыланып, министрліктің шешімдеріне ғылыми негіздегі әдіс-тәсілдерді қолдану мүмкіндіктері қарастырылады.

16 октября 2026
Қазақстанның Оқу-ағарту вице-министрі Түркияның Ұлттық білім министрінің орынбасарымен кездесті

Қазақстанның Оқу-ағарту вице-министрі Жайық Шарабасов Түркия Республикасының Ұлттық білім министрінің орынбасары Өмер Фарук Йелкенджимен кездесті. Кездесу білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға және кәсіби тәжірибе алмасуға арналды.

Алматыға жұмыс сапары барысында түркиялық делегация «Жігер» оқушылардың инновациялық шығармашылық және даму орталығына барып, білім беру бағдарламаларымен және балалардың шығармашылық қабілеттерін дамыту мүмкіндіктерімен танысты.

Мұқан Төлебаев атындағы №5 балалар музыка мектебінде қонақтарға оқу жағдайлары мен оқушылардың жетістіктері таныстырылды. Түркия өкілдері оқу кабинеттерін аралап, мектеп тәрбиеленушілерінің өнерін тамашалады.

П. Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжінде делегация оқу процесінің ұйымдастырылуымен және болашақ мамандарды даярлау тәсілдерімен танысты.

Сапар барысында балалар мен жастардың дарынын дамытуға, оқытудың заманауи тәсілдеріне және екі елдің білім беру ұйымдары арасында тәжірибе алмасу мүмкіндіктеріне ерекше мән берілді.

15 октября 2026
Жұлдыз Сүлейменова Қытай Елшісімен білім беру саласындағы ынтымақтастықты талқылады

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Хань Чуньлиньмен кездесті. Тараптар білім беру саласындағы екіжақты ынтымақтастықты дамыту, оқу процесін цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу және педагог кадрларды даярлау мәселелерін талқылады.

Бірлескен бастамалардың практикалық нәтижелеріне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қазақстанның 20 колледжінің өкілдері Қытайдың Ухань қаласында жасанды интеллект бағдарламалары бойынша тағылымдамадан өтті. Сонымен қатар еліміздің өңірлерінен 50 білім беру ұйымының басшысы мен педагог жасанды интеллектіні білім беру саласында қолдану бойынша біліктілігін арттырды.

Жұлдыз Сүлейменова бірлескен білім беру бастамаларын қолдағаны үшін қытай тарапына алғыс білдірді. Кездесуге қатысушылар алдағы уақытта тәжірибе алмасуды жалғастыруға, педагогтердің кәсіби құзыреттерін дамытуға және білім беру саласында жаңа бірлескен жобаларды жүзеге асыруға мүдделілік танытты.

15 октября 2026
«Balazhan» платформасы балаларға уақтылы қолдау көрсетуге мүмкіндік береді

Оқу-ағарту министрлігінің Балалардың құқықтарын қорғау комитеті 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында «Balazhan» мемлекеттік цифрлық платформасын енгізуде.

Платформаның негізгі мақсаты - ерекше назар аударуды қажет ететін балаларды ерте анықтап, оларға қажетті көмекті уақтылы ұйымдастыру.

«Balazhan» балалар мен олардың отбасылары туралы ақпарат жинауға қатысты жаңа талаптар енгізбейді. Бұған дейін педагогтер қағаз құжаттарда және әртүрлі ақпараттық жүйелерде жүргізіп келген мәліметтер енді бірыңғай цифрлық платформада жинақталады.

Бастапқы мәліметтер платформаға бір рет енгізіліп, кейін тек қажеттілігіне қарай жаңартылады. Бұл құжат айналымын азайтып, педагогтердің жұмысын жеңілдетуге және мамандар арасындағы өзара іс-қимылды жақсартуға мүмкіндік береді.

«Balazhan» Ұлттық білім беру деректер қорының модулі болып табылады. Балалардың дербес деректерінің қорғалуы заңнама талаптарына сәйкес қамтамасыз етіледі.

Жаңа жүйе қолдауды қажет ететін балаларды үздіксіз сүйемелдеуге және оларға көрсетілетін көмектің тиімділігін арттыруға бағытталған.

14 октября 2026
Оқу-ағарту министрлігі Алматы қаласындағы Республикалық физика-математика мектебіндегі жағдайға байланысты жедел шаралар қабылдап жатыр.

Мектепте Балалардың құқықтарын қорғау комитетінің, тиісті аумақтық органдардың және «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының өкілдерінен құралған мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпаратына сәйкес, ас блогында санитариялық талаптардың бұзылғаны анықталды. Шектеу шаралары енгізіліп, оқиғаның мән-жайын анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Оқу-ағарту министрлігі РФММ Директорлар кеңесі мен Басқармасына тамақтандыруды ұйымдастыруды және санитариялық талаптардың сақталуын бақылауды күшейту, сондай-ақ оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде нұсқау берді.

Оқушылардың қауіпсіздігін және білім беру процесінің үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін оқу уақытша қашықтан оқыту форматында ұйымдастырылды.

Басым міндеттер қатарында оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, құқықтарын қорғау, оқиғаның мән-жайын жан-жақты анықтау және тексеру нәтижелері бойынша қажетті шаралар қабылдау бар.

Жағдай тиісті қызметтер мен Оқу-ағарту министрлігінің бақылауында. Жұмыс Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп жүргізілуде.

13 октября 2026
Қазақстандық педагогтер Минскіде халықаралық марапаттарға ие болды

Минск қаласында өткен ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің мұғалімдері мен білім беру қызметкерлерінің IX съезінде Қазақстан делегациясының үш мүшесі «ТМД білім беру ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар қазақстандық педагогтер IV Халықаралық педагогикалық шеберлік фестивалінде екі бірінші және бір екінші орынды иеленді.

Төсбелгі иегерлері қатарында Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының бас ғылыми қызметкері Жаубай Қараев, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің академиялық қызмет жөніндегі проректоры Бану Нарбекова және Шымкент қаласындағы А.С. Пушкин атындағы №1 мектеп-гимназияның биология пәні мұғалімі Алина Соловьёва бар.

Съезге жеті мемлекеттің өкілдері қатысты. Қатысушылар білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамыту, педагогтердің кәсіби ұтқырлығын арттыру, инновацияларды енгізу және тиімді педагогикалық тәжірибелерді тарату мәселелерін талқылады.

Беларусьтің Ұлттық білім академиясында ұйымдастырылған фестивальдің бетпе-бет кезеңінде қатысушылар шеберлік сабақтарын өткізіп, кәсіби тәжірибелерімен бөлісті.

Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданындағы №1 мектеп-лицейінің педагогі Бауыржан Базарбаев бірінші орынды иеленіп, І дәрежелі дипломмен марапатталды.

«Тәрбиеші» номинациясында Ақтөбе облысының өкілі Индира Назарова бірінші орынға ие болды.

«Психолог / әлеуметтік педагог» номинациясында Павлодар облысының өкілі Римма Абигузина екінші орынды иеленді.

Марапат иелері мен жүлдегерлерді құттықтаймыз!

13 октября 2026
Жұлдыз Сүлейменова Ақмола облысының Қоянды ауылындағы мектеп педагогтерімен кездесті

Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова Ақмола облысына жұмыс сапары аясында Қоянды ауылындағы №2 жалпы білім беретін мектепке барып, педагогикалық ұжыммен кездесті.

Кездесу барысында мектеп білімін дамытудың өзекті мәселелері, оқу бағдарламалары мен оқулықтардың мазмұны, оқу процесін ұйымдастырудағы өзгерістер, сондай-ақ оларды мектеп тәжірибесінде іске асыру мәселелері талқыланды.

Шара ашық диалог форматында өтті. Педагогтер министрге өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, білім беру процесін жетілдіруге қатысты пікірлері мен ұсыныстарын ортаға салды.

Педагогикалық қауымдастықпен кері байланыс орнатуға ерекше назар аударылды. Мұғалімдермен тікелей диалог олардың тәжірибесі мен ұсыныстарын ескеруге және білім сапасын арттыру бағытындағы жұмысты жетілдіруге мүмкіндік береді.

12 октября 2026
Елордалық оқушылар мектеп бақшасында өздері өсірген өнімді жинады

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Таза Қазақстан» жалпыұлттық экологиялық акциясы қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарау мәдениетін қалыптастыруға бағытталған. Бұл құндылықтар Астана қаласындағы №100 жалпы орта білім беретін мектеп оқушыларының тәжірибесінде де көрініс тауып отыр.

Оқушылар жаз бойы мектеп бақшасында көкөніс өсіріп, оларды күтіп-баптап, өсуін бақылап отырды. Ата-аналарымен және педагогтермен бірге өз еңбектерінің нәтижесін көріп, өсірген өнімдерін жинады.

Мектеп бақшасынан қызанақ, картоп, асқабақ және бұрыш жиналды. Жиналған өнімдер мектеп асханасына тапсырылып, оқушылардың тамақтану мәзірінде пайдаланылады. Сонымен қатар мектеп аумағын абаттандыру және тазалық сақтау жұмыстары жүргізілді.

Мектеп бақшасындағы жұмыстар оқу үдерісімен де ұштастырылған. Оқушылар табиғаттағы үдерістерді тәжірибе жүзінде бақылап, өсімдіктерді күтіп-баптауды үйренеді және өз еңбегінің нақты нәтижесін көреді.

Мұндай тәжірибе балалардың экологиялық мәдениетін қалыптастырумен қатар, оларды еңбекқорлыққа, жауапкершілікке және қоршаған ортаға ұқыпты қарауға тәрбиелеуге бағытталған.

12 октября 2026
Қазақстан FIRST Global Challenge 2026 чемпионатында әлемнің үздік төрттігіне енді

Қазақстан ұлттық құрамасы Корея Республикасының Инчхон қаласында өткен FIRST Global Challenge 2026 халықаралық спорттық робототехника чемпионатында әлемдік рейтингтің үздік төрттігіне енді. Байқауға әлемнің 185 елінен командалар қатысты.

Қазақстандық оқушылар іріктеу кезеңіндегі 11 кездесудің барлығында жеңіске жетіп, плей-офф кезеңіне жолдама алды. Жарыс қорытындысы бойынша ұлттық құрама әлемдік рейтингте төртінші орынға ие болып, инженерлік дайындық пен командалық жұмыстың жоғары деңгейін көрсетті.

Қазақстан құрамасы бұған дейін төрт жыл қатарынан FIRST Global Challenge чемпионатының жеңімпазы атанған болатын. Биылғы нәтиже де отандық оқушылардың халықаралық аренадағы бәсекеге қабілеттілігін тағы бір мәрте дәлелдеді.

Ұлттық құрама сапында Алматы қаласындағы М. Ганди атындағы №92 мектеп-лицейінің 9–11-сынып оқушылары Хусейн Мақсұт, Нұртас Серік, Аспандияр Бердали және Арнур Абдулла, сондай-ақ Ы. Алтынсарин атындағы №159 гимназиясының оқушысы Ерасыл Ендібай өнер көрсетті.

Ұлттық құрама Оқу-ағарту министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы мен USTEM Foundation қоғамдық қоры бірлесіп ұйымдастырған іріктеу нәтижесінде жасақталды. Бұл жұмысқа Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Astana Hub халықаралық инновациялық кластері қатысып, Astana Motors құрамындағы OMODA & JAECOO брендтері қолдау көрсетті.

09 октября 2026
Астанада VII ASTAUFEST халықаралық гастрономиялық фестивалі өтті

Елордада VII ASTAUFEST халықаралық гастрономиялық фестивалі өтіп, оған Қазақстанның өңірлері мен шетелден 30-дан астам білім беру ұйымының 200-ден астам өкілі қатысты.

Үш күнге созылған фестивальді Астанадағы Қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжі ұйымдастырды. Халықаралық байқау студенттер мен жас мамандардың кәсіби шеберлігін шыңдауға, тәжірибе алмасуға және қоғамдық тамақтандыру саласындағы кәсіби дағдыларын дамытуға бағытталды.

Биыл фестивальде ұлттық тағамдарға ерекше назар аударылды. Қатысушылар қазақтың дәстүрлі аспаздық мұрасын заманауи гастрономиямен ұштастырып, ұлттық тағамдарды жаңа қырынан таныстырды.

Байқауға Қытай, Франция, Түркия, Кипр, Швейцария, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген 13 халықаралық сарапшы қазылық етті.

Байқау қорытындысы бойынша Гран-при иегерлері анықталды:

«Жылдың үздік аспазы – 2026» номинациясында студенттер арасында Петропавл қаласындағы Жоғары құрылыс-экономикалық колледжінің студенті Владислав Токарев жеңімпаз атанды. Командалық есепте Ресей федерациясы (Татарстан) өкілдері Артем Захватов пен Никита Данилов үздік деп танылды. Ал шеберлер арасында Өзбекстаннан келген Назира Алиматова Гран-при иеленді.

«Жылдың үздік наубайшысы – 2026» номинациясында Алматы мемлекеттік бизнес колледжінің өкілі Карина Камалова Гран-при жеңіп алды.

«Жылдың үздік кондитері – 2026» номинациясында Қырғызстан өкілі Айэлина Аликул бас жүлдеге ие болды.

Халықаралық фестиваль техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдары студенттерінің кәсіби шеберлігін арттыруға, тәжірибе алмасуға және халықаралық деңгейде өз қабілеттерін көрсетуге мүмкіндік берді.

Социальные сети
Facebook
Instagram
Youtube
Меню подвал
ҚР Президентінің жолдаулары
ҚР Президентінің сайты
ҚР Премьер-Министрінің сайты
Цифрлық трансформация тұжырымдамасы
Өмірлік жағдайлар
ҚР Мемлекеттік рәміздері
Терминдер мен қысқартулар
ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі
Экран дикторы
Жасанды интеллектті дамытудың 2024 – 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы