Педагогтің үздіксіз кәсіби дамуының Ұлттық платформасы арқылы педагогтерді аттестаттаудан өткізу жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру туралы
БІРЛЕСКЕН БҰЙРЫҚ
«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 22-бабына сәйкес, сондай-ақ 2023 жылғы 29 наурызда VIII сайланған Қазақстан Республикасы Парламентінің бірінші сессиясының ашылуында берілген Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмаларын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспарының 17-тармағын орындау үшін БҰЙЫРАМЫЗ:
- Қарағанды облысы бойынша педагогтердің үздіксіз кәсіби дамуының ұлттық платформасы (бұдан әрі – Платформа) арқылы педагогтерді аттестаттауды жүргізу жөніндегі пилоттық жобаны (бұдан әрі – пилоттық жоба) осы бірлескен бұйрыққа қосымшаға сәйкес іске қосылсын.
- Орта білім комитеті, Мектепке дейінгі білім департаменті, Тәрбие жұмысы және қосымша білім департаменті, Техникалық және кәсіптік оқыту департаменті, Инклюзивті білім департаменті, Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту Министрлігінің цифрландыру және мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру департаменті, Қазақстан Республикасы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті, Қарағанды облысының Білім басқармасы, «Өрлеу» «Ұлттық кәсіптік дағдылар орталығы» акционерлік қоғамы, «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау»ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» акционерлік қоғамы пилоттық жобаны іске асыруды қамтамасыз етсін.
- «Өрлеу» «Ұлттық кәсіптік дағдылар орталығы» акционерлік қоғамына және ақпараттандыру объектілері:
1)«Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 49-бабы 2-тармағының 6) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 29 наурыздағы № 123 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16777 болып тіркелген) бекітілген «Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларының 8-тармағына сәйкес пилоттық жоба аяқталғаннан кейін ақпараттық қауіпсіздік талаптарына сәйкестігін сынау нәтижелері бойынша актінің болуын;
2) 2025 жылғы 1 қаңтардан бастап өзінің ақпараттық қауіпсіздіктің меншікті жедел орталығын (бұдан әрі – АҚМЖО) құруды немесе Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне сәйкес үшінші тұлғалардан АҚМЖО қызметін сатып алуды қамтамасыз етсін.
- «Өрлеу» «Біліктілікті арттыру ұлттық орталығы»акционерлік қоғамы, «Ахмет Байтұрсынұлы атындағы «Талдау» ұлттық зерттеулер және білімді бағалау орталығы» акционерлік қоғамы, Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті, РҒПО «Дарын» «Республикалық ғылыми-практикалық орталығы» және ақпараттандыру объектілері «Ақпараттандыру туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 54-бабы 3-2-тармағы, Қазақстан Республикасы Ақпарат және коммуникациялар министрінің міндетін атқарушының 2018 жылғы 29 наурыздағы № 123 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16777 болып тіркелген) бекітілген «Электрондық үкіметтің» ақпараттандыру объектілерін интеграциялау қағидаларының 4-тармағы бойынша ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарға сәйкес ақпараттық жүйелердің интеграциясын, сондай-ақ мемлекеттік және мемлекеттік емес ақпараттық жүйелердің ақпараттық қауіпсіздігі жөніндегі бірлескен жұмыстар шартының болуын қамтамасыз етсін.
- Осы бірлескен бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрлеріне жүктелсін.
- Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі пилоттық жоба кезеңі аяқталғаннан кейін осы бірлескен бұйрықтың 3 және 4-тармақтарында көзделген іс-шаралардың іске асырылуы туралы Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің Ақпараттық қауіпсіздік комитетін хабардар етсін.
- Осы бірлескен бұйрық оған мемлекеттік органдар басшыларының соңғысы қол қойған күннен бастап қолданысқа енгізіледі және 12 (он екі) ай ішінде қолданыста болады.
|
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрі
__________Г. Бейсембаев
|
Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі
__________Б. Мусин
|