Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, ҚР БҒМ қызметкерлерінің 70%-ы қашықтан жұмыс істейтін форматқа көшті, арасында еңбек демалысына шыққандар да бар. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймагамбетов фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жазды.
"Бұл шешім, ең алдымен, созылмалы ауруы бар, жасы зейнеткерлікке таяған және үйінде кішкентай балалары бар әріптестерге қатысты", – деп жазды А.Аймағамбетов.
ҚР БҒМ 14 наурызда қабылдаған №108 бұйрығына сәйкес мектеп каникулы кезінде мұғалімдердің 100% және қашықтан оқыту барысында колледждер мен ЖОО-ның оқытушылары қашықтан жұмыс істеуі тиіс. Сондай-ақ қосымша білім беру, ПМПК, КППК қызметкерлеріне қатысты қосымша шешім қабылданды. Қазіргі кезеңде оларды ақы төленетін еңбек демалысына жіберу ұсынылды.
"Ата-аналар бүлдіршіндерін апармауды ұйғарған топтарда жұмыс істейтін балабақша қызметкерлеріне де ақылы еңбек демалысын беру қажет. Сонымен қатар, білім беру және ғылым саласындағы басшыларға ұйымның тыныс-тіршілігін қамтамасыз етумен айналысатын мамандардан өзге барлық қызметкерлерін ақылы еңбек демалысына жіберуге немесе қашықтан жұмыс істеу форматына ауыстыруға тапсырма бердім. Біз үшін азаматтарымыздың денсаулығын сақтауды ойлау және инфекцияның таралу тізбегін тоқтатуға күш салу маңызды. Бұл ретте өзін-өзі оқшаулауды қамтамасыз ету, қоғамдық орындарға бармау өте маңызды. #Біргеміз!", - деп атап өтті Асхат Аймагамбетов.