
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Арыс қаласында төтенше жағдай кезінде әйел адамға босануға көмектескен педагогтармен кездесіп, оларды Құрмет грамоталарымен марапаттады.
- Біздің әріптестеріміз үлкен адамгершілік пен батылдық танытты. Ауыр жағдайға тап болған жас қызға үлкен көмек көрсетіп, кішкентай нәрестенің өмірге келуіне себепкер болып отыр. Олар Министрлік өкілдері ретінде тестілеудің ашықтығын қамтамасыз етіп қана қоймай, сондай-ақ өз қауіпсіздігі мен басқалардың өмірін құтқару мүмкіндігі арасында таңдау қажет болған қиын жағдайда адамгершілік қасиеттерін сақтай білді, - деп ерекше атап өтіп, Балбөпе Утенова, Жанат Нуржуманова және Шайза Доскееваны Құрмет Грамоталармен марапаттады.
Естеріңізге сала кетсек, 24 маусым күні Арыс қаласында Ұлттық бірыңғай тестілеу өткізілді. Осы ретте Білім және ғылым министрлігінің өкілдері осы өңірге ҰБТ өткізуге жіберілген болатын. Жарылыс кезінде олар жергілікті тестілеу пунктінде жұмыс істеп, тестілеу пунктінде соңғы лектің аппеляциясын жүргізіп жатқан еді. Жарылыстан кейін БҒМ өкілдері жергілікті халықпен бірге Шымкент қаласына бет алып, онда жол бойында екіқабат әйелді және жарылыс кезінде ауруханадан қашып кеткен жергілікті акушерді қарсы алады. Жол бойында, Ақжар ауылында олар бірінші үйге кіріп, акушерге үй жағдайында жас ананы босандыруға көмектесіп, нәтижесінде кішкентай сәби дүниеге келді. Балбөпе Утенова балаға кіндік кесіп, "Кіндік шеше" атанды. Барлық адамдар қашып, өз өмірін сақтап қалуға тырысқан жағдайда, педагогтар қауіп туралы ұмытып, осындай қиын сәтте батылдық танытқан болатын.