34 қатысушы «WorldSkills Kazan-2019» байқауында Қазақстанның намысын қорғайды

34 қатысушы «WorldSkills Kazan-2019» байқауында Қазақстанның намысын қорғайды

2019 жылғы 22-27 тамыз аралығында Қазан қаласында (Ресей) WorldSkills International құзыреттіліктері бойынша 45-ші «WorldSkills Kazan 2019» әлем чемпионаты өтеді. Осы орайда, ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов барша қатысушылармен кездесіп, оларға сәттілік тіледі. 

63 елден 1 400-ден астам жас маман 56 құзыреттілік (мамандық) бойынша сайысқа қатысады. Чемпионатқа әлемнің әр түкпірінен келген 16-22 жас аралығындағы жас мамандар өздері таңдаған құзыреттілік бойынша медаль алу мүмкіндігі үшін күреседі. Чемпионатқа қатысушылар WorldSkills стандарттары бойынша ұлттық жарыстарда іріктеліп алынады және өз еліндегі ең мықтылар болып табылады. Оларды 1 300-ге жуық сарапшы бағалайды. Жарыс «Казань Экспо» халықаралық көрме орталығының базасында өтеді.

Қазақстаннан 34 қатысушы 31 негізгі құзыреттілік бойынша қатысады: «Ұялы робототехника», «Бизнеске арналған IT шешімдер», «Электромонтаж», «Аспаз ісі», «Мехатроника», «Инженерлік графика CAD», «Сандық бағдарламалық басқару бар станоктар айналдыру жұмыстары», «Дәнекерлеу технологиясы», «Плиткамен қаптау», «Кузовты жөндеу», «Сантехника және жылыту», «Электроника», «Веб технологиялар», «Кірпіш қалау», «Құрғақ құрылыс және сылақ жұмыстары», «Кескіндеме және сәндік жұмыстар», «Шаштараз өнері», «Сән үлгісі», «Кондитерлік бұйымдар», «Жеңіл автомобильдерді жөндеу және қызмет көрсету», «Мейрамханалық қызмет көрсету», «Тоңазытқыш және желдету жабдықтарына қызмет көрсету», «Желілік және жүйелік басқару», «Графикалық дизайн», «Көрнекі мерчендайзинг и витринистика», «Наубайхана ісі», «Қонақ үй басқару», «Жүк машиналарына техникалық қызмет көрсету», «Химиялық зертхананың технологиясы», «Баспаға шығару технологиясы», «Бетонмен жұмыс жасау технологиясы».

Чемпионаттарды өткізудегі әлемдік тәжірибені зерделеу үшін чемпионатқа баратын Қазақстан Республикасынан делегация құрылды. Делегация құрамында аймақтық техникалық және кәсіптік білім беру жүйесінің өкілдері бар.

45-ші WorldSkills кәсіби шеберлік әлем чемпионаты алаңында «WorldSkills Kazan 2019» чемпионаты аясында WorldSkills Conference-мен бірге Министрлер Саммиті өтеді.

Саммитке қозғалысқа қатысушы елдердің кәсіптік білім беру мен кадрларды дайындауға жауапты министрлері, оның ішінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі қатысады. Министрлерге ұлттық кәсіптік білім беру жүйесін дамыту үшін WorldSkills құралдарын пайдалану мәселелерін талқылау ұсынылады.