Балалардың қорғалу құқығы ҚР «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» Заңында бекітілген. Заң баланы ата-аналар (немесе оларды алмастыратын адамдар) тарапынан жасалатын қиянаттан қорғалуға құқығы туралы негізгі ережені және қорғауға өз бетінше жүгіну құқығын бекітеді. Сонымен қатар, осы Заңда баланың өміріне немесе денсаулығына қауіп төнгендігі туралы, оның құқықтары мен заңды мүдделерінің бұзылғандығы туралы белгілі болған ұйымдардың лауазымды тұлғалары мен өзге де азаматтардың бұл туралы қорғаншы және қамқоршы органға хабарлау міндеті көзделген. Қорғаншы және қамқоршы орган мұндай мәліметтерді алған кезде баланы қорғау жөнінде қажетті шаралар қолдануға міндетті. ҚР Заңына сәйкес баланың өз құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауға құқығы бар. Баланың құқықтары мен заңды мүдделерін қорғауды ата-аналар (оларды алмастыратын адамдар), ал кейбір жағдайларда қорғаншы және қамқоршы органдар, прокурор және сот жүзеге асырады. Баланың ата-аналары тарапынан жасалатын қиянаттан қорғалуға құқығы бар, ал 14 жасқа дейінгі бала оларды қорғау үшін қорғаншы және қамқоршы органға, ал он төрт жасқа толғаннан кейін сотқа өз бетінше өтініш жасауға құқылы.