Үйлестіру кеңесі инклюзия мәселелері бойынша жұмыс тобын құрды

Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспанның төрағалығымен «Инклюзивті білім беру» жұмыс тобының отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары, «ПАРЫЗ» жұмыс берушілер ұлттық конфедерациясының, Қоғамдық бірлестіктердің өкілдері қатысты. Кездесуде ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды оқыту және психологиялық-педагогикалық қолдау мәселелері талқыланды.

Айта кету керек, мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау, құқықтарын іске асыру және өмір сүру сапасын арттыру саласындағы мемлекеттік саясатты жетілдіру бойынша ұсыныстар мен ұсынымдар әзірлеу мақсатында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жанындағы Үйлестіру кеңесі құрылған. Осы Үйлестіру кеңесінің бастамасымен «Инклюзивті білім беру» жұмыс тобының төрағасы болып Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан сайланған болатын. Бүгінде елімізде инклюзияға басымдық беру арқылы азаматтарды мемлекеттік әлеуметтік қолдау саясатын дамыту қарқынды жүргізілуде.

Ерекше білім беру қажеттіліктері мен жеке мүмкіндіктерін ескере отырып, білім алушылар үшін білімге тең қолжетімділікті қамтамасыз ету мақсатында Оқу-ағарту министрлігі кешенді жұмыс жүргізуде.

Білім алу үшін арнайы жағдайлар жасау, оның ішінде ерекше білім беруге қажеттілігі бар білім алушылар үшін оқу жоспарлары мен бағдарламаларының икемділігін қамтамасыз ету бойынша талаптар айқындалды.

Мектептердің типтік штаттарына педагог-ассистент лауазымы енгізілді.

Педагогтер мен психологиялық-педагогикалық сүйемелдеу мамандарын инклюзивті практиканы іске асыруға даярлау мақсатында жүйелі негізде олардың біліктілігін арттыру бойынша жұмыс жүргізілуде.

Ұлттық білім беру деректер қорының мәліметтері бойынша мектепке дейінгі ұйымдардың 40% - ы, мектептердің 80% - ы және колледждердің 70% - ы инклюзивті білім беру үшін жағдай жасады.

 

 

Дата публикации
04 декабря 2023