«Адами капитал – басты назарда»

«Адами капитал – басты назарда»

«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары  М. Әшімбаев Қызылорда облысына жұмыс сапары барысында Мемлекет басшысының Жолдауын талқылау бойынша партия активімен кездесу өткізді. 

 

Активте Қызылорда облысының әкімі Қ.Көшербаев аймағымызда атақарылып жатқан жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы тоқталып өтті.

 

Кездесуде Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің ректоры Қ.А.Бисенов Жолдауда көрсетілген міндеттер бойынша баяндама жасады.

 

Ректор Қ.А.Бисенов: Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев еліміздің басты байлығы – адам капиталын әрдайым басты назарда ұстап келеді. Биылғы Жолдауында әлемдік өркениеттің адам капиталына қойып отырған жаңа талаптарына жауап берудің басым бағыттарын атап көрсетті. Елбасымыз кез-келген сын-қатерлерге төтеп берудің кепілі ретінде адам капиталына ерекше көңіл бөлуді басты міндет етіп қойды. Сондықтан да бұл жаңа Жолдауды елдің игілігіне бағытталған тарихи құжат деп санаймыз.

 

Жолдауда айтылған барлық басымдықтарды орындап, миллиондаған қазақстандықтардың өмір сүру сапасын жақсартып, олардың бәсекеге қабілеттіліктерін көтеретін боламыз. Ал бұл – әлемнің ең дамыған 30 мемлекетінің қатарына алып баратын дара жол деп айтуға болады.

 

Бәсекеге қабілеттіліктің негізі - білімді, дені сау ұлт екенін Елбасы нақты атап көрсетті. Жолдауда айтылған алты бағыт ең өзекті және күрделі мәселелерді оңтайлы шешуге жол ашып отыр. Соның ішінде елдің табысын өсіру, тұрмыс сапасын одан әрі жақсарту, өмір сүруге жайлы орта қалыптастыру сынды жаңа міндеттер халықтың көкейінде жүрген көптеген сауалдарға берілген нақты жауап болып отыр. Әсіресе, білім беру саласына ерекше назар аударылып, оны әлемдік білім кеңістігіне енудің жаңа әрі тиімді жолдары көрсетілді. 

 

Жоғары білім беру саласы бойынша мамандар дайындаудың сапасына талаптардың күшейтілетіні атап көрсетілді. Бұдан былай оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы және жоғары жалақы алуы университеттердің бәсекеге қабілеттілігін айқындайтын басты көрсеткіші болатыны айқындалды.

 

Алдағы 5 жыл ішінде білім, ғылым, денсаулық сақтау салаларына жұмсалатын қаражат үлесі әлемдегі ең дамыған елдердің көрсеткіштеріне сәйкес деңгейге, яғни ішкі жалпы өнімнің 10 пайызына дейін жеткізілетін болады. Бұл, әсіресе,  ғылымның экономикадағы маңызын еселеп арттыруға, келешек дамуымыздың кадрлық негізі - жас ғалымдар мен білікті мамандар  дайындауға  жасалып  отырған ерекше қамқорлық.

 

Жастар – ел болашағы, мемлекет тірегі. 2019 жыл жастар жылы болып жарияланды. Сондықтан өскелең ұрпаққа қамқорлық жасау - келешекте қуатты мемлекет болуымыздың кепілі.

 

Қарқынды түрде өзгеріп жатқан қазіргі әлемде көп нәрсе педагогтарға байланысты. «Педагог мәртебесі туралы» Заңның қабылдануы бұл – әрбір педагогтің әл-ауқатына тікелей қатысы бар нағыз тарихи оқиға. Бүгінгі білім беру жүйесіндегі барлық техникалық жаңалықтар жағдайында ұстаз білім беру үрдісінің негізгі тұлғасы болып табылады.

 

Халықтың өмір сүру сапасы және әл-ауқаты «Рухани жаңғыру» бағдарламасымен тығыз сабақтастықта. Адамның әлеуметтік және рухани дамуы өмір сапасының басты көрсеткіші. Осы орайда жүзеге асырылып келе жатқан Рухани жаңғыру бағдарламасының тарихи мәні мен маңызы арта түсетін болады.

 

Соңғы жылдары аймақтың білім, ғылым саласына ерекше көңіл бөлініп, білімді жастарға қамқорлық жасалып келеді. Бәсекеге қабілетті мамандар даярлаудың сапасын арттыру, оқу орындары түлектерін жұмыспен қамту жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Оның дәлелі Мәскеудің және Санкт-Петербургтың жоғары оқу орындарын биыл бітіріп келген және облыс әкімінің білім грантымен оқып бітірген түлектер толығымен жұмысқа орналасты.

 

Жолдауда айтылған жоғары сапалы білім беруді қамтамасыз ету мақсатында жаңа қабылданған академиялық еркіндік қағидасына сәйкес, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде биылғы оқу жылынан бастап студенттердің білім алу траекториясын еркін таңдау мүмкіндігіне жағдай жасау арқылы білім бағдарламаларын жұмыс берушілермен бірлесіп жасауға қол жеткізілуде.

Қорыта айтқанда, Елбасымыз жаңа сападағы адам капиталының негізі білім мен ғылымда, саналы да тәрбиелі, парасатты ұрпақта екендігін нақты көрсетіп берді. Сондықтан Елбасы Жолдауынан туындайтын маңызды міндеттерді нәтижелі жүзеге асыру ұстаздар қауымының абыройлы борышы деп білеміз.