
Бүгін мемлекеттік қызметкерлер күнін мерекелеу қарсаңында салтанатты жиын өтті. Осыған орай, Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өз әріптестерін кәсіби мерекелерімен құттықтады.
- Мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделінің жүргізіліп жатқан реформасы халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болғаны белгілі. Мемлекет басшысы мемлекеттік қызметшілердің кәсіби шеберлігін дамытуға, азаматтарға тиімді қызмет көрсетуге, мемлекеттік органдарда сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтуге баса назар аударуды тапсырған болатын. Мемлекеттің күші - елімізді алға жылжытып, оны заманауи және табысты ету қабілетіне ие қызметкерлерінде. Мемлекеттік қызмет - мемлекеттік басқаруды ұйымдастыруда жетекші рөл атқаратын барлық мемлекеттік жүйенің маңызды элементтерінің бірі. Кез келген ұйымдастырылған қоғамда мемлекеттік басқарусыз, яғни мемлекеттік қызметкерлерсіз жұмыс істеу мүмкін емес. Билікке деген сенім мемлекеттік қызметкерден басталады. Мереке қарсаңында Сіздерге шын жүректен зор денсаулық, бейбітшілік, келісім, отбасылық амандық, халыққа қызмет ету және өзінің кәсіби шеберлігін арттыру жолында сәттілік тілеймін,- деді Министр.
Одан әрі, Асхат Аймағамбетов ҚР БҒМ жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру департаменті басшысының орынбасары Светлана Исмагулова және Әкімшілік жұмыс және мемлекеттік сатып алу департаменті материалдық-техникалық қамтамасыз ету және ұйымдастыру жұмыстары жөніндегі басқарма жетекшісі Жанат Игисиновке «Үздік мемлекеттік қызметші» медалін тапсырды.