«ХХІ ғасыр педагогы» атты біліктілікті арттыру курсы

«ХХІ ғасыр педагогы» атты біліктілікті арттыру курсы

Ағымдағы жылдың 6 тамызынан бастап ҚР Білім және ғылым министрлігі мен «USTAZ Professional Learning Centre» ЖШС арасында жасалған шарт шеңберінде «Биология», «Химия», «Физика», «Информатика» пәндерінің мұғалімдері үшін жұмыстан қол үзіп В2 деңгейі мен пәндік курсты игеру бойынша «ХХІ ғасыр педагогы» атты біліктілікті арттыру курсы басталды, оның мақсаты ағылшын тілін В2 деңгейіне дейін меңгеру дағдыларын қалыптастыру және өз пәнін ағылшын тілінде оқыту негіздерін үйрету болып табылады. Курс «ХХІ ғасыр педагогы» атты авторлық білім беру бағдарламасы бойынша жүргізіледі.

 

«ХХІ ғасыр педагогы» білім беру бағдарламасы Қазақстан Республикасының үш тілді білім беру жүйесіне көшу шеңберінде жалпы білім беретін мектептердің «Биология», «Химия», «Физика», «Информатика» пәндері мұғалімдерінің біліктілігін арттыру курстарының білім беру процесін реттейді. Бұл бағдарлама ағылшын тілінде іске асырылады және тіл меңгеру деңгейін жетілдіру үшін және оқыту әдістемесін қолдану дағдыларын жақсарту үшін оқытудың біріктірілген тәсілін қамтамасыз етеді.

 

Курстар Атырау, Орал, Ақтөбе, Петропавл, Қостанай, Талдықорған, Шымкент, Тараз, Қызылорда, Өскемен, Павлодар қалаларында өткізіледі.

 

Жұмыстан қол үзіп өткізілетін курстар 292 академиялық сағаттан және Орындаушы есебінен күн сайын қосымша 2 сағаттық практикумнан тұрады, сондай-ақ мынадай кезеңдерді қамтиды:

 

1-кезең ағылшын тілін В2 деңгейінде оқыту (кемінде 200 академиялық сағат).

 

2-кезең пәндік курс (кемінде 72 академиялық сағат).

 

Бірінші және екінші кезеңдер аудиториялық сағаттардан ғана тұрады және оқыту процесіне толықтай беріле отырып, аптасына 5 рет, күніне 8 академиялық сағаттан өткізіледі. Оқыту прогресін әділ бағалау үшін тыңдаушылар әрбір тілдік кезең аяқталғаннан кейін емтихандар тапсырады, оның нәтижелері бойынша тыңдаушылар CEFR (Common Europen Framework of Reference) шкаласы бойынша тіл игеру деңгейі көрсетілген халықаралық үлгідегі сертификаттарды алады.

 

Пән (биология, химия, физика, информатика) мұғалімдері тілдік құзіреттілікті оқыту курсы аяқталғаннан кейін:

 

- жалпы еуропалық тілдік құзіреттілік шкаласына (CEFR) сәйкес ағылшын тілін меңгеру деңгейін В2 деңгейіне дейін арттырады;

 

- өз пәні бойынша тақырыптық терминологияны ағылшын тілінде меңгереді;

 

- оқушылардың оқу-танымдық қызығушылығын арттыратын ақпараттық-коммуникативтік технологияларды игереді;

 

- ағылшын тілін оқытуға арналған пәндік-тілдік біріктірілген оқыту (CLIL) әдістемесін пайдаланады;

- оқытудың инновациялық әдістерін игереді.