
Ағымдағы жылғы 18 маусымда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Е.К.Сағадиев Пекин шет тілдер Университетінен келген делегациямен кездесті. Делегация құрамында Университет ректоры Пэн Лун (Peng Long), халықаралық ынтымақтастық жөніндегі бөлім меңгерушісі Ке Джин (Ke Jing) және орыс тілі институтының директоры Хуан Мэй (Huang Mei) болды. Пекин шет тілдер Университеті Астана университетімен бірлесе «Бір белдеу, бір жол» бастамасы шеңберінде жүзеге асырылатын инвестициялық жобаларға аналитикалық сүйемелдеу; халықаралық қатынастар және қауіпсіздік саласында ғылыми зерттеулер жүргізуді; бизнес мектептері мен шет тілдер бағдарламаларын жүзеге асыру аясындағы білім беру, аналитикалық және консалтингтік қызмет көрсетуді жоспарлап отыр.
Университет ректоры Пэн Лун: «Соңғы кездері Қытай елі Қазақстан Республикасына асқан қызығушылық танытып отыр, бұл өз кезегінде халықаралық дипломатиялық қатынастың дамуының көрсеткіші болып табылады. Жоғары оқу орны ретінде біз де осы ынтымақтастық аясындағы шараларға ат салысқымыз келеді», - дей келе Е.К.Сағадиевті университет жанында ашылған «Қазақстан Орталығына» шақырды.
Ректордың айтуынша, университет әлемнің 98 тілінде білім береді, оның ішінде қазақ тілінде. Жоғары оқу орнында студенттерге 680 мұғалім, 46 мемлекеттен келген 150-ге жуық шетелдік мұғалім білім береді. Университет түлектері Қытай және басқа да елдерде банк, сауда-саттық, экономика салаларында дипломат, аудармашы, журналист, заңгер болып істейді. Халықаралық қатынастар саласындағы 90 мыңға жуық белгілі маман осы университеттің түлектері екендігін ерекше атап өткен жөн.
Ресми кездесу барысында Е.К.Сағадиев шетелдік қонақтарға алғыс білдіріп, Пекин шет тілдер Университетімен ынтымақтастықта жұмыс жасауға дайын екендігін айтып жеткізді.
БҒМ баспасөз қызметі.