Бұдан әрі «Тараптар» деп аталатын Қазақстан Республикасының Үкіметі және Франция Республикасының Үкіметі,
1992 жылғы 23 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы мен Франция Республикасы арасындағы достық, өзара түсіністік және ынтымақтастық туралы шартқа өзінің адалдығын атап көрсете отырып;
Қазақстан Республикасы мен Франция Республикасы арасындағы
2008 жылғы 11 маусымдағы стратегиялық әріптестік туралы шартқа сілтеме жасай отырып;
Қазақстан Республикасы Президенті мен Франция Республикасы Президентінің 2022 жылғы 29 қарашадағы бірлескен өтінішінің, атап айтқанда, Астана мен Алматы қалаларында екі халықаралық мектебін (бұдан әрі – француздық мектептер) ашу және оларды дамыту мәселесін пысықтауға қатысты оның 11-тармағының ұсынымдарын растай отырып;
Қазақстан Республикасы мен Франция Республикасы арасындағы білім беру саласындағы екіжақты қатынастарды жандандыруға ниет білдіре отырып;
қазақстандық жастардың игілігі үшін сапалы халықаралық білім беру қызметтерін дамытуға өзінің өзара мүдделілігін мәлімдей отырып;
халықаралық мәдени, экономикалық және саяси алмасулардағы француз тілінің маңыздылығын және оны Қазақстан Республикасында оқытуды дамыту қажеттілігін назарға ала отырып;
Қазақстан Республикасында француз тілін оқитын оқушыларды қазіргі заманғы оқулықтар мен оқу құралдарына, оның ішінде Франция Республикасында жарияланған оқулықтарға қолжетімділікпен қамтамасыз етуге ниет білдіре отырып;
төмендегілер туралы келісті:
1-бап
Осы Келісімнің мақсаттары:
Қазақстан Республикасында Астана және Алматы қалаларында екі француз мектебін ашу бойынша ынтымақтастық;
француз тілін бірінші және екінші шет тілі ретінде оқытатын орта оқу орындарында француз тілін шет тілі ретінде үйренуге жағдай жасау.
2-бап
Тараптар осы Келісім шеңберінде өзара іс қимыл жасау кезінде келесі қағидаттарды басшылыққа алады:
адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеу, сақтау және қорғау, заңдылық, теңдік, сенім, объективтілік, тәуелсіздік және жариялылық;
1-бапта көрсетілген мәселелер бойынша уәкілеттік берілген Тараптар ұйымдары мен органдарының іс-қимылдарын үйлестіру, келісу және жоспарлау.
3-бап
Француздық мектептер қазақстандық оқушыларды, сондай-ақ Қазақстан Республикасында тұратын, көпмәдениетті ортада сапалы көп тілді білім алуға ниет білдірген шетел азаматтарын, бітіргеннен кейін халықаралық деңгейде танылатын орта білім туралы француз дипломдарын алуға арналған.
Француз Республикасының Ұлттық білім және жастар министрлігі берген орта білім туралы диплом еуропалық кеңістіктегі жоғары оқу орындарына қол жеткізуге мүмкіндік береді және Тараптардың заңнамасына сәйкес танылады.
Француздық мектептері өз қызметі арқылы Қазақстанда француз тілі мен француз мәдениетін насихаттауға, сондай-ақ Франция мен Қазақстан арасындағы білім беру ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етеді.
4-бап
Француз мектептерінің білім беру қызметін лицензиялау, сондай-ақ бақылау Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.
Франция Республикасының Ұлттық білім және жастар министрлігі француз мектептеріне аккредитация береді.
Халықаралық мектеп мәртебесі бекітілген Халықаралық мектеп мәртебесін беру қағидаларына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің
2012 жылғы 6 ақпандағы № 207 қаулысының ережелеріне сәйкес беріледі.
5-бап
Француздық мектептер Франция Республикасы Еуропа және сыртқы істер министрлігі жанындағы мемлекеттік мекеме – Шетелдегі француздық білім беру агенттігі үйлестіретін оқу орындары желісінің мүшелері болып табылады.
Француздық мектептің қызметі оның жарғысымен анықталады және реттеледі.
6-бап
Француздық мектептерде оқытуды Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес француздық мектептер жалдайтын қазақстандық педагогтер де, шетелдік педагогтер де жүзеге асырады.
7-бап
Француздық мектептердегі білім беру процесі Қазақстан Республикасының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.
Француздық мектептер білім беруді Францияның мемлекеттік оқу орындарында қолданылатын бағдарламаларға, педагогикалық міндеттерге және ұйымдастырушылық нормаларға сәйкес, Франция Республикасының Білім беру кодексінің шетелдегі француздық білім беру мекемелерінің жұмысына қатысты ережелері шеңберінде қамтамасыз етеді.
Оқыту көбінесе француз тілінде жүргізіледі. Сабақтар қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде де өткізіледі.
Француздық мектептер қазақстандық оқушыларға қазақ тілі, қазақ әдебиеті, Қазақстан тарихы және Қазақстан географиясы бойынша оқу бағдарламаларын ұсынады. Француздық мектептер қазақстандық емес оқушыларға Қазақстан Республикасының тілдері мен мәдениетін үйренудің бастапқы курсын ұсынады.
8-бап
Тараптар қазақстандық мектептерде француз тілін оқытуды дамытуға жәрдемдеседі.
Тараптар француз тілі оқытушыларын оқыту әдістемесі, кәсіптік даярлау мәселелері бойынша қазақстандық және француздық орта білім беру ұйымдары арасындағы тәжірибе алмасуды және ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.
Тараптар француз тілі оқулықтарын әзірлеу жөніндегі бастамаларды, сондай-ақ Қазақстан мектептерінде француз тілі бойынша оқу бағдарламаларын жаңғырту жөніндегі бастамаларды қолдайды.
9-бап
Тараптар француз тілін тереңдетіп оқыту жүргізілетін қазақстандық мектептерде екі тілді франкофон секцияларының тізбесін бірлесіп жасайды.
10-бап
Француз тілін оқығаны туралы диплом (DELF) және француз тілін тереңдетіп оқығаны туралы диплом (DALF) – Франция Республикасының Ұлттық білім және жастар министрлігінің дипломдары. Олар француз шет тілін жалпыеуропалық тілдік жүйеге сәйкес меңгеру деңгейін растайды, бұл француздық мектептерге қабылдау кезінде артықшылықтардың бірі болып табылады.
Тараптар қазақстандық оқушылар мен мұғалімдердің лингвистикалық құзыреттерін ресми растау үшін DELF және DALF ілгерілетуге жәрдемдеседі.
11-бап
Осы Келісімді іске асыру мақсатында әрбір Тарап уәкілетті органды (уәкілетті органдарды) айқындайды, ол туралы екінші Тарапты оның күшіне енуі үшін қажетті мемлекетішілік рәсімдердің орындалғаны туралы хабарламамен бір мезгілде хабардар етеді.
12-бап
Осы Келісім Тараптардың әрқайсысының өз мемлекеті қатысушысы болып табылатын басқа халықаралық шарттардан туындайтын құқықтары мен міндеттемелерін қозғамайды.
13-бап
Тараптардың өзара келісімі бойынша осы Келісімге оның ажырамас бөліктері болып табылатын жекелеген хаттамалармен ресімделетін өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.
14-бап
Осы Келісімнің ережелерін қолдануға немесе түсіндіруге байланысты даулар мен келіспеушіліктер консультациялар мен келіссөздер арқылы шешіледі.
15-бап
Осы Келісім Тараптардың оның күшіне енуі үшін қажетті тиісті мемлекетішілік рәсімдерді орындағаны туралы соңғы жазбаша хабарлама дипломатиялық арналар арқылы алынған күннен бастап күшіне енеді
16-бап
Егер Тараптардың ешқайсысы кемінде алты ай бұрын екінші Тарапқа дипломатиялық арналар арқылы оның қолданылуын тоқтату ниеті туралы жазбаша хабарлама жібермесе, осы Келісім белгіленбеген мерзімге жасалады.
Егер Тараптар өзгеше уағдаласпаса, осы Келісімнің қолданылуын тоқтату басталып қойған және/немесе қолданыстағы бағдарламалар мен жобаларға қолданылмайды.
2023 жылғы 1 қарашада Астана қаласында әрқайсысы қазақ, француз және орыс тілдерінде екі түпнұсқа данада қол қойылды, барлық мәтіндердің күші бірдей.
|
Қазақстан Республикасының Үкіметі үшін
Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі
____________Ғани Бейсембаев
|
Франция Республикасының Үкіметі Үшін
Франция Республикасының Еуропа және сыртқы істер министрі
____________Катрин Колонна
|