ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп оқушыларын, түлектерді, педагогтер мен ата-аналарды оқу жылының аяқталуымен құттықтады

ҚР Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мектеп оқушыларын, түлектерді, педагогтер мен ата-аналарды оқу жылының аяқталуымен құттықтады

Құрметті ұстаздар, оқушылар, түлектер және ата-аналар!

Сіздерді оқу жылының аяқталуымен құттықтаймын. Биыл білім беру тарихында алғаш рет оқу кезеңі 31 мамырда аяқталып отыр. Педагогтердің, оқушылардың, ата-аналардың бірлесе қолдауының арқасында біз оқу жылын табысты аяқтадық. Білім сапасын жақсарту қажеттілігінен туындаған бұл өзгерісті түсіністікпен қабылдап, шыдамдылық пен қолдау танытқан әрбір мұғалімге, оқушыға, және ата-анаға  алғыс білдіремін.

Биылғы мектеп бітіру салтанаты Балаларды қорғау күнімен тұспа-тұс келді. Бала – отбасының, қоғамның, мемлекеттің ең қымбаттысы, болашағымыздың үкілі үміті. Бұл мерекелі күн балаларымыздың балалық шағын, құқықтары мен мүдделерін қорғаудың, олардың жан-жақты дамуы үшін тең мүмкіндіктер қамтамасыз етудің маңыздылығын атап көрсетеді.

 

Қымбатты оқушылар!

Сіздер осы оқу жылында білімде, спортта, өнерде, шығармашылықта жетістіктерге қол жеткіздіңіздер. Бұл жетістік – шәкірт пен ұстаздың бірлескен еңбегінің жемісі.  Сондықтан бүгінгі жақсы лебіз бен құттықтаулар ұстаздар қауымына арналады. Әрбір баланың жеке тұлға ретінде  болашағының негізі өз мектебінде қаланады. Ағартушылық миссиясын адал атқарып келе жатқан педагогтер әрқашан әлемдегі ең құрметті маман иелері болып қала береді.

 

Құрметті түлектер!

Бүгін – 11 сыныпты бітіруші 172 мың түлек үшін өмірлерінің ең маңызды, жарқын кезеңі басталды. Бұл күн бір жағынан қуанышты, екінші жағынан мектеп бітіру емтихандары алдындағы қобалжулы сәт. Мен сіздердің әрқайсыларыңыз Ұлттық бірыңғай тестілеуден сәтті өтіп, жақсы нәтиже көрсетеді деп сенемін.

Колледждер мен кәсіптік техникум түлектері үшін де жаңа мүмкіндіктерге  жол ашылуда. Сіздер сапалы білім алып қана қоймай, өз білімдеріңіз бен біліктеріңізді тәжірибеде қолдануды үйрендіңіздер. Бүгінде Қазақстанда орта кәсіби білім беру жүйесі жаңа леппен дамуда. Оқу процесіне болашақ жұмыс берушілерді тарту арқылы кадр даярлаудың тиімділігін арттыруға қол жеткізілді

Қадірлі түлектерімізге ақ жол тілеймін. Сіздер еліміздің ұлттық дәстүрлерін, тарихи және мәдени құндылықтарын қастерлеп, оның ғасырыларға аманатталуына жауапты болатын, тәуелсіз Қазақстанның игілігі үшін еңбек ететін саналы ұрпақ болады деп сенемін.

Емтихандарды сәтті тапсыруларыңызға және барлық мақсаттарыңыздың орындалуына тілектеспін!