2019 жылғы 25 шілдеден 31 шілдеге дейін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі А.Қ. Аймағамбетовтің төрағалығымен білім беру гранттарын тағайындау жөніндегі Республикалық конкурстық комиссияның отырысы өтті.
Комиссияның құрамына «Атамекен» Қазақстан Республикасы Ұлттық кәсіпкерлер палатасының, Жоғары оқу орындары қауымдастығының, ҚР БҒМ, Жас Отан жастар қанаты, Студенттер альянсы, Қазақстан Республикасы Денсаулық, Мәдениет және спорт, Ауыл шаруашылығы министрліктерінің, бұқаралық ақпарат құралдарының, Дүниежүзі қазақтар қауымдастығының, «ADAL BILIM», «EDICH-KZ» өкілдері кірді.
Конкурстық комиссия жұмысы барысында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 23 қаңтардағы № 58 қаулысын басшылыққа алды.
Осы жылы білім беру гранттары білім беру бағдарламалары топтары бойынша тағайындалды.
2019-2020 оқу жылына 53 785 грант бөлінді. Білім беру грантын беру үрдісі толықтай автоматтандырылған және ҰБТ сертификатының нәтижесіне сәйкес іске асырылды.
Білім грантын беру конкурсына 64 452 адам қатысты.
Конкурс нәтижесіне сәйкес 1 грантқа орташа 1,29 адам қатысты.
Ең жоғары конкурс келесі бағыттар бойынша байқалады: Медициналық даярлау бағыттары, оның ішінде жалпы конкурс бойынша Стоматология – 137 балл, ауыл квотасы – 135 балл, жалпы конкурс бойынша Фармация – 131 балл, ауыл квотасы – 128 балл, Саясаттану және азаматтық құқықтану – 125 балл, Менеджмент және басқару – 123 балл, Шет тілі мұғалімдерін даярлау – 127 балды құрады.
Техникалық бағыт бойынша Ақпараттық технологиялар – 104 балды, Коммуникациялар және коммуникациялық технологиялар – 105 балды, Фармацевтикалық өндіріс технологиясы – 105 балды құрады.
Республикалық конкурстық комиссияның жұмыс нәтижесі бойынша 46 698 грант тағайындалды.
Қалған 3 206 грант Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2018 жылғы 16 сәуірдегі № 199 қаулысына тиісті өзгерістер енгізілгеннен кейін даярлаудың басым бағыттары бойынша ҰБТ сертификатына сәйкес қосымша тағайындалатын болады.