Алашорданың 100 жылдығына арналған «Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Алашорданың 100 жылдығына арналған «Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

2017 жылғы 10 қарашада Астанадағы ЭКСПО Конгресс орталығында Мемлекеттік хатшы Г.Н.Әбдіқалықованың қатысуымен Алашорданың 100 жылдығына арналған «Рухани жаңғыру: Алаш және азаттық идеясының сабақтастығы» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

 

Алқалы жиынға танымал қоғам қайраткерлері, Парламент депутаттары, Қазақстанның барлық өңірлерінен, сондай-ақ алыс-жақын шетелдерден келген Алаштанушы ғалымдар мен тарихшылар, ғылыми және шығармашылық зиялы қауым өкілдері қатысты. Елбасының тапсырмасы бойынша ұйымдастырылған халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция Алашорданың ғасырлық мерейтойына орай жыл басынан бері еліміздің барлық аймақтарында өткізілген түрлі деңгейдегі іс-шаралардың қорытындысы деуге болады.

 

Мемлекеттік хатшы конференцияға қатысушыларға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау хатын оқып берді.

 

Құттықтау хатта «Алаш қозғалысының ХХ ғасыр басындағы қазақ халқының саяси, әлеуметтік құқықтарын қорғау, ұлттық бірегейлігін сақтап қалу жолындағы күресі – елге қызмет етудің жарқын көріністерінің бірі. Алаш қозғалысының пассионарлық идеялары біздің ата-бабаларымыздың азаттық алып, дербес мемлекет құру жолындағы сан ғасырлық аманатымен ұштасып жатыр» делінген.

 

Сондай-ақ, Мемлекеттік хатшы өз сөзінде Алашорда қайраткерлерінің идеялары мен  қазіргі рухани жаңғырудың арасындағы тығыз сабақтастықты әйгілеу еліміздің кешегісі мен бүгінін ертеңгі мұраттарға жалғауға ықпал ететінін атап өтті.

 

Конференцияның Пленарлық мәжілісі ХХ ғасыр басындағы әлемді сілкіндірген оқиғалар аясындағы Алаш қозғалысының қызметін ашып көрсеткен секциялық басқосуларға ұласты.

 

Жиын соңында ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысушылар Алаш арыстарын ұлықтау, олардың мұраларын зерттеуді жүйелеп, жас ұрпақты патриоттық рухта тәрбиелеу ісін Алаш мұраттарымен де сабақтастыру мәселелері көрініс тапқан қарар қабылдады.

 

Конференция «Алаш аманаты» атты концерттік бағдарламамен аяқталды.