ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың мембағдарламасы: 2018 жылдың І жарты жылдығындағы жұмыс қорытындысы

ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың мембағдарламасы: 2018 жылдың І жарты жылдығындағы жұмыс қорытындысы

Қазақстанда білім беру жүйесінің сапасын арттыруға бағытталған шаралар кешені іске асырылып жатыр. Мәселен, ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың 2016–2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы мектепке дейінгі, орта, кәсіптік-техникалық және жоғары білім беруді дамытуға бағытталған. Осы жылдың І жарты жылдығындағы жұмыс қорытындылары туралы PrimeMinister.kz материалынан оқыңыздар.

 

Мәлім болғандай, Мемлекеттік бағдарлама Мемлекет басшысының 01.03.2016 жылғы №205 жарлығымен қабылданған. Сол жылдың сәуір айында Үкіметтің қаулысымен аталған Жарлықты іске асыру жөніндегі шаралар жоспары бекітілді.

 

Осы жылдың 6 айында атқарылған жұмыс қорытындысын шығара отырып, 2018 жылы 148 іс-шараны орындау жоспарланғанын айта кеткен жөн. Биыл Мемлекеттік бағдарламаны іске асыруға 515 200,5 млн тг, оның ішінде І жарты жылдықта 218 805,9 млн тг бөлінді. ҚР Білім және ғылым министрлігінің деректеріне сәйкес, жарты жылдыққа бөлінген қаражаттың 99,4% игерілді.

 

Мектепке дейінгі білім беру саласында 3–6 жас аралығындағы балаларда мектепке дейінгі білім берумен қамту көлемі 93,1% құрады. 2018 жылдан бастап Астана, Алматы және Шымкент қалаларында, сондай-ақ 25 қала мен 6 ауданда (Ақтөбе, ШҚО, БҚО, СҚО, Қарағанды, Павлодар, ОҚО, Маңғыстау) балабақшаларға электронды түрде жолдама беру іске қосылды.