
«Мектептер ынтымақтастығы – инновациялар зертханасы»
Осындай тақырыпта 2021 жылы 29 мамырда Сәтбаев қаласы Жетекші және серіктес мектептері форумы өтті. Мақсаты: қашықтан оқыту жағдайында Жетекші және серіктес мектептердің өзара қарым-қатынасының тиімді тәсілдерін анықтау. Форум пленарлық бөлімнен және 4 секциядан тұрды. Секциялар: Жаңартылған білім беру мазмұны жағдайында білім беру сапасын басқару» (директор орынбасарларының секциясы, модератор – Оразалина Ф.Т.); "Бағалауға арналған тапсырмаларды әзірлеу және сараптау бойынша мұғалімдердің жұмыс тәжірибесі"(модератор – Садуакасова Г.Б.); «Сабақты зерттеу» тәсілі мұғалімнің тәжірибесін жақсартудың тиімді тәсілі ретінде» (модератор – Кышамбаева Г.А.); «Тәрбие жұмысы жүйесіндегі инновациялық жұмыс» (модератор – Беисова Л.А.).
Пленарлық бөлімде қалалық білім бөлімінің әдістемелік кабинетінің меңгерушісі Д.С. Жолдыбаева магниттік мектептермен кәсіби ынтымақтастық арқылы әр педагогтің кәсіби құзыреттілігін дамытуға ықпал ететін жетекші мектептердің (С. Сейфуллин атындағы гимназия, Абай атындағы №4 мектеп-лицей, №16 жалпы білім беретін мектебі) қызметі туралы айтып берді. Сондай-ақ, ПШО-ның Қарағанды қаласындағы филиалының әдіскері Суртубаева Диана Алматовна "Мектепте оқыту сапасын жақсартудың он тиімді тәсілі" туралы айтып, қалыптасқан жағдайдағы мұғалімдер үшін өзекті мәселелерді жария етті. №1 мектеп-гимназиясының директоры Г.Т. Иманбаева-Қазбекова сөз сөйлеп, тыңдаушыларды оқушылардың білім сапасын арттыруда қолданылатын жаңа идеялармен, әдістермен таныстырды. Пленарлық бөлімнің соңында Жолдыбаева Д.С ПШО-ның Қарағанды қаласындағы филиалының директоры А.Ж. Егізбаевқа, әдіскер Д. А. Суртубаеваға, жетекші мектеп директорлары Г. К. Суюнжановаға, Г. А. Жаппасоваға, К. К. Смайловқа Сәтбаев қаласының білім беруді дамыту ісіндегі жемісті жұмысы үшін алғыс айтып, қалалық білім бөлімінің атынан алғыс хат табыс етті.
Екінші бөлімдегі секциялық жұмыстарға қаланың 256 мұғалімі қатысты. 25 мұғалім өз жұмыс тәжірибелерімен бөлісіп, қалалық білім бөлімінің сертификаттарын алды. Конференция соңында әр секция бойынша келесі оқу жылының алдағы істері бойынша шешімдер қабылданды. Қатысушылар форумның өзектілігі мен мазмұндылығын атап, осы іс-шараны ұйымдастырушыларға алғыстарын білдірді.