Адами капитал дамуындағы білім векторы

Адами капитал дамуындағы білім векторы

Қазіргі кезде адами капитал – талқыға салынатын ең бір өзекті мәселелердің бірі. Ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыру жолында осы капиталдың сапасын арттырмаса болмайтыны туралы жиі сөз қозғалады. Дей тұрғанмен бұл көпқырлы ұғым жөніндегі түсінігіміз қаншалықты дұрыс? Бәсекеге қабілеттілігі ең жоғары мемлекеттердегі адами капитал несімен артық?

 

Осы сұрақтарға жауап іздей отырып, білімнің адами капиталды қалыптастырудағы рөліне тоқталғым келеді.   

 

Экономиканың дамуына үлес қосатын үш түрлі капиталдың бары белгілі. Біріншісі – табиғи капитал, яғни өндірісте қолданатын табиғат ресурстары. Екіншісі – физикалық капитал, оған тауар өндіру мен қызмет көрсетуге қажетті машиналар, құрал-жабдықтар, үй-құрылыс пен әртүрлі қорлар жатады. Үшінші капитал түрі – адам капиталы, ол бейматериалдық, зияткерлік активтермен өлшенеді, атап айтқанда, IT өнімдерімен, зияткерлік меншікпен және экономикалық құзыреттілік объектілерімен. Мысал келтіретін болсақ, алуан түрлі компьютерлік бағдарламалар, ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыс нәтижелері, авторлық құқықтар, ноу-хау, жарнама, маркетинг технологиялары және тағысын тағылар. Мұндай активтер басқару қызметінің тиімділігін едәуір арттырады әрі өнімнің қосымша құнын еселей түседі.

 

XIX–XX ғасырларда дамыған мемлекеттер адами капиталға инвестицияларының тек 20-30%-ын ғана салса, қалғанын физикалық капиталға арнайтын. XXI ғасырдың басында керісінше инвестициялардың 80%-ы адами активтерге, қалған 20%-ы физикалық активтерге жіберілетін болды. Дүниежүзілік банктің есептеуіне қарағанда, бүгінде Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына (ЭЫДҰ) кіретін мемлекеттердің әл-ауқатын 81%-ға адами капитал, 17%-ға физикалық және 2%-ға табиғи капитал қамтамасыз етіп отыр.

 

Осылайша жаһандық бәсекенің қызуы, жаппай цифрландыру, көптеген жаңа бизнес-модельдердің енуі мен қызмет көрсету секторының өрістеуі – барлығы да, түптеп келгенде, адамдарға, олардың біліміне, жеке және әлеуметтік новацияларды құрудағы қабілетіне тәуелді.

 

Адамдар – экономика дамуының әлеуеті де, шектеуіші де. Бүгінгі таңда біз біршама салаларымыздың заманауи адами капиталдың жетіспеушілігіне байланысты дамымай отырғанын сеземіз. Біз ресурстарға, еңбек тиімділігін көбейтуге, дұрыс экономикалық, индустриялық және саяси стратегияларға негізделген өсу процесінің шегіне жеттік. Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінде Қазақстан ресурсқа негізделген экономикадан тиімді экономикаға өту жолындағы 15 мемлекет қатарына жатқызылған.

 

Енді қазақстандықтардың адами капиталын көтеру мүмкіндіктерін, соның ішінде білім саласының бұл процеске қаншалықты көмектесе алатынын қарастырайық.

 

БҰҰ-ның даму бағдарламасының сарапшылары есептей келе, адамның өмірлік әлеуетін ашатын үш шешуші кезеңін анықтаған. Бірінші кезең – бұл анасының босануға дейінгі уақыты және адамның ерте жасы. Адам өміріндегі ең маңызды уақыт осы. Бұл кезде қажетті жағдай туғызылмаса, адамның әлеуеті барынша жоғары деңгейіне көтеріле алмайды. Мұндай жағдайларға босану алдындағы және кейінгі уақытта күтім жасалуы, дұрыс тамақтану, балаға бірінші күннен бастап көңіл бөлінуі жатады. Көпшілігіміз Sony корпорациясының негізін қалаушылардың бірі Масару Ибуканың «Үштен соң тым кеш» («После трех уже поздно») кітабын оқыдық. Ибука ата-ана, ата-әже, педагогтің бала дамуына алғашқы күннен бастап араласуының қаншалық маңызды екенін дәлелдейді. Автор зерттеулер нәтижелеріне сүйене отырып, «бала ақыл-ойының туылғаннан үш жасқа дейінгі дамуы адамның төрт пен он төрт жас аралығындағы мүмкіндіктерімен парапар. Егер осы кезде бала қатарынан қалыс қалса, оның қабілетін қалпына келтіру үшін көп күш-жігер жұмсап, кішкене балаға қысым көрсетуге тура келеді»,– дейді.

 

Біздің ата-аналарымыз балалардың ерте жастан дамуына көп көңіл бөледі. Бұл тек менің пікірім ғана емес, эмипирикалық зерттеуден алынған тұжырым. 2016 жылы өткен 4-сынып оқушыларының оқу сауаттылығына арналған халықаралық зерттеу Қазақстан балаларының оқу дағдыларын дамытуға ертеден көңіл бөлетін ата-аналар үлесі бойынша 50 елдің ішінде екінші орында тұрғанын көрсетті. Осының арқасында балаларымыз мектепке жоғары дайындықпен келетіні расталды. Әлбетте, бұған соңғы жылдары мектепке дейінгі ұйымдар желісінің кеңеюі де өз үлесін қосуда. 2017 жылдың соңына таман 3-6 жастағы балаларды мектепке дейінгі тәрбие және біліммен қамту көрсеткіші 90,5%-ға жетсе, 1 мен 6 жас аралығындағы балалар 66,1%-ы қамтылған. Бастауыш білім мемлекетімізде жалпыға міндетті, Дүниежүзілік экономикалық форумның бағалауынша осы білім беру деңгейімен қамту көрсеткішінен республикамыз әлемде 4-орында. Алайда біз мұнымен тоқтап қалмаймыз. «Білім туралы» Заңға сәйкес 2019 жылдың қаңтар айынан бастап мектепке дейінгі білім 6 жасқа дейін жалғасатын болады. Біртіндеп 6 жас мектепке түсудің жалғыз жасына айналады. Бұған мемлекетіміз 2000-жылдардың басынан 12-жылдық орта білім моделіне өту мақсатында дайындалып келеді. Келесі қадамымыз – нөлінші сыныпты енгізу және «Әліппені» сонда ауыстыру. Осылайша Үкімет балалардың бірыңғай стандарттар негізінде ерте жастан сапалы дайындықтан өтуіне барынша жағдай жасауда.

 

Көп жылғы үлкен дайындық пен жан-жақты ізденістен соң 2016 жылы мектептегі білім беру мазмұнын 1-сыныптан ауқымды жаңартуға кірістік. Бұл реформа ең әуелі мектептегі оқу сапасын сапалы тұрғыда өзгертуге бағытталған. Тереземізді теңестіргіміз келетін дамыған ЭЫДҰ елдері мұндай өзгерістің керектігін әлдеқашан түсініп, 2000 жылдан бері білімді емес, функционалды сауаттылықты бағалай бастады. Біздің еліміз PISA, яғни 15 жастағы білім алушыларды бағалау жөніндегі ЭЫДҰ бағдарламасына 2009 жылы алғаш рет қатысты. PISA-ны әлем жұртшылығы мойындаған. Осы зерттеудегі орташа балынан 5 ұпайға көтеріле алған елде еңбек өнімділігі 2,5%-ға, ал жан басына шаққандағы ішкі жалпы өнім 1,5%-ға өсетіні дәлелденген. Біздің оқушыларымыз бен колледж студенттерінің зерттеудегі нәтижелері әлі де болса төмендеу, дегенмен PISA-2009, 2012 және 2015 айналымдары Қазақстан көрсеткіштерінің біртіндеп өсіп келе жатқанын көрсетіп отыр.

 

Білім мазмұнын жаңартудың түпкі мақсаты бағаны жақсарту емес, мұғалімдер мен оқушылардың қызметін философиялық тұрғыда өзгерту. Мұғалім енді энциклопедия, дайын әрі сүзгіден өткен ақпараттың қайнар көзі рөлін өзгертуде. 2011 жылы басталған мұғалімдердің біліктілігін арттыру курстарының тұжырымдамасына сай мұғалім – бұл оқушының танымдық ізденісіндегі көмекшісі, ал оқушы болса өз дүниетанымының конструкторы болуы керек. Осынау өзгермелі де қайшылыққа толы әлемде баланың орнына ешкім де ақиқатты тауып бере алмайды, оны істейтін баланың өзі ғана. Сөйтіп, мұғалім мен бала қарым-қатынасы «субъект-объект» жүйесінен «субъект-субъект» жүйесіне өзгеріп, қайта құрылады. Жаңа бағдарламалармен оқудың алғашқы нәтижелері оқушыларымыздың өздерін еркін сезінетінін, өз ойларын ашық, бүкпей жеткізетінін және ортақ мақсатқа жету үшін командада жұмыс істей алатынын анық растап отыр.

 

БҰҰ белгілеген екінші шешуші жас – бозбалалық. Сарапшылар бұл кезеңде өмірлік әлеуетті мектептер мен колледждердегі сапалы білім алуға қолжетімділік, жұмысқа тұру мүмкіндігі, зорлық-зомбылық пен кикілжің сынды жағдайларды болдырмау арқылы көтеруге болады деп есептейді.

 

Осы тұста айта кететін жайт, біз – орта білімнің толық циклін қамтамасыз ететін санаулы елдердің біріміз. АҚШ-тың Әлемдік саясатты талдау орталығы бізді осындай 14 елдің қатарына жатқызады. Білім берумен қамту жағынан проблема болмағанымен, сапа жағынан әжептеуір мәселелер бар.

 

Оқу бағдарламаларын, оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді жаңартудан бөлек біз технологияларға да ерекше мән беріп келеміз. АҚШ, Канада, Ресей мен Аустралия сияқты елдердегідей бізде де мектептердің көп бөлігі ауылды жерлерде орналасқан. Олардың жартысына жуығы шағын жинақты мектептер (ШЖМ). Интернат, автобуспен жеткізу және тірек мектептерде мезгіл-мезгіл сессия өткізу ШЖМ-дегі сапа проблемасын ойдағыдай шешпейді. Жоғары сапалы контентті әрбір ШЖМ-ге жеткізіп, олардың мұғалімдеріне сабақ өткізуге көмек беру қажет.

 

Қазірдің өзінде біз «Bilimland» атты білім беру ресурстарын барлық мектептерге, соның ішінде ШЖМ-дерге толық жеткіздік. Интернеті бар мектептерде ол онлайн істейді, қалғандарында офлайн. Bilimland-ке жаратылымдық-ғылыми және қоғамдық-гуманитарлық циклдердің негізгі пәндеріне арналған 30 мыңнан астам бейне және интерактивті сабақтар жазылған. Оларды мектепте қолдану үшін мектептерге, әсіресе ШЖМ-дерге қажетті құрал-жабдық жеткізілуде. Біз осы жабдықтау жұмысын жалғастырамыз, оған қажетті ресурстар бюджетте жоспарлануда. Сонымен бірге «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы аясында 2021 жылға таман барлық мектептерді кең жолақты интернетпен қамту көзделген. Бұл контентті жеткізуді бұлтты технологиялардың көмегімен жеңілдете түседі. Біз цифрлық ресурстардың мұғалімді ауыстыра алмайтынын жақсы түсінеміз. Алайда бұл ресурстардың мұғалім жұмысын жеңілдететініне сенеміз. Оқушылар қала балаларымен бірдей мазмұнға қол жеткізеді, мұғалім цифрлық ресурстарға сүйене отырып, сабақ өткізуге және бағалауға мүмкіндік алады. Осылайша біз білім беру сапасын еліміз бойынша теңестіре алатын боламыз. Бұл мемлекеттік саясаттың ең маңызды басымдығы.

 

Бозбалалар мен бойжеткендердің еңбек нарығына шығуына мүмкіндік беретін ұйым – колледж. Бұл білім беру ұйымдарына қатысты министрліктің позициясы мынадай. Мамандарды даярлаудың техникалық және кәсіптік дайындығының кеңінен тараған халықаралық стандарттары бар. Бұл стандарттарды көптеген шет елдер қолдана отырып, жақсы көрсеткіштерге жетуде. Біздің істейтініміз осы.

 

Бірнеше жыл қатарынан қазақстандық колледж студенттері WorldSkills әлемдік конкурсына қатысты. Бұл байқау кәсіптік дайындық пен біліктіліктіліктің мәртебесі мен стандарттарын арттыруға бағытталған, оған 70-тен астам елдер тартылады. 2016 жылдан бастап біз өзіміздің техникалық және кәсіптік берудің бағдарламаларын WorldSkills талаптарына сәйкестендіріп жатырмыз. Үстіміздегі жылы бұл жұмыс аяқталуға тиіс. Бұдан басқа, біз шетелдік оқулықтарды қазақ және орыс тілдеріне аударумен айналысудамыз. Осы жылы біз 2 мыңнан астам оқулықты аударып бітіруді жоспарлап отырмыз.

 

Өткен жылы жұмысшы кәсіпті тегін оқыту жобасы басталды. Мемлекет оқу кезінде шәкіртақы төлеуді, жол пұлы мен бір жолғы тамақтану шығыстарын өтеуді өз мойнына алды. 2021 жылға дейін жұмысшы кәсібін алу мүмкіндігі 700 мыңнан астам қазақстандыққа беріледі деп жоспарлануда.

 

Адам өміріндегі үшінші кезең – есею шағы. Бұл өмірлік әлеуетті ішінара болса да көтеруге болатын соңғы шешуші кезең. БҰҰ сарапшылары мұндағы маңызды фактор деп кәсіптік еңбектің және әлеуметтік қорғаудың сапасын атайды. Бұл факторлар өз ретінде адамның есею шағына қандай капиталмен келгеніне байланысты.

 

Ересек адамның зияткерлік капиталының бірден бір көзі – ол жоғары білім. Білімнің бұл деңгейі де жаһанданып келеді. Қазір үздік жоғары оқу орындарының сапасын онда оқитын шетелдік студенттер үлесімен есептейді. Мысал үшін, АҚШ-та 2016 жылдың қорытындысы бойынша шетелдік студенттерден келген табыс көлемі экспорттың 5-ші маңызды көзіне айналған (32,8 млрд доллар). Бұған студенттердің демалыс уақытындағы шығындайтын ақшасы мен елдің туристік тартымдылығының өсуін қосар болсаңыз, қомақты инвестиция түсетінін аңғару қиын емес. Бүгінде жоғары білімді мықты экспорт көзіне АҚШ-тан басқа Ұлыбритания, Аустралия, Жаңа Зеландия, Франция, Ресей және тағы бірқатар елдер айналдырып отыр.

 

Қазіргі кезде Қазақстан шекарасынан асатын 6 студенттің орнына 1 шетелдік студент қана келеді. Әзірбайжан мен Тәжікстанда бұл арақатынас 10:1, Өзбекстанда 38:1. Біз сыртқы миграция мәселесін зерттеп, соңғы үш жылда қазақстандықтардың көп бөлігі шетелге оқу үшін емес, басқа мақсатпен кететіндігін көрдік. Эмиграция негізінен тарихи Отанымен қауышқысы келетін немесе жұмыс табуды көздейтін ересектер арасында басым.  

 

Жоғары білім мен оның сапасына оралсақ. Қазақстандық жоғары оқу орындарын қалайша тартымды, бәсекеге қабілетті етсек болады?

 

Министрліктің өкілдері ЖОО-лардың жұмыс тиімділігін арттырудың ең бір маңызды жолы – олардың дербестігін арттыру екенін бірнеше рет мәлімдеген болатын. Бұл да жеке адамдардың пікірі емес, практикаға негізделген үздік тәжірибе. ЖОО-лардың дербестігін арттыру жөніндегі пікірталастар мен зерттеулер елімізде 10 жылдан астам жүріп жатыр. Ал 2010 жылы Білім беруді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына ЖОО-лардың ұйымдастырушылық және академиялық автономиясын көтеру жөнінде іс-шаралар жоспарланған болатын.

 

Сол кезден бері көп нәрсе зерделенді, енгізілгені де аз емес. Бүгінде 113 азаматтық ЖОО-лардың 92-сінде корпоративтік басқару органдары – байқау кеңестері мен қамқоршылық кеңестер қызмет етеді. Оларға тиісті рәсіммен ұлттық және мемлекеттік ЖОО ректорларын сайлау құқығы берілді. 19 ректор корпоративті органдардың қатысуымен сайланып үлгерді. Бұл қадам орталықтандыру дәрежесінің көптігі, жариялылықтың жеткіліксіздігі мен жемқорлыққа тәуекелділік сынды проблемаларды айтарлықтай шешуге мүмкіндік берді. Институт-университеттерде жемқорлықтың экономикалық негізін жоюға бағытталған тағы бір маңызды шара – ол дипломдардың мемлекеттік үлгісінен оқу орындарының өз үлгісіне көшуі.

 

Ендігі міндетіміз – жоғары оқу орындарының академиялық және басқарушылық дербестігін шектейтін құқықтық тосқауылдарды алып тастау. Мұны істемейінше олар еңбек нарығының мұқтаждықтарына және бәсекелестерінің талаптарына уақытылы әрі тиісінше жауап бере алмайтын болады. 

 

Бұл үшін министрлік ҚР Заң жобасын ұсынды. Жоба Мәжіліспен бекітілген, қазір Сенаттың қарауында. Бұл құжатта барлық қажетті жайттар ескерілген.

 

Автономия мен икемділік мемлекет тарапынан белгілі бір реттеуші тетіктерді қолдануымен жүзеге асатыны түсінікті. Бұл тұста да біз жаңадан бір нәрсе ойлап таппаймыз. Практика тезінен өткен екі түрлі тетікті қарастырып отырмыз. Бірі – білім беру бағдарламаларының рейтингі. «Атамекен» ҰКП рейтингті әзірлеп жатыр, онда түлектердің еңбекпен қамтылуы, жалақысы сияқты нақты критерийлер болады. Екіншісі, біз алғашқылардың бірі болып саланы біліктілігі төмен кадрлардың сақтауды көздейтін тест енгіздік. Ол әлемде танымал BAR мен CPA емтихандарының аналогиясы десек болады. Ұлттық біліктілік тестін мамыр-маусым айларында өз еркімен 56 910 мұғалім тапсырды. Олардың 63,7%-ы үміт еткен санаттарына өтті. Тестінің ендігі кезеңі қараша айында, оған дайындалуға уақыт жеткілікті.

 

Білім және ғылым министрлігі білім берудің әрбір деңгейі Қазақстан азаматтарының адами капиталына сүбелі үлес қосуы үшін барынша күш-жігер жұмсауда. Біз білім адамның өмірлік әлеуетін арттырудың басты ресурсі екеніне кәміл сенеміз. Сонымен қатар біз білім беру ұйымдарының өз қызмет бағытын анықтауына, білім алушылардың қажеттіліктері мен мүдделерін қанағаттандыру жолында батыл шешім қабылдауына бөгет жасайтын тосқауылдардың көпшілігін алып тастау керек деп есептейміз. Дербестік қабылданатын шешім үшін жауапкершілікті де арттыратыны сөзсіз. Бұл үшін мемлекеттің қажетті тетіктері де жеткілікті. Дербестік пен бақылауда дұрыс теңгерімді орнату арқылы ғана біз әлемдік санаттағы білім сапасына қол жеткізбекпіз.

 

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі

Асхат Аймағамбетов.