Павлодар облысының ақындық пен шешендік өнер жұлдыздары

Павлодар облысының ақындық пен шешендік өнер жұлдыздары

«Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бастамасымен 2018 жылғы 16-18 сәуір күндері Павлодар қаласында дарынды қыз балаларға арналған «БІЛІМ-ИННОВАЦИЯ» лицей-интернаты негізінде «Ақберен» V республикалық ақындық пен шешендік өнерінің байқауы өтті.

 

Республикалық байқауға «Көркем сөз оқу», «Ақындар мүшәйрасы», «Шешендік өнер», «Ақындар айтысы», «Шығарма жазу» және «Ұлттық аспапта ойнау» бағыттарында 15 облыстан және республикалық мамандандырылған мектептерден 90 оқушы бақтарын сынады.

 

Павлодар облысынан байқауға 8 оқушы қатысып, 5-уі жүлделі болды.

 

Өзінің өнері мен ақындығымен қатысушылардың арасынан озып шыққан «Ақындар мүшәйрасы» бағытында өз шығармаларын оқып дарынды балаларға арналған Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының 10 сынып оқушысы Абдираимов Ердаулет І дәрежелі дипломға ие болды.

 

«Ұлттық аспапта ойнау» бағытында дарынды балаларға арналған Абай атындағы №10 лицей-мектебінің 9 сынып оқушысы Бақытова Айшат көрермендерді домбырада ойнау шеберлігімен баулап, ІІІ дәрежелі дипломымен марапатталды.

 

Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының 10 сынып оқушысы Оразбай Марлен «Көркем сөз оқу» бағытында О.Бөкейдің «Атау кере» романынан Тағанның сөзін әр түрлі интонацияда және мұңлы күйде оқып, ІІІ дәрежелі дипломды қанжасына байлады.

 

«Ақындар айтысы» бағытында Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының 11 сынып оқушысы Сарыбай Құдырет Ақтобе облысының айтыскерімен сөз тартысып, «Дарын» орталығының грамотасын иеленді.

 

Байқау қорытындысында озып шыққан оқушыларға 14 грант тағайындалды, атап өтсек А.Яссауи атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті – 10, Қарағанды қаласы «Болашақ» академиясы – 3 және Павлодар мемлекеттік педагогикалық университеті - 1.

 

Соның ішінде А.Яссауи атындағы университетінің грантына шешендік өнерімен көрінген Ы.Алтынсарин атындағы гимназия-интернатының 11 сынып оқушысы Жанбау Марғұлан ие болды.

 

Байқау аясында М.Катаев ат. оқушылар сарайының «Рухани жаңғыру» кабинетінде Л.Гумилев ат. Еуразия ұлттық университетінің профессоры, айтыскер ақын, сазгер, Қазақстан Республикасының мәдениетіне еңбек сіңірген қайраткері, қазылар алқасының төрағасы Әлтай Аманжолдың Павлодар қаласының жас ақындарымен кездесу кеші өткізілді.

 

«Ертіс дарыны» ӨҚББОӘО қонақтарға мәдени-сауықтыру бағдарламасын ұйымдастырды: Павлодар қаласының көрікті жерлеріне саяхат, «Batуr mаll» ойын-сауық орталығын тамашалау, зияткерлік ойындар мен би кеші.

 

 

«Ертіс дарыны» өңірлік қосымша білім беру

 

оқу-әдістемелік орталығы