ҮКІМЕТ ОТЫРЫСЫ

ҮКІМЕТ ОТЫРЫСЫ

Бүгін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен Үкімет отырысы өтті. Отырыс барысында Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының осы жылдың І жартыжылдығында іске асырылу барысы туралы баяндады.

 

Министрдің айтуынша, қазіргі кезде 3–6 жастағы балаларды мектепке дейінгі білім берумен қамту 93%-ды құрайды. Осы жылдан бастап 25 қала мен 6 ауданда балабақшаларға электронды түрде жолдама беру іске қосылды. Жыл соңына дейін барлық облыстар аталған жүйеге көшеді. Электронды үкімет пен «Е-әкімдіктің» интеграциясы арқылы жолдама беру процесі автоматтанды.

 

Орта білім беруде жаңартылған мазмұнға көшу жалғасуда. Өткен жылдан бастап 1, 2, 5, 7-ші сыныптар жаңа оқу бағдарламасы мен оқулықтар негізінде білім алып жатыр. Қыркүйектен бастап 3, 6, 8-ші сыныптар жаңартылған мазмұн бойынша оқуға көшеді.

 

Биыл тағы 73 мың педагог оқып жатыр. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес жаңартылған мазмұн бойынша сабақ беретін 205 мың (67%) мұғалімнің жалақысы 30%-ға көбейді. Педагогтарды аттестаттаудың жаңа жүйесі енгізілді. Аттестациялауға 60 мыңға жуық педагог қатысты, олардың ішінен 36 мыңнан астамы аттестациядан өтті (63%).

 

Халықаралық талаптарға, соның ішінде WorldSkills стандарттарына сәйкес жаңа білім беру бағдарламаларына кезең-кезеңімен көшіп жатырмыз. Қазіргі таңда 170-тен астам жаңартылған бағдарламалар дайын, жыл соңына дейін тағы 70 бағдарлама дайын болады.

 

Білім беру ведомствосы басшысының айтуынша, ерекше білім беру қажеттілігі бар адамдарға техникалық және кәсіптік білімге еркін қол жеткізу  бойынша жол картасының жобасы әзірленді.

 

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде жұмыс бәсекеге қабілетті кадрларды дайындауға, білім, ғылым және инновацияны интеграциялауға бағытталған. Мемлекеттік ЖОО-лардың ректорларын тағайындау кезінде ашықтық пен басты талаптар сақталуда. Ашық конкурс арқылы 19 ректор тағайындалды.

 

Президенттің Бес әлеуметтік бастамасын іске асыру аясында биыл мемлекеттік тапсырыс көлемі 20 мың орынға артты. 2022 жылға дейін студенттер жатақханаларында 75 мың орын әзірлеу жоспарланған. Бүгінде әкімдіктер 140 жер телімінің бар екенін растады.

 

Айгүл ТӘШЕТОВА