
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін 25 жылдығымен құттықтады. Білім ордасының ректорымен әңгімелесу барысында ведомство басшысы оқу орнын атаулы күнмен құттықтады. Министр 25 жылдың ішінде Еуразия ұлттық университеті күллі әлем бойынша бәсекеге қабілетті, еліміздің жетекші жоғары оқу орнына айналғанын атап өтті. Құттықтау рәсімінен кейін министр Асхат Аймағамбетов, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов және ЖОО ректоры Ерлан Сыдықов жаңа спорттық-сауықтыру кешенінің ашылуына арналған іс-шараға қатысты.
"Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ғылым мен білімді дамыту және студенттерді қолдау бойынша өршіл мақсаттар қойып отыр. Президентіміз жастардың денсаулығын сақтау және студенттер арасында салауатты өмір салтын насихаттау үшін жағдай жасау жөнінде тапсырма берді. Осы тапсырманы орындау аясында бүгін Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде спорттық-сауықтыру кешені ашылды. Жоғары оқу орнының педагогтері мен студенттерін білім ордасының мерейтойымен құттықтаймын", – деді Асхат Аймағамбетов.