Алғаш рет 2023-2024 оқу жылында барлық білім беру ұйымдарында еліміздің жалпыадамзаттық және ұлттық құндылықтарға негізделген саясаты көрініс тапқан Біртұтас тәрбие бағдарламасы енгізілді. Бағдарлама аясында барлық мектептерде Ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары ашылды. Оның басты мақсаты – балаларды тәрбиелеуде мектеп пен отбасы арасындағы өзара байланысты күшейту, позитивті ата-ана мәдениетін дамыту.
Мемлекет басшысының Түркістанда өткен екінші Ұлттық құрылтайда берген тапсырмасына сәйкес «Балалар кітапханасы» жобасы жүзеге асырылуда. Оқушылардың кітап оқуға қызығушылығын арттыру жөнінде толығырақ оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан баяндады.
Оқуға ұсынылған көркем әдебиеттің тізімі жасалды. Оған қазақ әдебиетінің түрлі жанрлары мен кезеңдерін қамтыған 1700 туынды енді. Оның 76 пайызы отандық, 24 пайызы әлем әдебиетінің таңдаулы туындылары.
2023-2024 оқу жылының қорытындысы бойынша мектеп кітапханаларының кітап қоры тағы да 4 879 781 кітапқа толығып, рекордтық 137 миллион кітапқа жетті.
Бірінші рет 2024 жылы лагерьлердің барлық түрлері үшін бірыңғай талаптар әзірленді. Лагерь жұмысына қосымша білім беру педагогтері мен волонтерлер тартылды, лагерьлерді қабылдау мен нұсқаулық өткізудің респиубликалық мониторингі құрылды.
2024 жылғы жаз маусымында барлығы 3,1 млн оқушыны жазғы демалыспен қамту жоспарлануда. Олар үшін 10 630 лагерь дайындалды.