ҰБТ тікелей эфирі тестілеудің ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді — ҚР БҒМ

ҰБТ тікелей эфирі тестілеудің ашықтығы мен сенімділігін қамтамасыз етеді — ҚР БҒМ

Бүгін ҚР Үкіметі отырысы қорытындысы бойынша өткен баспасөз конференциясында білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов пен ҚР БҒМ «Ұлттық тестілеу орталығының» директоры Рамазан Әлімқұлов журналистердің мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеу тапсыратын аудиториялардың материалдық-техникалық базасының жаңартылуы туралы сұрақтарына жауап берді.

Асхат Аймағамбетов атап өткендей, бүгінгі таңда 785 (60%) аудиторияда камера қойылған. Аудиториялардың қалған 40% бойынша жергілікті атқарушы органдар деңгейінде байқау рәсімдері өткізіліп жатыр.

«Бұл жұмыс жыл сайын жүргізіледі. Өткен жылы камералардың, бәсеңдеткіштердің, металл іздегіштердің бір бөлігі жаңартылды. Бұл камералар тез бұзылып қалады. Сондықтан біз бәсеңдеткіштер (ұялы телефондарды басып тастайтындар), бейнебақылау камералары туралы айтқанда, біз осы материалдық-техникалық базаны жаңарту керектігі туралы айтамыз. Олардың кейбірі жарамсыз болып қалды, кейбірі тікелей эфир жүргізу кезінде қойылатын талаптарға сай келмейді», — деді Асхат Аймағамбетов.

Сонымен қатар вице-министр биыл тікелей эфирмен қамтылатын ҰБТ өткізу пункттерінің саны арттырылатынын атап өтті.

«Бар жұртшылық баланың аудиторияда қалай тест тапсырып отырғанын, аудиторияға ешкім кірмейтінін, басқа жағдайлардың жоқтығын көргенде, мен бұл тестілеу рәсімінің ашықтығы мен оның сенімділігін қамтамасыз етеді деп санаймын», — деді А. Аймағамбетов.

Рамазан Әлімқұловтың айтуынша, 2018 жылы ҰБТ өткізу үшін 1,5 мың аудитория қарастырылған. Олардың барлығы қауіпсіздік бойынша техникалық құралдармен жарақталған: аудиториялар 100% ұялы байланысты бәсеңдеткішпен қамтылған. Бүгінгі таңда 3G форматындағы мобильді байланыс бәсеңдеткіштерін 4G ауыстыру жүргізіліп жатыр.

«Өткен жылдан бастап міндетіміз мынадай — барлық аудиториялар 4G стандартымен қамтамасыз етілуі тиіс. Бүгінгі таңда 512 аудиторияның 4G ұялы байланысты бәсеңдеткіші жоқ», — деді Рамазан Әлімқұлов.

Анықтама: ҰБТ Қазақстанда 2004 жылы мектеп түлектерінің қорытынды мемлекеттік аттестациясы және республикадағы ЖОО-лар мен колледждерге түсу емтихандары ретінде енгізілді. Тестілеуге қатысушыларға кез келген байланыс құралын, калькуляторды пайдалануға тыйым салынған. 2012 жылы алғаш рет ҰБТ өткізілген барлық аудиторияларда бейнебақылау камералары орнатылды.