«SMART-ПЕДАГОГ ӨРЛЕУ: КӘСІБИ ТАБЫСҚА АПАРАР ЖОЛ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ

«SMART-ПЕДАГОГ ӨРЛЕУ: КӘСІБИ ТАБЫСҚА АПАРАР ЖОЛ» РЕСПУБЛИКАЛЫҚ БАЙҚАУЫ

2017 жылғы 29 қарашада «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» акционерлік қоғамы «Microsoft Kazakhstan» компаниясымен бірлесіп ұйымдастырған «SMART-педагог Өрлеу: кәсіби табысқа апарар жол» мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушыларының республикалық байқауы  жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

 

Байқау педагогикалық ғылым мен практиканың, цифрлық технологиялар жүйесіндегі жетістіктердің бірігуіне, білім жүйесіндегі инновациялық қызметтің нысаналы дамуына, педагогтердің АКТ-құзыреттілігі мен компьютерлік сауаттылығын, ХХІ ғасыр дағдыларын қалыптастыруға ықпал етеді. Байқау жаңа технологиялар мен SMART өнімдерін сабақта пайдалану арқылы білім беру сапасын арттыруды мақсат тұтатын шығармашыл, бастамашыл педагогтерді анықтап, оларға қолдау көрсетті.

 

«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» ұйымдастырған бұл конкурстың еліміздің білім саласын дамытудағы рөлі зор. Себебі, ХХІ ғасыр – ақпарат ғасыры. Ел Президенті Н.А. Назарбаев атап көрсеткендей, «Рухани жаңғыру» үрдісі ақпараттық білімнің дамуымен және «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының жүзеге асыруымен тығыз байланысты.

 

Аталмыш іс-шараға Алматы қаласы әкімінің орынбасары Қырыкбаев Арман Оразбайұлы, Қазақстанның Тұңғыш Еңбек Ері Миразова Аягүл Төреқызы, Алматы қаласы білім беру басқармасының басшысы Шимашева  Рахат Сейдахметқызы, Алматы каласы Маслихат депутаты, № 153 мектеп директоры Умаров Шавкат Ниязұлы, «Microsoft СНГ» компаниясының бизнес операциялар жөніндегі директоры Назаркасимова Алия және республика мұғалімдері қатысты.

 

Байқаудың ашылу салтанатында «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ Басқармасының төрағасы Ахметова Гүлнас Кенжетайқызы Мемлекет басшысының үздіксіз білім беру жүйесінің барлық деңгейдегі педагогикалық кадрларының кәсіби дамуының жоғары сапасын қамтамасыз етуде педагогтердің біліктілігін арттырудың жаңа моделін құру туралы тапсырмасын жүзеге асыру аясында өткізілген байқаудың маңыздылығына тоқталды.

 

Республикалық байқау төрт кезеңнен тұрды. Конкурсқа педагогтер Қазақстанның түкпір-түкпірінен қатысты. 25 мамыр мен 12 маусым аралығындағы бірінші кезеңге 601 жұмыс ұсынылды. Оның қорытындысы бойынша екінші кезеңге 248 жұмыс жіберілді, олардың 179-ы жалпы білім беретін мектеп мұғалімдері болса, 69-ы техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарынан. 20 және 30 маусым аралығында өткен екінші кезеңде қатысушылар «Microsoft Kazakhstan» компаниясының білім беру порталында міндетті тегін қашықтықтан оқытудан өтті. Үшінші, облыстық кезең «Өрлеу» филиалдарында 1 қыркүйек пен 20 қазан аралығында өтті, оның қорытындысы бойынша республикалық кезеңге 30 жұмыс ұсынылды.

 

Республикалық байқауға әр қатысушы оқытудың инновациялық әдістері мен сапасын арттыратын стартап ұсынды. Мұғалімдер үшін стартап – ең алдымен оқушыларды жаңа білім алуға ынталандыратын заманауи білім беру технологияларымен байланысты инновациялық идеялар.

 

«SMART-педагог Өрлеу: кәсіби табысқа апарар жол» мектеп мұғалімдері мен колледж оқытушыларының республикалық байқауының қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлерге диплом және ақшалай сыйлықтар, ал барлық қатысушыларға сертификаттар табыс етілді.