Қазақстанда ғалымдар төсбелгілермен және құрмет грамоталарымен марапатталды

 Қазақстанда ғалымдар төсбелгілермен және құрмет грамоталарымен марапатталды

12 сәуірде Ғылым қызметкерлері күніне арналған «Қазақстандағы ғылым коммерцияландыру жағдайында» форумы бойынша ҚР ҰҒА 6 академигі ғылыми жобаларды іске асырудағы жоғары нәтижелері үшін марапатталды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылық ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген ғылым қайраткері Елешева Р. Е., техника ғылымдарының докторы, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген ғылым қайраткері Әшімов А. А., экономика ғылымдаарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының Еңбек сіңірген ғылым қайраткері Сатыбалдин С. С.,техника ғылымдарының докторы, профессор Рогов Е. И.. Сонымен қатар, ғылыми жобаларды қаржыландыруға елеулі үлес қосқаны үшін «Интеграция» халықаралық қорының президенті, экономика ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі, «Қазақстан Еңбек Ері»  атағыының иегері Терещенко С. А., Capital Partners компаниясының Директорлар кеңесінің төрағасы және ортақ иесі  Жұмашев С. С.«Қазақстан Республикасында ғылымды дамытуға  қосқан үлесі үшін» төсбелгілері табысталды. Ғылыми жобаларды іске асырудағы жоғары нәтижелері үшін ҚР ҰҒА академигі география ғылымдарының докторы, профессор, ЮНЕСКО-ның қамқорлығымен 2 санаттағыы Орталық-Азия гляциологиялық орталығының негізін қалаушы Северский И. В. және Р. Сулейменов атындағы Шығыстану институтының бас ғылыми қызметкері, тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА мүше-корреспонденті Әбусеиітова М. К. Білім және ғылым министрінің құрмет грамоталарымен марапатталды.

 

Форумда Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Е. К. Сағадиев сөз сөйледі. Министр өз сөзінде ғылымды «жаңғырту 3.0» мәнмәтінінде дамытудың негізгі басымдықтарына баса назар аударды. Сонымен қатар, ведомство басшысы 2016 жылғы ғылымды және (немесе) ғылыми-техникалық қызметті комммерцияландырудың аралық қорытындысы туралы және ғылымды одан әрі дамытудың жоспарлары туралы баяндады. Мысалы, 2016 жылы бизнес ғылыми жобаларды 3 жыл бойы қаржыландыруға 1 млрд. тг. бөлді. Министр ғылымды дамытуда мемлекеттік сектор мен бизнестің жауапкершілігін бөлудің маңыздылығын атап өтті:

 

«Ғылыми жобаларды қаржыландырудың жаңа жүйесі енгізілуде. Егер гуманитарлық және фундаменталды зерттеулерді былай қойсақ, онда басты мәселе шешіледі деуге болады. Ғалым ақшаны бизнестен алып, оның тиімділігін дәлелдеуге тиіс деп санаймыз. Сонда бизнес берген әрбір тиынға қосымша қаржы бөлеміз».

 

Форум аясында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің төрағасы Б. С. Әбдірасилов пен «Ғылым қоры» АҚ президенті Сұлтанғазин Әнуарбек Жалелұлы ғылыми қызметтің нәтижелерін коммерцияландыру мен ғылымды дамыту мәселелеріне арналған панельді секциялар өткізді.

 

Көрмеде ғылыми қызметті коммерцияландыру жобалары ұсынылды.

 

Форум жұмысына Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, академиктер мен ғалымдар, Ұлттық ғылыми кеңестердің мүшелері, жоғары оқу орындарының және ғылыми ұйымдардың басшылары қатысты.

 

АНЫҚТАМА: Бүгінде Қазақстанда ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерге 390 ұйым қатысады, оларда 24,7 мыңнан аса маман жұмыс істейді, оның ішінде 18,4 мыңы — зерттеушілер.