ҒАЛЫМДАРДЫ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУ

ҒАЛЫМДАРДЫ КӘСІБИ МЕРЕКЕСІМЕН ҚҰТТЫҚТАУ

12 сәуір – Қазақ ғылым академиясының тұңғыш президенті Қаныш Имантайұлы Сәтпаевтың туған күнінде еліміздегі ғалымдар кәсіби мерекесін атап өтеді. Биыл шоқтығы биік ғалымның туғанына 120 жыл толуы атап өтілді. Салтанатты шара Ғылым ордасында бес жүз адамның қатысуымен ұйымдастырылған. Олардың қатарында ғалымдар, ЖОО, ғылыми-зерттеу және қоғамдық ұйым өкілдері бар.

Ұлттық ғылым академиясының президенті Жұрынов Мұрат Жұрынұлы Қаныш Имантайұлының таңғажайып тұлғасына тоқталып, еңбегі мен жетістіктері жайлы әңгімеледі. Қаныш Сәтпаев Қазақ ғылым академиясының тұңғыш президенті ғана емес, осы мекеменің құрылысуына мұрындық болған жан. Мемлекет және қоғам қайраткері бар саналы ғұмырын отандық ғылымның дамуына арнап, Қазақстан геолог-металлогенистер мектебінің негізін қалады.

Satbayev University ректоры Бейсембетов Ескендір Қалыбекұлы қонақтар алдында «Қаныш Сәтпаев ісінің жалғасы және Сәтпаев университетінің 85 жылдығы» атты баяндама жасады.

Вице-министр Жақыпова Фатима Надырқызы мен шет елдік ғылым-білім саласы өкілдері - шет елдік қонақтар да сөз алып, құттықтады. Кейіннен қорытынды шығарылып, ғалымдар еңбегі мен жетістігі үшін марапатталды.

Ғалымдарды марапаттау тек Ғылым ордасы қабырғасында ғана өткен жоқ. Мерекеге орай бүкіл республика бойынша марапаттар мен мемлекеттік сыйақылар тапсырылды. Жоғары оқу орындарында конференциялар ұйымдастырылып, жас ғалымдар мен студенттер өз жобалары мен идеяларын ұсынды. Мұндай конференцияға қатысушылар тек ғана сыйлық емес, шет елдегі жоғары оқу орындарында тәжірибеден өтуге де мүмкіндік алады.