2018 жылдың 1 жартыжылдығында Министрлікпен 21 жоғары оқу орнында ішінара тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде білім саласындағы заңнама талаптарын бұзушылықтар анықталды: жалпыға міндетті білім беру стандарттарының бұзылуы, оқу процесін ұйымдастыру тәртібінің сақталмауы, лицензиялық талаптарға сәйкессіздіктер.
Жоғары оқу орындарының білім беру қызметін бұзушылықтармен жүргізуі білім беру қызметінің сапасының және еліміздің зияткерлік әлеуетінің төмендеуіне себеп болатын жағымсыз салдарға әкеп соғуы мүмкін.
Сәйкесінше, білім саласындағы заңнама талаптарының бұзылуын болдырмау, анықтау және алдын алу мақсатында Министрлік тарапынан жоғары оқу орындарына кемшіліктерді жою туралы нұсқамалар берілді, әкімшілік айыппұлдар салынды, сондай-ақ лицензияның қолданылуы 6 ай мерзімге дейін уақытша тоқтатылды.
2018 жылғы 1 жартыжылдықта жүргізілген бақылау шараларының қорытындысында 6 жоғары оқу орны магистратура мамандықтары бойынша 17 лицензияға қосымшаны кері қайтарды.
Бұл орайда, оқу жылын аяқтау қажеттілігі және білім алушылардың заңды мүдделеріне кері әсерін тигізетін шиеленісті жағдайларды болдырмау үшін Министрлік құқық бұзушы жоғары оқу орындарына қатысты қатаң санкцияларды қолданбай, ескерту сипатындағы шщаралармен шектелді.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысының 2018 жылғы 30 мамырда Қазақстан Республикасы Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында берген тапсырмасын («Білім сапасын көтеру, жоғары оқу орындарына қойылатын талаптарды күшейтуге бағытталған шараларды жүзеге асыру») орындау мақсатында, ағымдағы кезеңде Министрлік жоғары оқу орындарының қызметіне қойылатын талаптарды нақтылауда. Атап айтқанда, біліктілік талаптарына, мемлекеттік білім беру стандартына және жоғары оқу орны қызметінің үлгілік қағидаларына толықтырулар енгізілуде.
Алдағы уақытта білім беру қызметінің сапасын бағалаудың негізгі өлшемшарттарының бірі ретінде жоғары оқу орнын бітірген түлектерге еңбек нарығындағы сұраныс деңгейі есептелетін болады. Білім беру бағдарламаларының сапасын кәсіби қауымдастықтардың бағалауы, соның ішінде «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының жүргізетін рейтинг қорытындысында төмен көрсеткіштер анықталған жағдайда, жоғары оқу орнына қатысты Министрлік шектеу сипатындағы шараларды қабылдайтын болады. Соның ішінде, мамандық даярлау бағыты бойынша лицензияға қосымшаны қайтарып алу межеленіп отыр.