2017 жылғы 2-ші қыркүйекте Астана қаласындағы Халықаралық мектепте «Болашақ кілті – жастарда» тақырыбына арналған жиын ұйымдастырылады

2017 жылғы 2-ші қыркүйекте Астана қаласындағы Халықаралық мектепте «Болашақ кілті – жастарда» тақырыбына арналған жиын ұйымдастырылады

2017 жылғы 2-ші қыркүйекте Астана қаласындағы Халықаралық мектепте «Болашақ кілті – жастарда» тақырыбына арналған жаңа оқу жылының басталуын мерекелейтін салтанатты жиын ұйымдастырылады. Сағат 09.00-де мектептің үлкен спорт залында  1-2-сыныптар, сағат 10.30-да – 3-4-сыныптар және сағат 12.00-де 5-9-сыныптардың оқушылары бас қосады. Биылғы мерекелік жиында «Мәңгілік Ел» жалпыұлттық патриоттық идеясын жүзеге асыру және Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласындағы қоғамды рухани жаңғыртудың басымдықты бағыттарын оқушылар арасында кеңінен насихаттау көзделеді.

 

Іс-шара үстінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік әнұраны орындалып, бүлдіршіндерді бірінші сыныпқа салтанатты қабылдау рәсімі өткізіліп, оларды мектептің әкімшілігі, ұстаздары, қонақтар мен қамқоршылық кеңес мүшелері құттықтайды. Осы тұста көпшілік назарына түрлі концерттік бағдарламалар ұсынылмақ. Сағат 10.30 және 11.10 аралығында бір топ өнерлі оқушы көлемді кілт түріндегі атрибутпен «Болашақ кілті –жастарда» атаулы флешмобта би билейді. 

 

Үшінші мәрте жиналған оқушылардың көз алдында Назарбаев Университетін жаңа бітіріп келген химия пәнінің мұғалімі Шабденова Назира Муратовна мен Абай атындағы Қазақ ҰПУ түлегі, дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Сапаргазинова Жадыра Кайратовна есімді жас мамандар салтанатты жағдайда мектеп қызметкерлерінің қатарына қосылады. Қос маманға «Назарбаев Зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы атынан «кәсіпке кіріскендерін» білдіретін естелік төсбелгілері табысталады.

 

Сағат 13.30 және 14.00 аралығында Білім күнінің негізгі шарасы, яғни Елбасының аты аталған бағдарламалық мақаласы жайлы фильмнің көрсетілімі өтеді (https://youtu.be/T7JvFcdnreI). Аталмыш фильм «Бір шаңырақ астында» форумының аясында мәжіліс залында көрсетіліп, 6-9-сыныптардың оқушылары бағдарламалық мақаланы іске асыруға бағытталған Назарбаев Зияткерлік мектептерінің жобаларымен танысады. Мәселен, «Қазақстандағы 100 жаңа есім» жобасының арқасында шәкірттер өз өңірінің дамуына және тәмәмдаған мектебінің оң имиджін қалыптастыруға елеулі үлес қосқан, өмір жолы мен жеткен жетістіктері көп адамға үлгі болуға лайық азаматтар жайлы танып біле алады.

 

Оған қоса бүкіл мектепте 1-5-сыныптарға арналған «Мен – елімнің патриотымын» тақырыбын қозғаған кураторлық сағаттар өткізіледі. Тәрбие сағаттары барысында ұстаздар, ата-аналар мен оқушылар жаңа қазақстандық патриотизмнің идеялық негізін талқыға салмақ. Сондай-ақ, елдің тәуелсіздігін нығайту және тарихи мұрасын сақтауда оқушылардың бойында азаматтық жауапкершілік сезімін қалыптастыруға және қазақстандық патриотизм идеясын Назарбаев Зияткерлік мектебінің әр оқушысы мен педагог қызметкерінің өмірлік принциптеріне айналдыруға көп көңіл бөлінеді деп жоспарлануда.

 

 

------------------------------

 

Астана қаласындағы Халықаралық мектеп өз қызметін 2013 оқу жылы Қазақстанның білім беру жүйесін реформалау үрдісінде маңызды рөл атқаратын, математика және жаратылыстану бағытындағы 20 мектепті біріктірген «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның филиалы ретінде бастады.

 

Астана қаласындағы Халықаралық мектепте үш тілде (қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде) білім беріледі. Оқу орны халықаралық бакалавриаттың мектепке дейінгі білім беру мен бастауыш мекеп бағдарламасы (IB PYP) бойынша авторизациядан сәтті өткен және негізгі орта мектеп бағдарламасын (IB MYP) ұсынуға үміткер мектеп ретінде халықаралық білім стандарттарын енгізуде. 2013 жылғы қыркүйекте мекеме 40 оқушымен ашылса, қазіргі таңда мектепте балабақшадан 9-сынпқа дейін 1000-нан астам шәкірт оқиды.

 

 

 

Уақыты: 2017 жылғы қыркүйектің 02-сі, 09:00/10:30/12:00

 

Орны: Астана қаласындағы Халықаралық мектеп, «Арман қала» тұрғын үй кешені, Түркістан к-сі, 32/1.

8 7172 91 61 77 (ішкі номер: 2930), 8 701 148 32 32 (Фатима Мухамедьярова)