Ең көлемді республикалық Startup Weekend Астанада өтеді

Ең көлемді республикалық Startup Weekend Астанада өтеді

Қазақстанның барлық аймағынан жиналған 1000-нан астам адам «StartupBolashak - Менің арманым» жастар бизнес-жобалары Ұлтық байқауының ширек финалына қатысу үшін Астанаға келеді. Бұл шара 8, 9 және 10 маусым күндері Тәуелсіздік сарайында өтеді. Байқаудың ұйымдастырушылары -  ҚР Білім және ғылым министрлігі.

 

8 маусым күні сағат 09.30-да Тәуелсіздік сарайында ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиевтің қатысуымен пресс-брифинг өткізіледі. 

 

Бұл жастар арасында өзіндік орын алған стартап жобалар байқауының екінші кезеңі. 2018 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігі аймақтағы ірі жоғары оқу орындарында кәсіпкерлікті және инновацияны дамыту орталықтары ашылды. Бұл орталық байқауға қатысушылардың идеяларын іріктеп алатын алаңға айналды. Байқаудың бірінші кезеңінде www.meninarmanym.kz ресми сайтына 1500 өтінім келіп түссе, биыл олардың саны 4359-ға жеткен, ал жалпы жобасын жүзеге асыруға тырысқандар саны 10 000 адамды құрады. Байқауға қатысу тегін. Барлық КжИДО-да стартап жоба авторларымен менторлар, кәсіпкерлер мен бизнес-тренерлер жұмыс істеді. Олар өз ісін енді ғана бастамақ жастарға жобаларының әлсіз және мықты жақтарын анықтауға, сондай-ақ, инвесторлар үшін идеясын табысты етіп ұсынуға көмектесті. 

 

Ақпан айынан бастап мамырға дейін еліміздің 14 облысында және Алматы мен Астана қалаларында «StartupBolashak - Менің арманым» байқауының іріктеу кезеңі өтті. Соның нәтижесінде ширек финалға 471 бизнес-жоба шықты. 16 мен 35 жас аралығындағы 900-ден астам қатысушы, қонақтар, 100 сарапшы, 50 ментор және аймақтардан келген 20 үйлестіруші үш күннің ішінде жартылай финалға жолдама алатын 100 мықты жобаны Тәуелсіздік сарайында таңдап алады. Стартаперлер 10 тақырып бойынша секцияларға бөлінген. Олар: «Жасыл экономика», «Білім беру», «Медицина және салауатты өмір салты», «Қызмет көрсету», «Ауыл шаруашылығы және химия», «Ақылды технология. Smart заттар», «Ұрпақты дамыту», «Құрылыс және әрлеу», «Туризм және көңіл көтеру», «Қоғамдық тамақтану және азық-түлік». Еліміздегі белгілі адамдар, табысты кәсіпкерлер мен ең мықты бизнес-тренерлер қатысушылар алдында лекция оқып, мастер-класс өткізеді.

 

Жартылай финалға іріктеліп алынған ең мықты 100 қатысушы 2018 жылдың шілде айында  «StartupBolashak - Менің арманым» жазғы кубогы шеңберінде финалға жолдама алу үшін өзара бақ сынасады. Соның тек 50-і ғана «Менің арманым» телевизиялық шоуына қатысады. Бұл кезең стартаптар аукционы ретінде өтпек. Жоба авторлары инвесторлар мен бизнес-періштелерді, Қазақстандағы ірі венчурлық компания өкілдеріне өз жобаларының артықшылықтарын дәлелдеп беруі керек. Байқау аяқталған соң аймақтардағы кәсіпкерлік пен инновацияны дамыту орталықтарында 16 аймақтағы жұмысты қорытындылауға арналған «Аймақтық Demo Day» өтеді. 

 

БАҚ үшін ақпарат алу нөмірі:

Еркебулан Баттаков – 8 775 522 69 80 y.battakov@media-agency.kz