
4 маусымда цифрландыру күні өткізіліп, онда ҚР БҒМ мен «ҰАТ» АҚ-ның жобалары талқыланды. Кездесуге 20 ұйым өкілдері, «Зерде» холдингі АҚ, «ҰАТ» АҚ және ҚР БҒМ мамандары қатысты.
ҚР БҒМ Ақпараттық технологиялар департаментінің директоры Алмат Ищанов 4 жобаны назарға ұсынды: - Қазақстан ғылымының бірыңғай ақпараттық жүйесін құру және енгізу; - Білім беруді басқару жүйесін құру және енгізу; - Ашық білім беру ұлттық платформасын құру; - Инновациялық қызметті ынталандыру үшін технологиялық кәсіпкерлік мектептерін ашу; «Қазақстан ғылымының бірыңғай ақпараттық жүйесін құру және енгізу» жобасының мақсаты – қазақстандық ғылым әлеуетін арттыру және экономиканың ғылым саласын цифрландыру есебінен ғылымды қажетсінетін экономика үлесін көбейту. Жобада ғылымды дамыту менеджменті мен мониторингін жетілдіру және экономиканы әртараптандыру мен елдің тұрақты дамуында ғылым үлесін арттыру, сондай-ақ ғалымдардың ғылыми әлеуеті мен мәртебесін нығайту және т.б. жоспарланған.
Жоба Қазақстан Республикасы Президентінің 2017 жылғы 31 қаңтардағы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» жолдауы жүзеге асырылған сияқты «Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын», «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында әзірленді. Жоба ҚР БҒМ-ның стратегиялық жоспарын сапалы орындауға, атап айтқанда ғылыми-техникалық қызмет менеджментінің тиімділігін арттыруға ықпал ететін процестерді автоматтандыруға мүмкіндік береді.
ҚР БҒМ-ның келесі «Білім беруді басқару жүйесін құру және енгізу» жобасы оқушылар, оқытушы және әкімшілік құрам, мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, жоғары білім беру ұйымдары мониторингін жүргізу мақсатында әзірленді. Жобаның міндеттері:
- оқушылар есебін және қозғалысын автоматтандыру;
- республикалық ресурстар есебін автоматтандыру;
- кадрлар даярлау және біліктілікті арттыру, білім беру ұйымдарын ресурстармен қамтамасыз ету бойынша мемлекеттік тапсырыс бюджетін талдау және жоспарлау;
- білім беру ұйымдары қызметін бақылауды жоспарлау және есеп жүргізу.
Бұдан әрі «ҰАТ» АҚ Басқарма төрағасы Асет Турысов қатысушыларға «Электрондық Үкіметтің» дамуы және алғышарттары туралы айтып берді. Бұл бағытта Эстония мен Ұлыбритания тәжірибесінің негізінде жаңа тәсіл қарастырылуда. Ықпалдастыру процедураларын оңайлату уақыт пен қажетті құжаттар санын қысқарта отырып, өз тиімділігін, сондай-ақ қаражатты үнемдеуге мүмкіндік береді.А.Турысов қатысушыларды жоспарланған инфрақұрылыммен, MOBILE.ID тұжырымдамасымен таныстырды және ББО-ны жаңғырту, EGOV.KZ-ті қайта дизайндау туралы айтып берді. Айта кетейік, цифрландыру күнінің І кезеңі аяқталды, ІІ кезең 2 айдан кейін басталады.