
Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі- Министрлік) «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жекешелік әріптес атынан «Күнделік» "(Kundelik) ЖШС-мен «Қазақстан Республикасында «Күнделік» автоматтандырылған ақпараттық жүйесін құру, енгізу және жұмыс істеуін қамтамасыз ету» республикалық жобасы бойынша мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарт жасасты. Шарт республикалық жобалардың шеңберінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік объектілері бойынша жасалған шарттардың тізілімінде мемлекеттік-жекешелік әріптестік саласындағы мемлекеттік мүлікті басқару жөніндегі уәкілетті органда (Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қазынашылық комитеті) 2018 жылғы 26 қаңтарда №012250001/18-002 тіркелді.
Министрлік шарт мерзімінде мемлекеттік әріптес ретінде әрекет етеді.
Жекешелік әріптес - «Күнделік» ЖШС.
Жобаның әрекет ету мерзімі: 12 жыл.
Жобаның мақсаты Қазақстан Республикасындағы білім процесінің барлық қатысушылары үшін электрондық білім беру технологияларына тең қол жеткізуін қамтамасыз ету, оның бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз ету үшін білім беру сапасын арттыру, сондай-ақ жалпы білім беру ұйымдары мен орта білімді басқару органдарының білім беру, тәрбие және басқарушылық қызметтерінің функциялары мен процестерін автоматтандыру арқылы Қазақстан Республикасының жалпы білім беру ұйымдары оқушыларының оқу жетістіктерін есепке алу жүйесін жетілдіру болып табылады.
Осы МЖӘ жобасын іске асыру нәтижесінде мынадай жетістіктерге қол жеткізіледі:
Мемлекет үшін:
- білім саласындағы жаңа басқару әдістерінің пайда болуы;
- бюджет қаражатын пайдаланудың тиімділігін арттыру;
- білім беру саласының қолжетімділігін, тартымдылығын, сапасын, ашықтығын арттыру.
Ата-аналар үшін:
- ата-анасының баланың оқу процесіне қатысуы;
- баланың жетістіктері туралы қашықтықтан хабардар ету арқылы
ата-ана -білім беру ұйымы-бала байланысын жүзеге асыру.
Мұғалімдер мен мектеп әкімшілері үшін:
- оқушылардың үлгерім журналдары мен күнделіктерін тұрақты электронды түрдегі жүргізуге көшу;
- білім беру ұйымында білім беру қызметін бақылаудың жаңа құралдарының пайда болуы.
Оқушылар үшін:
- Ауыл мен қала оқушыларына сапалы білімге тең қол жеткізу;
- білім беру ресурстары мен технологияларына тең қол жеткізу;
- коммуникативті және кәсіби құзыреттілікті дамыту.
Жеке деректерді қорғау мақсатында электронды журналдар мен күнделіктер жүйесі ақпараттық қауіпсіздіктің периметрін қамтамасыз ететін «электрондық үкімет» («Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ) ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым операторының деректерді өңдеу орталығында (деректер орталығы) орналасқан.
Шарт бойынша жобаны іске асыруда мемлекеттік әріптес тарапынан қаржы қарастырылмаған. Жобада жұмыс жасау тегін болып табылады.