Жаңа оқу жылының басталуына орай Қазақстан мектептерінде «алғашқы қоңырау» соғылды. Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары мен Ақмола облысының ауылдық мектептерінде өткен жаңа оқу жылының басталуына арналған салтанатты жиындарға алғаш рет ҚР Үкіметінің мүшелері қатысты. Үкімет мүшелері мектеп оқушылары мен ата-аналарын құттықтап, оқушыларға азаматтық пен отансүйгіштікке арналған сабақтар өткізді.
Бұл күні ҚР Премьер-Министрі А.Ұ.Мамин, экологиялық ұйымдар қауымдастығыпрезидиумының төрайымы Ә.Н.Назарбаева, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі А.Қ.Аймағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі А.С.Көлгінов пен экология, геология және табиғи ресурстар министрі М.Мырзағалиев Нұр-Сұлтан қаласындағы жаңадан бой көтерген Абай Құнанбаев атындағы №87 мектеп-гимназиясында өткен салтанатты шараға қатысты.
Салтанатты жиында Абайдың 175 жылдығына орай Қазақстан Республикасының Президентіне эстафета жолдаған оқушы қыз Ләйлім Рысқали көпшілікке ұлы ақынның өлеңінен үзінді оқып берді. Бүгін Ләйлім Рысқали Абай өлеңдерін оқу эстафетасын Алматы қаласындағы Абай атындағы мектепке жолдады.
Айта кеткен жөн, бүгінгі таңда Абай Құнанбаев атындағы №87 мектеп-гимназиясына 1026 бала қабылданып отыр, оның ішінде бірінші сыныпқа - 153 бала. Мектеп құрылысы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің тапсырысы бойынша 2017 жылғы ақпан айында басталған.
Жалпы жаңа 2019-2020 оқу жылында республика бойынша орналасқан білім ордаларында 3 миллионнан астам оқушы білім алады. Мектеп табалдырығын алғаш рет аттаған бірінші сынып оқушыларының саны - 400 мыңнан астам.