2021 жылғы 13 тамызда педагогтердің Тамыз конференциясы аясында «Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде сапаны қамтамасыз етудің ұлттық жүйесі» панельдік сессиясы өтті.
Панельдік сессия жұмысын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі Қ.А.Ерғалиев пен Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының өкілі Л.К.Булебаеваның құттықтау сөзінен басталды.
Панельдiк сессия жұмысына ҚР жоғары оқу орындарының академиялық мәселелері бойынша проректорлары, ЖОО-лардың сапаны қамтамасыз ету бойынша құрылымдық бөлімшелерінің басшылары, Аккредитациялық агенттіктердің басшылары және басқа да мүдделі тұлғалар қатысты. Конференцияға республиканың барлық аймақтарынан 5 мыңнан астам педагогтер қатысты.
Панельдiк сессияда ЖОО-ларда академиялық сапаға қол жеткізу мәселелері қаралды. Сапаны жақсарту мәселелерін шешу жолдары, сапаны қамтамасыз ету жүйесінің барлық деңгейлерінің өзара байланысы мен өзара әрекеті (ішкі және сыртқы жүйелер), білім беру процесінің барлық субъектілері арасында сапа мәдениетін дамытудың принциптері, механизмдері және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруде сапаны қамтамасыз етудің жүйесін бағалау құралдары талқыланды.
Баяндамашылар: С.М. Өмірбаев – «Astana IT University» ЖШС стратегия және сапамен қамтамасыз ету бойынша проректоры, Г.С. Жарасова – ҚР БҒМ Білім және ғылым комитеті төрағасының орынбасары, Тишански Виктория – Foundation for International Business Administration Accreditation (Германия) халықаралық рәсімдер бөлімінің басшысы және Г.К. Бердалиева – Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің стратегия және мониторинг басқармасының басшысы.
Панельдiк сессия жұмысының қорытындысы бойынша қатысушылар панельдiк сессия тақырыбына сәйкес пiкiр алмасып, ұсынымдар қабылданды.