Ахмет Ясауи университетінің студенті Дидар Хамза 81 келі салмақ дәрежесінде ХVIII жазғы Азия ойындарында дзюдо ойыны бойынша жеңімпаз атанды. Бұл сүйінші хабарды Olympic.kz сайты жариялады.
Ақтық сында Дидар ирандық Саид Моллаиданмен белдескен. Өзінің қажырлы еңбегі мен дайындығының нәтижесінде қарсыласынан айласын асырып жеңімпаз атанды. Осылайша Қазақстан құрамасына Азия ойындарындағы оныншы алтын жүлдені тарту етті.
Дидар 21 жастағы жас спортшы болғанымен бүгінгі жеңісіне дейін көптеген әлемдік біріншіліктерде өзінің мықтылығын дәлелдеген спортшы.
ХVIII Азия ойындарының чемпионы болған Дидар Хамза 1997 жылы 15 ақпанда қазіргі Түркістан облысында дүниеге келген. Дзюдодан Қазақстан Ұлттық құрама командасының мүшесі, 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасына қатысушысы. Ол, Жастар арасындағы Әлем чемпионатының қола жүлдегері (2017), Еуропа кубогының жеңімпазы (2016), Азия чемпионатының күміс жүлдегері (2016), Әлемдік Гран При кезеңінің қола жүлдегері (2016)
Чемпионның жеңісіне бүкіл Қазақстандықтар, Түркістан облысы жұртшылығы, Ахмет Ясауи университетінің барша ұжымы қуануда. Өнер факультетінің «Денешынықтыру және спорт» мамандығының 4-курсында оқып жүрген батырдың алар асуы биік. Ел намысын қорғаған жеңімпазға үлкен жеңістер тілейміз!