Үкімет отырысындағы Министрдің баяндамасы

Үкімет отырысындағы Министрдің баяндамасы

 Құрметті Асқар Ұзақбайұлы!

Құрметті әріптестер!

 

Елбасының «Нұр Отан» партиясының XVIII съезінде берген білім беру мәселелеріне қатысты тапсырмаларын орындау үшін келесі жұмыстар жоспарланып отыр:

1-слайд.

Бірінші. Білім беру саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің табысын ұлғайту.

Педагог қызметкерлердің жалақысын арттыру жүйелі түрде және кезең-кезеңмен шешімін табуда.

2018 жылы Елбасының тапсырмасымен аттестаттаудың жаңа жүйесі негізінде категориясын растаған және жаңа мазмұндағы білім беру бағдарламаларымен жұмыс істейтін ұстаздардың жалақысы 30-50%-ға өсті.

Білім беру саласындағы жалақысы төмен қызметкерлердің еңбекақысын ұлғайту дифференциалды түрде 30%-ға дейін жүзеге асатын болады. Білім саласында 500 мыңға тарта адамның жалақысы өседі деп күтілуде. Олардың қатарында мектепке дейінгі ұйымдар мен интернаттардың тәрбиешілері мен олардың көмекшілері, методистер, әлеуметтік педагогтер, балабақшалар мен колледждер психологтары, қосымша білім беру ұйымдарының қызметкерлері, кітапханашылар, вожатыйлар, бугалтерлер, іс жүргізушілер, еден жуушылар, аула тазартушылар, күзетшілер, от жағушылар, сантехниктер мен электриктер және басқа да техникалық қызметкерлер бар.

Қазіргі таңда Еңбек министрлігімен бірлесіп, қызметкерлердің санаттарын және жалақысын арттыру көлемін нақты анықтау жұмыстары жүргізілуде.

Жалпы, Елбасының тапсырмасы білім саласындағы қызметкерлерге үлкен қолдау көрсетіп отыр.

2-слайд.

Екінші. Орта білімде реформаны нақты түрде іске асыру. 2019-2021 жылдар аралығында 244 мың мектеп, колледж, жоғарғы оқу орындарының педагогтары қайта даярлау курстарынан өтеді.

2020 жылдан бастап ағылшын тілін оқытуға арналған курстарға қарастырылған қаржы жоғары оқу орындарында осы тілде сабақ беретін мұғалімдер дайындауға жұмсалатын болады. Осы жылдан бастап мектептерге тіл меңгерген ЖОО түлектері келе бастайды. Пәндерді ағылшын тілінде оқыту кезең-кезеңімен кадрлардың дайындығына сай біртіндеп енгізіледі.

Сонымен қатар, мектеп құрылысы мен күрделі жөндеуден өткізуді қаржыландырудың жаңа методикасы енгізіледі. Қаржы көлемі оқушылар контингентіне байланысты анықталады. Қай жерде мектеп салу жергілікті атқарушы органдардың құзыретінде болады.

Барлық деңгейлердегі білім беру бағдарламалары заман талабына сай өзектендіріліп отырады.

3-слайд.

Үшінші. 20 алдыңғы қатарлы жоғары оқу орындары мен 180 заманауи коллеждерді анықтау үшін:

Еңбек министрлігімен бірлесіп 100 басым мамандық анықталады.

Қоғаммен, жұмыс берушілермен ақылдаса отырып білім беру ұйымдарын анықтаудың негізгі критерийлері белгіленеді, университеттер мен колледждер тізімі анықталып, олардың білім бағдарламалары экономиканың талаптарына сай өзектендіріледі.

Анықталған 100 басым мамандықтарға сәйкес қажетті жабдықтар топтамасы белгіленеді.

Колледждердің оқытушылары мен өндірістік оқыту шеберлерінің біліктілігін арттыру қарастырылады. Оқу процесіне шетелдік мамандар тартылады.

Назарларыңызға рахмет!