
2018 ж. 1-2 қараша күндері «Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру шеңберінде ҚР Білім және ғылым министрлігінің тапсырысымен Астана қаласындағы ҚР Ұлттық музейінде «Үздік мектеп музейі» республикалық байқауы өтті.
Байқау мақсаты – музей педагогикасы құралдары арқылы өскелең ұрпақты әлеуметтендіруде және бірегейлігін қалыптастыру процесінде жаңа тәсілдемелерді іздеу.
Байқау міндеттері: музей бойынша білім беру ортасын өскелең ұрпақты шығармашылық және рухани дамудың, отансүйгіштік сезімін тәрбиелеудің базасы ретінде құру және қолдану. Сонымен қатар, білім алушылардың ізденушілік, ғылыми-зерттеушілік жұмыс дағдыларын қалыптастыру, білім берудің және тәрбиелеудің кеңістігі ретінде мектеп музейі қызметін насихаттау.
Байқауға Республикамыздың түпкір-түпкірінен іріктеліп шыққан 18 мектеп музейлері қатысып, оқушылар әділ-қазылар алқасына музейлерін таныстырды. Әділ қазылар құрамына ҚР Ұлттық музейі және ҚР Тұңғыш президенті музейінің білікті мамандары, kazmuseum.kz қоғамдық қорының басшылығы енді.
Байқау төрт номинация бойынша өтті. Олар: «Тарихи музейлер» ; «Табиғи-ғылыми музейлер»; «Кешенді өлкетану музейлері»; «Әдебиет музейлері». Әр номинация бойынша 1, 2, 3 орындар қарастырылды.
Байқауға қатысқан жұмыстар – музей жұмысын білім беру оқу-тәрбие жоспарымен үйлестіру; қордың сақталуы және толықтырылуы; білім алушының ізденушілік, зерттеу және экскурсиялық жұмысын ұйымдастыру; музей қызметіндегі инновациялық формаларын пайдалану; білім ұйымдарымен, үкіметтік емес ұйымдары және басқаларымен өзара қарым-қатынасы сияқты өлшемдерге сүйенді.
Байқау қорытындысы бойынша «Тарихи музейлер» номинациясында 1-ші орынды Қызылорда облысының Қазалы ауданы №190 орта мектебінің 11 сынып оқушысы Елубаева Гүлсезім, 2-ші орынды Астана қаласының № 60 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушылары Сайран Рада және Дәулетжанов Дәнекер, 3-ші орынды Шығыс-Қазақстан облысының Ұлан ауданы, Таврия орта мектебінің 10 сынып оқушысы Дүйсенбекова Айым иеленді.
«Кешенді өлкетану музейлер» номинациясында 1-ші орынды Қостанай қаласы физика-математикалық лицейінің 5 сынып оқушысы Зверев Валентин, 2-ші орынды Ақтөбе облысы Хромтау ауданы Нұрлыкөш ОМ 8 сынып оқушысы Доматов Ернұр, 3-ші орынды Батыс-Қазақстан облысы, Ақсай қаласының №2 жалпы орта білім беретін мектебінің 7 сынып оқушысы Пархоменко Алина иеленді.
«Әдебиет музейлері» номинациясында 1-ші орынды Жамбыл облысы Меркі ауданының Т. Қожакеев атындағы №39 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушысы Жамшыбек Аяулым, 2-ші орынды Павлодар облысы, Баянауыл ауданы, Баянауыл ауылындағы Ш. Айманов атындағы жалпы орта білім беру мектеп-интернаттың 8 сынып оқушысы Жұмат Жанқозы, 3-ші орынды Астана қаласының Ғ.Орманов атындағы №7 мектеп-гимназиясының 9 сынып оқушысы Басанова Меруерт алды.
«Табиғи-ғылыми музейлер» номинациясында 1-ші орынды Астана қаласының Ә. Марғұлан атындағы №40 орта-мектептің 8 сынып оқушысы Баймұратова Шұғыла, 2-орынды Қарағанды облысының Абай ауданы №14 мектеп-лицейі 9 сынып оқушысы Кузнецов Александр, 3-ші орынды Қарағанды қаласының №102 мектеп-гимназиясының 10 сынып оқушылары Амиров Абай мен Ертысбаев Акжол ие болды.
Аталған шара барысында ҚР Ұлттық музейінің музей педагогикасы және балалар шығармашылығы орталығының маманы Астана қаласындағы музей мен мектеп арасындағы атқарылып жатқан тәжірибесімен бөлісіп, пікір алмасу жасады. Музей мен мектеп арасындағы коммуникация потенциалы мен кездесетін түйткіл мәселелер туралы сөз қозғалды.
Қорытындылай келе, еліміз бойынша өткен додаға қатысушы мектеп музейлері тәжірибелерімен бөлісіп, өздеріне пайдалы дүниелер алып, қиыншылықтарды бірігіп шешу жолдары қарастырылды. Республикалық байқау мектеп музейлердің ары қарай дамуына түрткі болып, жаңа тәжірибемен бөлісуге мүмкіндік алды, сонымен қатар көптеген мектеп музейлерінің жұмыс жасау деңгейі мамандар тарапынан жоғары бағаға ие болды.