Шымкент қаласында сабақты себепсіз босату 90%-ға төмендеді

Шымкент қаласында сабақты себепсіз босату 90%-ға төмендеді

Цифрландыру Қазақстандағы білім беру саласының барлық деңгейлерін қамтиды. Шымкент және Павлодар қалаларында білім беруді цифрландыру бойынша пилоттық жобалар іске қосылды.

 

Осы ретте Шымкент қаласындағы пилоттық жобаның берген жетістіктері аз емес, апробация нәтижесінде сабақты себепсіз босату 90%-ға төмендеген (22 мың сағаттан 2 мың сағатқа дейін) және оқушылардың үлгерімі 12%-ға жоғарылаған (41%-дан 53%-ға дейін), қағазбастылық азайып, есептіліктің барлық түрлері электрондық форматқа ауыстырылған. Мобильдік қосымшаларды пайдалану ата-аналар тарапынан бақылауды күшейтуге мүмкіндік туғызып, олардың оқу-тәрбие үрдісіне қатысу деңгейлерін арттыра түсті.

 

Бұл электрондық журналдар мен күнделіктерді енгізу есебінен мүмкін бола бастады, қамту деңгейі - 4 956 мектеп (немесе 75%, қосылған мектептердің саны 5,1%-ға өскен) және 3,5 млн. пайдаланушы, сондай-ақ еліміздің 7 047 мектебіне бірыңғай мәліметтер базасын енгізу есебінен мүмкін болып отыр.

 

Цифрландыру белсенді түрде енгізілуде және білім беру саласының барлық деңгейлерін қамтиды – мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіби, жоғары. Осылайша, әрбір азаматты оқыту дерекқоры бойынша жалпы мәліметтер базасы құрылатын болады. Енгізілетін сандық технологиялар білім беру саласындағы ашықтықты қамтамасыз етіп, білім алушылардың білім сапасы мен бағдарламаны меңгеру деңгейін арттыра түсуге мүмкіндік береді. Білім беру саласының ақпараттық жүйесін енгізу бойынша аймақтық деңгейде жоспар әзірленген, бірыңғай мәліметтер базасына біріктіру мерзімдері және кең жолақты Интернетке қолжетімділікті дамытумен облыстар мен Астана, Алматы қалаларының жоспарлары үйлестірілген.

 

Сонымен қатар, Ақтөбе қаласында SmartCity жобасы шеңберінде электрондық журналдар мен күнделіктер жүйесіне оқушылар мен мектеп мұғалімдерін тіркеу және қолжетімділікті бақылау жүйесі біріктірілген. 

 

Балаларды сапалы білім беру ресурстармен қамтамасыз ету мақсатында ауыл және қала мектептеріне 40 мыңнан астам бейне-дәріс, интерактивті сабақтар мен жаттығуларға рұқсат беріліп, аталмыш қорды 240 мыңнан астам мұғалім пайдаланады. Ұстаздар мен оқушылар тарапынан материалды ұялы телефон арқылы пайдалану деңгейі 28 %-ды құрайды. Әсіресе, математика, информатика және ағылшын тілі пәндері бойынша пайдаланушылар саны көп.  Шағын жинақты мектептер мен жоғары жылдамдықты Интернетке қосылмаған мектептерде білім беру ресурстары мектеп серверлерінде орналастырылған. 

ҚР БҒМ баспасөз қызметі