
25-30 наурыз аралығында Қостанай қаласында қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша Республикалық олимпиада өтті. Бұл қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, Қазақстан тарихы, құқық негіздері, ағылшын тілі, неміс тілі, француз тілі пәндерінен республика бойынша үздік деп танылған оқушылар арасындағы зияткерлік сайыс.
Олимпиаданың мақсаты мен міндеттері ретінде оқушылардың шығармашылық қабілетін жетілдіру, теориялық білімдерін тереңдетіп, тәжірибеліқ іскерліктерін шыңдау, жеке тұлғаның өзін-өзі танытуына ықпал ету, дарынды балаларды анықтауға жағдай жасау, оқушыларды халықаралық олимпиадаға іріктеу және даярлау, Қазақстан Республикасындағы білім беру жүйесінің абырой-беделін арттыру сияқты шараларды атап көрсетуге болады.
Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы пәндер бойынша Олимпиадаға Қазақстанның барлық облыстарынан, Астана және Алматы қалаларынан, республикалық білім беру мекемелерінен, «Назарбаев Зияткерлік мектебі» дербес білім беру ұйымынан, «Бөбек» Ұлттық білім беру және сауықтыру ғылыми-практикалық орталығынан шыққан барлығы 602 оқушы қатысты.
Республикалық олимпиаданың жабылу салтанаты 29 наурызда Қостанай қаласының «Қостанай» сауықтыру-денсаулық кешенінде өтті.
Қазылар алқасының шешімімен І дәрежелі диплом және алтын медальмен – 50 қатысушы, ІІ дәрежелі диплом және күміс медальмен – 79 қатысушы, ІІІ дәрежелі диплом және қола медальмен – 136 қатысушы марапатталды.
- «Олимпиаданың ең жас қатысушысы - 2018» номинациясымен - Онаева Аида («РФММ» КеАҚ);
- «Ең үздік ауыл оқушысы - 2018» номинациясымен - Әбдірахманова Эльенора (Қостанай облысы);
- «Ең үздік ауыл мұғалімі - 2018» номинациясымен - Досмухамбетова Жуман Тулегеновна (Қостанай облысы);
- «Полиглот» номинациясымен - Файзурахманова Зарема (Оңтүстік Қазақстан облысы);
- «Ең үздік шығарма» номинациясымен - Ережепов Рахат (Солтүстік Қазақстан облысы) марапатталды.