
23 ақпан Баянауыл ауданына қарасты Жаңажол, Күркелі, Шөптікөл, Торайғыр, Ақсан ауылдық округінің тұрғындары мен оқушылары үшін ерекше қуанышты күн болды. Аудандық мәдениет үйінің жанында Баянауыл ауданының шалғайдағы елді-мекендерде тұратын балаларды жалпы орта білім беру ұйымдарына тасымалдау үшін ауылдық округтерге судай жаңа ПАЗ-32053 автобустарын салтанатты түрде табыстау рәсімі өтті.
Автобус кілттерін табыстау рәсімінде аудан әкімі О.Ә.Қайыргелдинов аудан бойынша 10 мектепке 8 ауылдық округке қарасты 9 елді-мекеннен оқушыларды тасымалдау жүргізілетінін айтты. Бүгінде 5 автобус кілті табысталды. Баянауыл ауылына берілетін 1 автобус наурызда алынады. Ағымдағы жылы облыс әкімі Болат Жұмабекұлы Бақауовтың тікелей қолдауымен 55446,0 млн.теңге қаражат ауданымыздың 6 ауылдық округі: Баянауыл, Ақсан, Жаңажол, Шөптікөл, Күркелі және Торайғыр ауылдарының дамуына бөлінген.
Ақсан ауылдық округінің ардагер ұстазы және тұрғыны Қабыкен Әлжанұлы Әлжанов ата-аналар қауымының атынан алғыс айтты.