ҚР ҒБМ 8 жасар қызды педофилден арашалап қалған 11 сынып оқушысы Тимурбек Жамаладдиновті марапаттады

ҚР ҒБМ 8 жасар қызды педофилден арашалап қалған 11 сынып оқушысы Тимурбек Жамаладдиновті марапаттады

2017 жылдың  21 сәуірінде 8 жасар қызды педофилден арашалап қалған 11 сынып оқушысы Тимурбек Жамаладдиновті марапаттау рәсімі өтті.

2017 жылдың 21 сәуірінде Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Абдрасилов 8 жасар қызды педофилден арашалап қалған Алматы облысы Түрген ауылындағы Д.А.Қонаев атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Тимурбек Жамаладдиновке .

 

Жиын барысында, қаршадай қызды арам ниетті жаннан құтқарып, күдіктіні ұстауға жәрдемдескен Тимурбек Жамаладдиновке Ғылым комитетінің төрағасы ҚР Білім және ғылым министрі Е.Сағадиевтің атынан алғыс хат табыстап, соңғы үлгідегі планшет пен ұялы смартфон тарту етті.

 

ҚР БҒМ Ғылым комитетінің төрағасы Болатбек Әбдірасылов:

 

Бүгінгі біздің жиналып отырған басты себебіміз – нағыз азаматқа құрмет көрсету, сонымен қатар, қоғамда адамгершілік, жанындағыларға қол ұшын беру, патриоттылық сияқты адами қасиеттерді дәріптеу. Өздеріңізге белгілі, 14 сәуір күні Алматы облысы, Түрген ауылында 8 жастағы қызға 32 жастағы ер адам шабуыл жасамақ болған еді. Оқиғаның куәгері болған Тимурбек Жамаладдинов теріс ниетті ер адамды итеріп жіберіп, қызды оның құрсауынан құтқарып қалған болатын. Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданы Түрген ауылында 8 жасар қызға шабуыл жасаған 32 жастағы адамнан құтқарып қалған Тимурбекті арнайы шақыртып отырмыз. Тимурбек Тәуелсіздікпен құрдас, Егемен елдің бүгінгі жас батыры. Баламыздың бұл әрекетін батырлық деп бағалауға болады. Тимурбектің ерлігіне қарап Қазақстанымыздың болашағы қандай екенін батыл елестетуге болады.

 

Көпшілік алдында сөз сөйлеген батыр азамат Білім және ғылым министрі Сағадиев мырзаға, білім грантын беріп жатқан облыс әкімі А.Батталов мырзаға, сонымен қатар өзі білім алып жатқан мектебінің ұстаздарына шексіз алғысын білдірді. Сонымен бірге, ол істі ерлік деп есептемейтінін тілге тиек ете келе: «Менің орнымда басқа оқушы болса да оны арашалап қалар еді», - деп ағынан жарылды. 

 

Тимурбектің осы ерлігі үшін Алматы облысының әкімі Амандық Батталов оқу грантын тағайындаған болатын. Бірақ, болашағынан зор үміт күтірерлік мектеп бітіргелі отырған ол: «Менің арманым - мал дәрігері болу. Оқу грантын тағайындап жатыр ғой, алғыс айтамын. Бірақ, өзімді сынап, ҰБТ тапсырып көрмекпін», - деді өз сөзінде.Жиын соңында, ғалым Әбсаттар қажы Дербісәлі батыл да батыр азаматқа ақ жол тілеп, батасын берді. Осылайша, ізгі шара нағыз ер азаматқа игі ісі үшін лайықты қошмет көрсетумен аяқталды.

 

Іс-шараға еліміздің жетекші ғалымдары мен ҚР ҰҒА академиктері, ғылыми-зерттеу институттарының жетекшілері, ғылыми қызметкерлер, жас ғалымдар мен БАҚ өкілдері қатысты.

 

Марапаттаудың басты мақсаты - нағыз азаматқа құрмет көрсету, сонымен қатар, адамгершілік, жанындағыларға қол ұшын беру, бауырмалдылық  сияқты адами қасиеттерді дәріптеу әрі қоғамда насихаттау болып табылады.