Жастар жылы – жаңа мүмкіндіктер жылы

Жастар жылы – жаңа мүмкіндіктер жылы

Бүгін Астанада «Тәуелсіздіктің ұрпақтары» атауымен Жастар жылының ашылу салтанаты өтті. Айтулы шараны Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің 1500–нан астам білім алушылары мен оқытушылары бейнеконференция жүйесі арқылы көруге мүмкіндік алды.

 

Жастар жылының ашылу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Біз аспаннан салбырап түскен жоқпыз. 1991 жылы Тәуелсіздік алсақ та, біздің үлкен әрі терең тарихымыз бар. Сол себепті сендерге «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаламды ұсындым. Ағылшындар Артур королі туралы айтады. Қытайдың 5 мың жылдық тарихы бар дейді. Біздің де тарихымыз бар. Соны жалғастырып жатқан ұрпақпыз. Жастар өз тарихын айта білуі керек. Ғұндар бар. Одан кейінгі ата-бабамыз - көне түркілер. Біз - солардың ұрпағымыз. Көне түркілер Алтай мен Қара теңіздің арасын алып отырған.  Соны білуіміз керек», - деді. Президенттің айтуынша, жастар өз тарихын мақтан тұтуы қажет. Себебі көшпелілер де әлем өркениеті мен мәдениетіне өз үлесін қосты. Ал осы көшпелілердің ұрпағы - қазіргі жастар өз елін жоғары биіктерге жеткізе алады деген нық сенім бар. «Қазақстанның болашағын жастарға сеніп тапсыруға болады деп ойлаймын. Біз текке жұмыс істеген жоқпыз. Біз дұрыс ұрпақты тәрбиелей алдық деген сенімдемін. Еліміздің болашағы үшін алаңдамаймыз. Сендер Қазақстанды дамыған 30 елдің қатарына шығара аласыздар», - деп атап көрсетті Елбасы. Айта кетейік, бүгінгі жиында Президент ауылға барған жастардың жәрдемақысын көбейтуді,  жас ғалымдардың фундаменталды және қолданбалы зерттеуіне бөлінетін гранттық қаржыландыруды жыл сайын 3 млрд теңгеге арттыруды сондай-ақ, жастардың бастамаларын қолдайтын арнайы қор құруды тапсырды.

Бүгінде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Жастар жылына арналған іс-шаралар жоспарын бекітіп, жастар ісі жөніндегі комитет, тәрбие жұмысы және жастар саясаты басқармасы, 19 жастар ұйымы мен клубтар  жоспарды жүзеге асыру бағытында белсенді жұмыс жасауды қолға алды.