
Бүгін ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов жұмыс барысында орны Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінің өкілеттік кеңесінің төрағасы Иылдыз Мусамен кездесті. Сондай-ақ, жиынға Мармара университетінің профессоры, өкілеттік кеңестің мүшесі Симсек Мухиттин және оқу орнының ректоры Болатбек Серікбайұлы Әбдірасылов келді.
Кездесуде университеттің білім сапасы, қаржылық жағдайы, ннфраструктурасы және ботаникалық бағы жайында әңгіме өрбіді. Қонақтар министрге бірқатар тың ойлары мен ұсыныстарын жеткізді. Атап айтар болсақ, университеттің Өкілеттік кеңесінің құрамын қайта қарастыру мәселесі алға қойылды. Оған шетелдік мамандарды тартып, құрылған жаңа құрам оқу орнының стратегиялық жоспарын қайта қарастыру керектігі жайлы сөз қозғалды. Министр өз кезегінде аталған Өкілеттік кеңестің жұмысының маңыздылығын ескере отырып, оның құрамына өзі де кіруге ниетін білдірді. Кездесуде талқыланған екінші тақырып – оқу бағдарламасын халықаралық деңгейге көтеру мәселесі. Ол үшін жаңа технологиялар мен білім берудің алдыңғы қатарлы тәсілдерін енгізіп, оқу бағдарламаларын жаңартуға, интернационализация бағытында даму мәселесіне көбірек назар аудару қажеттігі ескерілді. Сонымен қатар, Түркістанның облыс орталығына айналуына байланысты, инфрақұрылымды дамыту мәселесі басты назарға алынды. Осы орайда, Асхат Қанатұлы жатақханалардың салынуы үшін инвесторларды тарту негізгі мәселелердің бірі екендігін атап өтті. Өкілеттік кеңес төрағасы жиын барысында университетті қаржыландыру туралы да бірқатар ұсыныстарын айтты. Сондай-ақ, кездесуде жоғары оқу орнының материалдық-техникалық базасын нығайтып, ботаникалық баққа қайта жөндеу жұмыстарын жүргізу қажеттігі көтерілді. Сөз соңында, Білім және ғылым министрі Назарбаев университетінің тәжірибесіне сүйене отырып, Қожа Ахмет Ясауи атындағы ХҚТУ-ді халықаралық дәрежеге көтеру керектігін баса айтты.