Жазғы демалыс – тынығатын уақыт. Сонымен қатар, баланың практикалық тәжірибесін арттырып, жаңа ақпаратты шығармашылық тұрғыда қабылдап, жаңа дағдылар мен қабілеттерін қалыптастыратын кезең. Жазғы демалыс үздіксіз оқыту мен оқушыларды дамытуда өте маңызды мән-мағынаға ие.
15 тамыздағы мәлімет бойынша, Қазақстан бойынша жазғы балалар лагерьлеріне 1-10 сыныптардан жалпы саны 2 588 575 оқушы қатысқан. Жаздың соңына дейін республика бойынша 13 469 балалар лагерлері жұмыс істеп тұрды, соның ішінде мектеп жанында – 11 543, 1 697 палаталық, киіз үйлі, спорттық-туристік, 229 қала сыртындағы лагерь жұмыс істеді.
Жазғы демалыс уақытында 11 543 мектеп жанындағы лагерьлермен 1 406 589 бала қамтылды. 2 543 553 бала тұрғылықты жерінде бос уақыттарын ұйымдастыру мен демалысын қамтамасыз ету мақсатында өткізілген 62 мыңға жуық еңбек, спорттық-туристік шығармашылық, интеллектуалдық шараларға қатысты.
Жазғы демалыс кезеңі - балалар үшін қызықты таныстықтарға толы, бос уақытын пайдалы істерге жұмсайтын уақыт. Ал, сауықтыру лагерьлері мен демалыс орындары әр балаға дәл осындай мүмкіндіктер бере алады.
ҚР БҒМ баспасөз қызметі.