
Игі шара Елбасы Н.Ә. Назарбаевтың балалардың мектепке баруын қамтамасыз ету тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында «Қамқорлық» қайырымдылық акциясы шеңберінде қолға алынып отыр.
Акцияның мақсаты – оқумен қамтылмаған мектеп жасындағы балаларды анықтау, аз қамтылған және көп балалы отбасылардан шыққан, жетім және мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға қолдау көрсету.
Барлық білім беру ұйымдарында акцияны өткізу бойынша бұйрық шығарылды, іс-шаралар жоспары бекітілді, ақпараттық бұрыш әзірленді. Барлық жоспарланған іс-шаралар оқумен қамтылмаған оқушыларды анықтауға, аз қамтылған және әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардағы балалардың тұрмыстық жағдайларын тексеруге және оларға қол ұшын созуға бағытталады.
Оқушыларға және тәрбиеленушілерге қаржылық және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаржы жергілікті атқарушы органдардың бюджетінде қарастырылған жалпы білім беретін мектептерді ағымдағы күтіп ұстау шығындарынан кемінде бір пайыз көлемінде аудару есебінен тартылады.
2017 жылғы 16 қаңтардағы жағдай бойынша Астанада ата-ана қамқорлығынсыз қалған және жетім 980 бала, аз қамтылған отбасылардан шыққан 1572 оқушы бар.
АНЫҚТАМА ҮШІН:
2016 жылы «Қамқорлық» қайырымдылық акциясы шеңберінде 2 848 балаға қолдау көрсетілді. Оған 19 143 334 теңге жұмсалды. Оның ішінде 8 043 336 теңге бюджеттік қаржы, 11 099 998 теңге демеушілердің бөлген қаражаты есебінен. Акция аясында 2 970 мұғалім 70 785 пәтерді аралап, балалардың жағдайымен танысты.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 64 қаулысымен бекітілген «Әлеуметтік қорғалмаған білім алушылар мен күнкөрісі төмен отбасылардан шыққан білім алушыларға қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты жұмсау ережелерінің» 1 тармағына сәйкес материалдық көмек көрсетіледі:
1) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға;
2) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын, жан басына шаққандағы табысы ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасынан төмен отбасылардан шыққан балаларға;
3) жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалып, отбасыларда тұратын балаларға;
4) төтенше жағдайлардың салдарынан шұғыл жәрдемді талап ететін отбасылардан шыққан балаларға;
5) білім беру ұйымының алқалы басқару органы айқындайтын білім алушылар мен тәрбиеленушілердің өзге де санаттарына (бұдан әрі - білім алушылар мен тәрбиеленушілер) қаржылай және материалдық көмек көрсетуге бөлінетін қаражатты қалыптастыру, жұмсау бағыты мен есепке алу тәртібін айқындайды.
Аталған ережелердің 4 тармағына сәйкес білім алушылар мен тәрбиеленушілерге қаржылай және материалдық көмек көрсетуге қаражат ата-аналарының немесе олардың орнындағы адамдардың не кәмелеттік жасқа жеткен білім алушының өтініші негізінде бөлінеді. Ата-аналардың немесе олардың орнындағы адамдардың не кәмелеттік жасқа жеткен білім алушының өтініші осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша бірінші басшының атына білім беру ұйымына беріледі.
Ата-аналардың немесе олардың орнындағы адамдардың не кәмелеттік жасқа толған білім алушының өтінішіне төмендегі растау құжаттары қоса беріледі:
1) осы Қағидалардың 1-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген санаттағы тұлғалар үшін өтініш иесінің (отбасының) жергілікті атқарушы органдар ұсынатын мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушыларға тиесілілігін растайтын анықтама;
2) осы Қағидалардың 1-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген санаттағы тұлғалар үшін алынған табысы туралы мәліметтер (жұмыс істейтін ата-аналардың немесе олардың орнындағы адамдардың жалақысын, кәсіпкерлік және өзге де қызмет түрлерінен түсетін табыс, балаларға және асырауындағы өзге де адамдарға алименттер түріндегі табыс);
3) осы Қағидалардың 1-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген санаттағы адамдар үшін жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, отбасыда тәрбиеленетін балалар үшін қорғаншылықты (қамқоршылықты), патронаттық тәрбиелеуді бекіту туралы уәкілетті органның шешімі;
4) осы Қағидалардың 1-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген санаттарды отбасының материалдық-тұрмыстық жағдайын тексеріп-қарау негізінде алқалы орган айқындайды. Көрсетілген санаттарға қаржылай және материалдық көмек көрсету туралы шешім қабылдау үшін алқалы орган қажет болған жағдайда қажетті құжаттарды сұратады.
Жан басына шаққандағы орташа табысы күнкөріс деңгейінен төмен, мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алмайтын отбасылардың жан басына шаққандағы орташа табысы қаржылай және материалдық көмек көрсетуге қаражат тағайындауға (өтініш берген айды қоса алғанда) өтініш берген сәтке дейінгі табыс сомасын жыл басынан айлар санына және отбасы мүшелерінің санына да бөлу жолымен анықталады.
Отбасы құрамындағы орташа жан басына шаққандағы табысты есептеу кезінде ата-аналар (асырап алушылар) және олардың асырауындағы жасы 18-ге толмаған балалар ескеріледі.