Білім және ғылым министрлігінде мемлекеттік қызметшілердің әдеп қағидалары талқыланды

Білім және ғылым министрлігінде мемлекеттік қызметшілердің әдеп қағидалары талқыланды

2019 жылғы 26 шілдеде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінде «Мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы және қызметтік әдеп қағидаларын сақтау» тақырыбында семинар өткізілді.

Семинар жұмысына Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің өкілдері қатысты.

Іс-шараның негізгі мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік қызмет туралы заңнаманы және қызметтік әдеп қағидаларын сақтау мәселелерін талқылау.

Семинардың жұмысы барысында жоғарыда аталған мәселелер талқыланды. Агенттіктің әдеп жөніндегі уәкілі Зина Байғаскина қатысушыларға мемлекеттік қызметтегі жемқорлықтың, әдептік құқық бұзушылықтың, сондай-ақ, қызметтік құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне назар аудару керектігін атап өтті.

«Әдеп кодексінің ережелерін әр мемлекеттік қызметкер білуі тиіс. Азамат мемлекеттік қызметке келгенде белгілі өкілеттілікке ие болып қана қоймай, заңнамамен бекітілген шектеулерді қабылдайтынын естен шығармауы керек. Біз өзіміздің әрекетімізбен тәртібімізге жауаптымыз, ал, әдеп принциптерін сақтау кез-келген жағдайда қоғамның мемлекеттік қызметке деген сенімінің негізі болып табылады», - деді Зина Байғаскина.

Агенттіктің бас консультанты Айнұр Еңсегенова өз сөзінде мемлекеттік қызметшілердің әлеуметтік желілердегі аккаунтарын пайдалануы жайлы сөз қозғады. Оның айтуынша, мемлекеттік қызметшілер өздерінің әрекеттері мен тәртіптері арқылы қоғам тарапынан сынауға себеп бермеуі қажет.

Іс-шараның қорытындысында Министрліктің қызметкерлері мемлекеттік органның алдында тұрған жалпы міндеттерді орындау барысында ұжымда түсіністік пен сенімді қалыптастыру керектігін атап өтті. Ол үшін осындай диалогтық алаңдарды ұйымдастырудың маңызы зор екендігін жеткізді.