Білім беру саласында соңғы үш жылда 412 сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық тіркелді (2018ж. - 145, 2019ж. - 161, 2020ж. 1 тоқсан - 106).
Оларды жасағаны үшін 246 адам (99, 109 және тиісінше 38) қылмыстық жауапкершілікке тартылды, 136-сы (61, 58 және 17) сотталған.
Қылмыстық жауапкершілікке тартылған адамдардың ең көп саны Шығыс Қазақстан (48), Жамбыл (29), Атырау және Түркістан (24-тен), сондай-ақ Қызылорда (18) облыстарына тиесілі.
Сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар білім беру қызметтерінің сапасын төмендетеді, халықаралық қоғамдастық тарапынан біздің білім беру және ғылым жүйесіне деген сенімге нұқсан келтіреді, оны осал етеді. Осының барлығы білім беру жүйесінің кез келген деңгейіндегі білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлықты еңсерудің пәрменді және жұмыс істейтін әдістерін әзірлеуді талап етеді.
Министрлік 3 бағыт бойынша шаралар қабылдауда:
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру;
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие;
- сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру туралы.
Қазіргі уақытта сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру мәселелері білім берудің барлық деңгейлерінде іске асырылуда.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру 4 пәнді оқыту аясында көзделген («Әлем танымы» (1-4 сыныптар), «Өзін-өзі тану» (5-8 сыныптар), сонымен қатар «Адам және қоғам. Құқық »(9-11 сыныптар), жаңартылған мазмұн аясында 9-10 сыныптарға арналған «Құқық негіздері» пәні, 11-сыныптарға 2020 жылғы 1 қыркүйектен бастап).
Басқа пәндер шеңберінде оқушылардың сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетін қалыптастыру бойынша өтпелі тақырыптар қамтылған.
Жаңартылған мазмұндағы орта білім берудің барлық пәндерінің үлгілік оқу бағдарламалары сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті, оның ішінде академиялық адалдықты дарытуға бағытталған.
Педагогтерді сыбайлас жемқорлыққа қарсы оқыту тұрақты негізде жүргізіледі және семинар-практикумдар, қысқа мерзімді біліктілікті арттыру курстарын және педагогикалық кеңестерді ұйымдастыру арқылы жүзеге асырылады.
2 бағыт - Сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие.
Барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарындағы тәрбие жұмысының құрамдас бөліктерінің бірі - білім алушыларда сыбайлас жемқорлыққа қарсы дүниетанымды қалыптастыру болып табылады. Мектептерде, колледждерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы тәрбие оқу бағдарламаларына, сондай-ақ сыныптан тыс іс-шараларға сыбайлас жемқорлыққа қарсы білім беру элементтерін енгізу арқылы жүзеге асырылады.
Әр сынып сағатының төрттен бір бөлігі сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселесіне арналған.
Оқушылар арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениет мәселелері бойынша республикалық шығармалар конкурсы өткізіледі.
Мектеп ортасында сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілік жасау үшін оқушылар арасында флеш-мобтар және басқа да сыныптан тыс іс-шаралар өткізіледі.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар.
2019 жылғы 3 маусымда Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі мен Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі арасында Білім және ғылым саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзара іс-қимыл және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды.
М.С. Нәрікбаев атындағы КазГЮУ университеті базасында «ADAL BILIM» жобалық офисі құрылды. Жобалық офис білім берудің барлық деңгейлері мен ғылым саласы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы аудит жүргізеді.
Офис қызмет көрсету сапасы бойынша бақылау іс-шараларына, қаражатты бөлу рәсімдерін жетілдіруге, нормативтік-құқықтық базаны талдауға қатысады.
«ADAL BILIM» жобалық офисімен бірлескен қызмет аясында білім беру ұйымдарында академиялық адалдық саясатын қалыптастыру және сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтардың алдын алу жүзеге асырылады.
Ағымдағы жылғы 29 мамырда Президент жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі комиссияның отырысында білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың негізгі мәселелері қаралды.
Сонымен қатар, жыл сайын Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігімен ынтымақтастық шеңберінде білім беру саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы талдау бойынша бірлескен кеңестер өткізіледі.