
Назарбаев Зияткерлік мектептерінің оқушылары мен ұстаздары ауыл мектептеріне мереке сыйлады.

«Қолдайық ауыл мектебін!» акциясы белгісімен еліміздің барлық аймақтарындағы Зияткерлік мектептерден автобустар мен көліктер шалғайдағы ауылдарға асықты.

«Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» құрылғанына 10 жыл толуына орай ұйымдастырылған бұл шараға бір мезгілде мыңдаған оқушы, ұстаздар, ата-аналар мен демеушілер жұмыла атсалысты. Кезекті оқу жылының аяғы Қазақстанның түкпір-түкпіріндегі ауыл мектептерінде үлкен мерекеге ұласты. Назарбаев мектебінің мерей тойы тек облыс орталықтарында емес алыстағы ауылдарда да тойлануда. Әсіресе ең ұзақ сапар Өскемендік мектептің еншісінде болды. Олар қаладан 700 шақырым қашықтықта орналасқан Күршім ауданындағы Марқакөл кентіне атбасын тіреді.

«Қолдайық ауыл мектебін!» акциясы ең алдымен автобустарға тиелген түрлі жүктерді мектепке тасудан басталды. Әр өңірдегі ауыл мектептеріне 3D принтерлері сыйға берілді. Аталған заманауи құралды Алматы қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі құрастырып шығарды. Мерекелік көш алты мыңға жуық кітапты, үш мыңға тарта бөлме гүлдерін, спорттық ойындарға арналған құралдарды апарды. Әртүрлі жинақтағы әдебиеттерді Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушылары мен ұстаздары оқу орында дәстүрге айналған «Bookrossing» акциясында жинаған. Ал сыныптарға ерекше сән және хош иіс сыйлайтын өсімдіктерді Зияткерлік мектеп оқушылары, мектептің жылыжайларында баптап өсірген. Енді сыйлықтар ауыл мектебінің көркіне сән қосып, мұндағы білім алушы балалардың кәдесіне жарайтын болады. Сондай-ақ мектептердің дәліздеріне «Оқу. Іздену. Талаптану», жаңартылған білім беру мазмұны аясындағы әдістемелік тақталар ілінгендігін тілге тиек етейік. Ауыл балаларын әсіресе «100 кітап» жобасы, «Рухани Жаңғыру» мақаласына негізделген іс-шаралар ерекше қызықтырды.

Ең әуелі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ң басқарма төрайымы Күләш Шәмшидинова мен Астана қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің директоры Мейрам Жәкеновтың қолынан тарту етілген сыйлықтарды Ақмола облысындағы Қазқалашық селосының мектебі иеленді.

Ең басты құнды сыйлықтар ауыл мектептерінің мұғалімдеріне тарту етілген жаңа әдістемелік еңбектер, жаңартылған білім беру мазмұнын қолдауға бағытталған көмекші құралдарды атауға болады. Олардың арасында математика, химия, биология, физика, тарих, қазақ, орыс және ағылшын тілін оқытудағы нұсқаулықтар ауыл мектептерінің мұғалімдеріне күнделікті оқытуда пайдаға асатыны қуантады.

Барлық аймақтардағы ауыл мектептерінің есіктері бұл күні алыс жақын маңдағы қонақтар үшін айқара ашылды. Сыныптар мен мектеп акт залдарында тәжірибе алмасу сағаттары, оқушылардың қойылымдары үзілген жоқ. Делегаттар құрамында Педагогикалық шеберлік орталығының мамандары да болды.

«Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы басқарма төрайымының орынбасары Назипа Аюбаева Жамбыл облысындағы Қостобын орта мектебінде болды. Ол өз кездесуінде NIS Рrogramme оқыту бағдарламасының халықаралық деңгейде мойындалғанын растады.
– Бес жыл бұрын біз осы жұмысымызды бастағанда көбі күдікпен қарады. Ал бүгін ұжымдық еңбектің жемісін көріп отырмыз. Бар төккен тер, ынта жігер елдің игілі үшін жұмсалды. Өйткені барлық аймақтарда құрылған «Назарбаев Зияткерлік мектептері» өз қатарына барлық орта білім беру ұйымдарын жетелеп келеді», – деді Назипа Алтынбекқызы.
Он жылдыққа арналған бұл акцияны алғашқылардың бірі боп Тұңғыш Президенттің кітапханасы және «Абырой» ұлттық құндылықтарды дамыту қоры қолдау көрсетті. Белгілі журналист, медиаменеджер Бибігүл Жексенбай мыңдаған шығармаларды, әсіресе Мұғали Мақатаевтың өлеңдер жинағының электронды нұсқасын сыйға тартты. Шалғайдағы мектептерге кең көлемді кітап қорын табыстауға «Деловой мир Астана» ЖШС-гі де ерекше қолдау білдірді. Ал «Қазцинк» металлургиялық компаниясының қаржылай қолдауымен 300-ге тарта футбол, баскетбол және волейбол доптары сатып алынды.

«Назарбаев Зияткерлік мектептерінің» бастамасымен іске асқан «Қолдайық ауыл мектебін!» меретойлық акциясы әлі де еліміздің барлық аймақтарында жалғасын тауып жатыр.
