Биотехнология әдістерін пайдаланып жеміс және жаңғақ дақылдарының суперэлитті көшеттерін өндіру
биология ғылымдарының докторы Ромаданова Наталья Владимировна
1) Алматы қ., ҚР БҒМ ҒК «Өсімдіктер биологиясы және биотехнологиясы институты» ШЖҚ РМК; 2) Алматы обл., «Интеграция-Тургень» ЖШС
2017-2020 жж.
Жобаның мақсаты: Криотерапия және микроклондық көбейту меншікті технологиялары негізінде алма, орман және грек жаңғақтарының суперэлитті көшеттерін өндіруді ұйымдастыру.
Күтілетін нәтижелер:
Тазалық дәрежесі жоғары алма, грек және орман жаңғақтарының бағалы сорттарының, клондық екпе ағаштарының сауықтырылған in vitro коллекциясы жасалады.
ҒҒТҚН сипаттамасы:
2013-2015 жж. «Биотехнология әдістері негізінде алманың перспективті сорттары мен клонды екпе алма ағаштарының криогенді банкін жасау» тақырыпты 0491/ГФ3 ҒЗЖ жүзеге асырылған. Жоба бактериалды, саңырауқұлақтық, вирустық инфекциялардан сауықтырылған алма ағашының перспективті сорттарын, клондық екпе алма ағаштарын және жабайы өсетін алма формаларын in vitro дақылында алу биотехнологиясына және тазалық дәрежесі жоғары өсімдіктер өсетін аумақтың іргесін қалау үшін алғашқы материалдар ретінде гермоплазманың криогенді банкін құруға арналды. Зертханада in vitro жағдайында криотерапия, яғни өте төмен температурамен (-196°С) әсер ету арқылы ұлпалық дақылдарды сауықтыру әдісін пайдалану арқылы жалғыз дара бастапқы өсімдіктен алманың жоғары сапалы суперэлитті өсімдік материалы алынды. Вирустық жиілікті бақылау полимеразды тізбекті реакция (ПТР-талдау) әдісі көмегімен молекулярлы тестілеу жолымен іске асырылды. In vitro дақылында алынған және криобанкте сақталған алманың гермоплазмасының үлгілері элитті тәлімбақтардың негізін қалау үшін селекциялық үдерісте пайдаланылуы мүмкін, яғни көшеттердің тәжірибелік үлгілері алынды. Алманың сауықтырылған көшеттерін алудың биотехнологиялық регламенттері жасалды.
Артықшылықтары:
- көшеттер коммерциялық маңызы бар таңдап алынған өсімдік материалынан алынады;
- көшеттер бактериалды, саңырауқұлақтық және вирустық инфекциялардан тазартылған болады (суперэлита класы);
- көшеттерді өндіру жыл бойы жүргізіледі – жаппай сипатқа ие болады;
- болжалды өнім – көшеттерден алынған жемістердің сапасы жоғары болады, өнімділік 4-тен 60 т/га дейін көтерілуі мүмкін;
- көшеттердің, ал кейіншелік жемістерінің өзіндік құны нарықтық бағадан төмен болады.
Жобаның ағымдағы жағдайы:
Алматы және Түркістан облыстарында орман жаңғағының және грек жаңғағының, алманың коммерциялық бағалы сорттарының, клондық екпе ағаштарының және жабайы өсетін формаларының өсімдік материалы жиналды. Жиналған өсімдік материалы in vitro дақылына енгізілу сатысында.
In vitro дақылына енгізілген зақымдалу белгілері жоқ өскіндер эндофитті (бактериалды және саңырауқұлақтық) инфекцияға тексеріліп жатыр. Микроклонды көбейту жолымен асептикалық зақымдалмаған өскіндердің саны көбейтілуде.
Өсімдік материалының РНҚ бөліп алу және ПТР-талдау арқылы вирустық аурулардың диагностикасы жасалып жатыр. Криотерапия көмегімен вирустық инфекциямен зақымдалған in vitro өскіндерді сауықтыру жұмыстары жасалып жатыр. Сауықтырылған өсімдік материалы in vitro жағдайында көбейтіліп және тамырландырылып жатыр.
Тамырланған өскіндер топыраққа көшіріліп, көшеттердің жылыжай жағдайларына бейімделуі жүргізілуде. Көшеттердің бірінші топтамасы ашық жерге егілу үшін және сатылым жасауға «Интеграция-Тургень» ЖШС жіберілді.
Даму перспективалары:
Жақын уақытта келесі жұмыстарды жалғастыру жоспарланып жатыр: in vitro дақылында өсімдік материалын көбейту; вирустық аурулармен зақымдалған өскіндерді сауықтыру; in vitro дақылында вируссыз асептикалық өсімдіктерді тамырландыру; тамырланған өсімдіктерді in vivo жағдайына көшіру және бейімдеу.
Өсімдік материалын in vitro дақылына жаппай енгізу есебінен өнімділікті арттыру жоспарланып жатыр. Сауықтырылған көшеттерді шаруа қожалықтарына сатуды ұйымдастыру.