Үкімет отырысы

Үкімет отырысы

Қазақстан Республикасы Үкіметінің басшысы Сағынтаев Бақытжан Әбдірұлының төрағалық етуімен ағымдағы жылғы 3 сәуір күні Үкімет отырысы болып өтті. Алқалы отырысқа Білім және ғылым министрі Сағадиев Ерлан Кенжеғалиұлы да қатысып, баяндама жасады. Үкімет отырысы толықтай қазақ тілінде өткендігін атап өткен жөн.

 

Күн тәртібіне сәйкес Үкімет отырысында 2016—2019 жылдарға арналған ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасының іске асырылуының қорытындылары шығарылды.«Өткен жылы 2016—2019 жылдарға арналған ҚР білім беруді және ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 445 млрд. Теңге бөлініп, оның 99,8 пайызы игерілген. Бағдарламаның мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бағыты бойынша 3-6 жас аралығындағы балаларды балабақшалармен қамту көрсеткіші 90,5 % құрап отыр. Алайда, балабақшаға деген кезек сақталуда. Бұл балалар санының өсуімен және миграция үрдісімен түсіндіріледі. Бүгінде бизнес өкілдері мектепке дейінгі ұйымдардың санын көбейтуге белсенді қатысуда. Олардың қатысуымен ашылған балабақшалардың саны 2017 жылы 85 пайызды құраған болатын. Осыған байланысты бұл жұмысты мемлекеттік-жекеменшік әріптестік механизмі арқылы күшейту қажет»,- деді өз сөзінде Министр. Бүгінде жаңартылған мазмұнға көшу бойынша жұмыстар жалғасуда. Сондай-ақ Министр, су тасқынына байланысты жекелеген өңірлерде, мәселен Шығыс Қазақстан облысының кейбір аудандарында ОЖСБ (оқу жетістіктерін сырттай бағалау) үрдісі жүргізілмейтіндігін атап өтті.

 

Жалпы республика бойынша 45 апаттық мектеп және 127 үш ауысымда оқитын мектеп бар. Бұл халықтың өсуімен және урбанизация мәселесімен түсіндіріледі. 2017 жылы 118 мектептің құрылысына Ұлттық Қордан 68 млрд. Теңге бөлінген және 73 мектеп қолданысқа берілсе, қалған 45 мектеп биыл іске қосылады деп жоспарлануда.

 

Аталмыш сұрақты қорытындылаған Үкімет басшысы Білім және ғылым министрлігіне мемлекеттік бағдарламаны толықтыра отырып, оның ішінде тиісті заңнамалық актілерді қабылдап, Елбасы тапсырмаларын орындалуын қамтамасыз етуді тапсырды.

 

Айгүл ТӘШЕТОВА.